Жұма, 27 желтоқсан, 07:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Хакім Абайдың кітабы

09.09.2023

397 0

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Абай мұрасы музейде» атты шара өткізілді. Рухани шараның мақсаты – музей қорында сақталған қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың өлеңдерінің мағынасына мән беріп, маңызын саралау. Шарада музейде тұрған Абай Құнанбаевтың араб харпімен жазылған кітабы жайлы айтылды.
Бір қызығы, бұл құнды еңбек 1982 жылдан музей мұрасы болып сақтаулы тұр. Ешкімнің назарына іліне қоймаған кітапты музейге ардагер ұстаз Мыната Қалдыбаев тапсырған. Ол еңбек 2005 жылы қайта жаңғыртылса да, шаң басқаны болмаса, шашау шықпай жақсы сақталыпты. Бұл құнды кітапты музейдің ғылыми хатшысы Асхат Сайлауов тауып, көпшілікті тәнті еткен.
Жыр жинағын қазақшаға аударған өлкетанушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жұмабай Байзақұлы. Оның айтуынша, кітап ескіріп, кейбір беттері жоғалған. Бұл жинақта ұлы ақынның «Масғұт» поэмасы, 66 өлеңі мен аудармалары енген. Көнеден жеткен көркем туындыда ақынның «Бөтен елде бар болса», «Ішім өлген, сыртым сау», «Болыс болдым, мінекей», «Мәз болады болысың», «Білімдіден шыққан сөз», «Біреуден біреу артылса», «Заман ақыр жастары», «Қайғы шығар ілімнен», «Бойы бұлғаң», «Антпенен тарқайды» атты өлеңдері және табиғат, махаббат тақырыбындағы өлеңдері жарияланған.
Тағылымды шараға қатысқан «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбаев, «Әлімсақ» журналының бас редакторы Нұрлан Нұрмаханов, №271 мектеп директоры Данабек Жақсылықұлы ғасырдан жеткен асыл мұраны қазақшаға аударып, кітап етіп оқырман қауымға ұсыну жайлы бірқатар ұсыныс айтты.
Зиялы қауымды елең еткізген жиынға әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, түркітанушы ғалым Серікбай Қосанов онлайн қатысты. Түркітанушы ғалымның айтуынша, бұл кітап 1922 жылы қазақ баспасынан қазақ ақыны Бернияз Күлеевтің жинақтауымен жарияланған нұсқасы болуы мүмкін.
– Абай жинағының Қызылордада сақталуы қисынды. 1922 жылдан ұзамай, қазақ астанасы Ақмешітке қоныс аударды. Қызылорда алаштың рухани орталығына айналды. Сыр топырағында көп дүние жатыр, – деді С.Қосанов.
Шынында, ғалым сөзінің жаны бар. Сыр алаштың анасы болғаны тарихтан белгілі. Бір ғасыр бұрын баспадан шыққан жәдігер төңірегінде зерттеу жасалып, кітаптың қалың оқырман қауыммен қайта қауышатынына бек сенімдіміз.


Г. АСҚАРҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: