Жексенбі, 22 желтоқсан, 16:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Кіндігіңді кескен кім?

10.12.2022

788 0

Сурет ашық дереккөзден алынды

Қазақ халқының қадым заманнан бері қаймағы бұзылмай келе жатқан дәстүрлерінің мән-мағынасын ашып, болашақ ұрпаққа ұлықтау парыз. Мағынасына мән берсең назар аударарлық  дәстүріміз көп. Алайда олардың кейбірі жадымыздан жоғалып барады.

Қазіргі таңда балаға қаратып «Әкесінде, не шешесінде жоқ мінез осыған қайдан жұққан?» деген таңданысқа толы сөзді сәт сайын сіз де еститін боларсыз. Сосын ойланып қаласыз… Ал ата-әжеміздің көзі тірі кезінде бұл сұраққа жауап дайын тұратын. «Кіндік шешесіне аумай тартқан екен! Оның мінезі тура осындай ғой», – деп жататын жарықтық қариялар.

Бүгінде кіндік шеше мен кіндік кесудің жөн-жоралғысы естен шыққан секілді. Тіпті перзентханада баланың кіндігін де сұрамаймыз ғой. Ал ата-әжелеріміз сәбидің кіндігін үйіне алып кеткен. Шын­дығында, күні кешеге дейін қалың қазақы ауылда туған баланың кіндігін ырымдап жақсы-жайсаңдарға таңдап кестіретін.  Тіпті алдын-ала қалаған кісіге кіндік шеше боласың деп ескертіп қоятын болған. Дәрігерлер жарық дүниеге шыр етіп келген бала тәнін қолымен ұстап, кіндігін кескенде  сол адамның бойындағы биоөріс пен қасиеттерінің бір парасы нәрестеге даритынын жоққа шығармайды. Сондықтан қазақта бала кіндік шешесіне тартады дейтін ұғым бар.

– Ертеректе халқымызда келіннің бойына алғаш бала біткенде-ақ енелері нәрестеге «кіндік шеше» іздей бастаған. «Осы әйел пысық, қолынан келмейтіні жоқ», я болмаса «Ол тым жайбасар, бала соған тартып кетеді» деп, сәбидің екінші анасына айналатын кіндік шеше таңдауына аса зор мән берген. Көбіне жұртқа үлгі, кимешегін кір шалмаған ақ жаулықты аналар, алтын құрсақты отаналар кіндік шеше атанған. Халқымыз «дүниеге келген нәресте кіндігін кескен жанға ұқсайды» деген нанымға берік сенген.  Мұның мәні  зор, – дейді көпті көрген анамыз Есенкүл Оразәлиева.

Екі баланың анасы Эльвира Әбуова бұл дәстүрді жас келін атанғаннан кейін естіген. Содан сәбиіне аяғы ауыр болған ол кіндік шеше таңдап қойды.

– Ондай адамды  таңдауға ерекше көңіл бөледі. Кіндік шеше баласы бар төрт құбыласы мен ақыл-есі түгел, тәрбиелі, ел-жұртқа сыйлы адам болуы керек. Ал «кіндік кесудің маңызы зор» деп ақ жаулықты аналардан естігенім бар. Кіндік кескен адамның қасиеті сәбиге жұғатындығы айтылады. Сондықтан арнайы кіндік шеше дайындап қойдым. Отбасында үлгілі келін, жұмысында бе­делді қызметкер құрбымды таңдадым. Балам оған ұқсаса жаман болмасы анық деп ырымдадым, – дейді ол.

Сәби сүйіп, ана атану – әр әйелдің басты арманы. Оны тоғыз ай құрсағында көтеріп жүргенде әйел ертеңгі күні жанына медеу, қолғабыс болар жанды іздейді. Қазіргі уақытта кіндік шешенің міндетін дәрігер-акушер атқарады. Бүгінде перзентханаларда еркіндікке жол берілген. Жас келіндер кіндік кесудің мән-мағынасына үңіліп жатпайды. Сәбиінің кіндігін кім кесті және оны қай жерге тастағанында шаруасы жоқ. Алайда балаға қатысты ырымның бәрінде кемелдік  пен тереңдік жасырылған. Бұл дәстүрді жасарда назарда ұс­тайтын жайттар да кездеседі.  Мәселен, ұл бала дүниеге келсе, кіндігін «қайда жүрсе де, аман болсын» деген ниетпен үйден жырақ жерге көмген. Қыз өмірге келсе, «ұялы болсын» деген ақ тілекпен кіндігін үйдің босағасына көмген.

Бала – біздің өміріміздің жалғасы, ұрпағымызды жалғастырушы. Сон­дықтан өз перзентін келешек ғұмыры үшін жақсы тәрбие беру әр ата-ананың парызы. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді халық даналығы. Олай болса, перзентханадағы кіндік шешелерді таңдай білгеннің де маңызы бар секілді. Осыған бір сәт назар аударатын уақыт келді. Баланың кімге ұқсап, қандай адам болуының жауапкершілігін ата-ана арқалайды емес пе? Демек, ұрпақ болашағына селқостық танытуға әсте болмас….

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: