Бүгінде балалардың басым бөлігі смартфонға тәуелді. Әр ата-ана баласын қатарынан қалдырмау үшін өзі ішіп-жемесе де соңғы үлгідегі қымбат смартфонды алып беретіні түсінікті. Дегенмен осы уақытқа дейін әлеуметтік желіде қауіпті ойындар ойнап немесе пайдасыз парақшаларды қызықтайтын жасөспірімдер көбейді. Бір сөзбен айтқанда, қазір баланы әлеуметтік желі тәрбиелеуде.
Соның бірі – «TikTok» желісі. Ресми дерекке сүйенсек, әлем бойынша оның 800 миллионнан астам қолданушысы бар. Бұл елімізде балалар үшін де, ересектер үшін де кеңінен танымал. TikTok-тың трендке айналған бейнежазбалары – балалар мен жасөспірімдердің биі. Қысқа уақыт ішінде «жұлдыз» болғандар да бар. Біз айтып отырған «TikTok» желісіне әлемдегі көптеген ел тыйым салыпты. Ал біздің елде күннен-күнге тіркелушілер саны артып келеді.
Жақында осы мәселе төңірегінде депутат Нұртөре Жүсіп премьер-министр Әлихан Смайыловқа сауал жолдады.
– Біз ұлттық идеология мен ұлттық тәрбиеде үлкен олқылық жіберіп алдық. Мұны ашық мойындау керек. «Менің мемлекетім», «Менің Қазақстаным» деген отансүйгіш сезімді терең орнықтыру орнына, қалай да ақша табу, тез баю, тірліктің бәрін ақшамен өлшеу ұғымдарын алға шығардық. Бүгінгі жастар бабалардың «тәк-тәк» деген тыйымдарымен емес, «TikTok» арқылы тәрбиеленуде. Өз ордасын өзі ойрандайтын, бұл әрекет үшін бір сәт те ойланбайтын қаніпезерлік қайдан шықты? Әкенің сөзін баласы тыңдамайтын, қой дегенді білмейтін, үлкендерден ықпайтын, қыңыр ұрпақ неге көбейді? Елшіл, мемлекетшіл, ертеңшіл толқын қайда? Ұл-қызға дұрыс тәрбие бермесек, тұлға қалай шығады? Айтылған сөз сол жерде қалды. Сізден сол парламенттік тыңдау материалдарын Үкімет мүшелерінің бәріне таныстыруды, соларды жүзеге асыру үшін шұғыл әрекет етуді талап етемін», – деді депутат.
Қазір «TikTok» – 8-13 жастағы балалардың сүйікті мобильді қосымшасы болып тұр. Әсіресе карантин кезінде «TikTok-қа» тіркеліп, видео түсіргендер саны артпаса кеміген жоқ. Одан бөлек өзге де қолданушылардың жариялаған видеожазбаларын көріп, уақытының бәрін әлеуметтік желіде өткізетіндер көп. Ал сіз балаңыз «TikTok-та» не түсіріп жүргенін білесіз бе?
Бұл негізі 15 секундтық қысқа бейнекөріністер жасауға арналған қосымша. «AppStore» және «Google play» де ең көп жүктелген бағдарламалар тізімінде көш бастап тұр. Оны «ByteDance» қытайлық компанияның басшысы, 36 жастағы табысты кәсіпкер Чжан Иминг ойлап тапты. Ол оны «Доуинь» деп атаған, кейін «ТikTok» деп өзгертілді. 2016 жылдан бастап қолданысқа енді. Бүгінде оның байлығы 13 миллиард долларды құрайды. «TikTok» өкілдері Лос-Анджелес, Нью-Йорк, Лондон, Париж, Берлин, Дубай, Мумбай, Джакарта, Сеул және Токиода орналасқан. 2017 жылы TikTok Musical.ly қосымшасымен бірігіп, өз мүмкіндіктерін кеңейтті. Осы арқылы аудитория 1,2 миллиардқа дейін өскен.
Мұндағы қысқа бейнематериалдар ересектер арасында да танымал. Байқасаңыздар, 15-20 секундтық бейнежазбалардың қаралымы өте көп болады. Бір-бірін алмастыратын мұндай бейнематериалдарға барлығы да құмар. Әсіресе, балалар. Жасыратын несі бар, қазір барлық бала «TikTok-та». Онда түрлі бейнежазбаны қайталап, би билегенге мәз. Оған ата-аналары да риза болып, басқалармен бөлісіп, мақтанып жатқанын қайтерсің.
Десе де бұл танымал желі туралы жанжал да жоқ емес. Мәселен, 2018 жылы АҚШ-тағы қысқа бейне көріністерді алмасу қызметінде ата-анасының рұқсатынсыз, 13 жасқа толмаған балалардың заңсыз түрде деректерін жинады деп кінәлаған. Сөйтіп қызметкерлерге 5,7 млн доллар көлемінде айыппұл салынды. Ашық қолжетімділікте кәмелетке толмағандардың жеке ақпараттары – есімі, телефоны, нөмірі мен суреті болғаны хабарланған. Сондай-ақ 2019 жылдың желтоқсанында АҚШ билігі мобильдік қосымшаны қолданушыларға, әсіресе, әскери офицерлерге жеке ақпараттарын салуға тыйым салды.
Психологтардың зерттеуінше, балалар бәрін іштей қайталап, ойын ойнағанда да оны ішкі жан дүниесімен сезінеді екен.
– Балалардың бәрі мына шынайы өмір мен теледидар, интернет желісі, компьютерлік ойындардан көргендерін ажыратып, ненің не екенін нақты түсінеді деу жаңсақ пікір. Егер олар жақсы мен жаманды айыра білсе, ешқандай қындық туындамас еді. Мәселен, кітап оқымау, түн мен күнді ауыстырып алу, суицид, қоғамнан бөлектену, «ешкім мені түсінбейді» деген ойға келіп, жалғыздықты сезінбейді. Сонымен қатар теріс ағымдарға еліктеу және тағы басқа қауіп болмас еді. Бірақ қазір бұл жағдайдың барлығы көп балада кездеседі. Сондықтан әрбір ата-ана баласының болашағы жарқын болу үшін ұялы телефонға тәуелді қылмай, бірге серуендеп, жиі әңгімелесіп, баласына көңіл аударғаны жөн, – деді қалалық 3 емхананың психологы Назира Елупова.
Бәрін айт та, бірін айт қазір әлеуметтік желісіз күніміздің қалай өтетінін елестету қиын. Жастар түгілі үлкенді де әбден баурап алды. Тіпті тәуелдіміз. Ұялы телефонсыз таңымыз атып, күніміз батпайды. Әлеуметтік желіге кірмесек, бірдеңеден қалғандай бар ойымыз сонда тұрады. Мұны көрген бала қандай тәрбие алмақ. Сондықтан әрбір ата-ана әлеуметтік желіге тәуелділікті жоюды ең алдымен өзінен бастау керек. Сондай-ақ тым болмағанда айына бір рет ұялы телефонынын тексеріп, балаңыздың не көретінінен хабардар болып отыру қажет. Мәселен, дәл қазір сіздің балаңыз немен айналысып, қандай әлеуметтік желіге тіркеліп, не көріп жүр?
Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!