Сенбі, 21 желтоқсан, 22:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Күміс көйлек

13.08.2023

1154 0

Әлемді махаббат құтқаратынына сенім мол. Себебі әйел мен әлемнің байланысы, өзара ұқсастығы – тылсым мен тыныштық. Біз күткен аяулы сезімдер, жылы сөздер сол тыныштықтың кепілі іспетті…

Лондон көшесінде қол ұстасып келе жатқан Чад пен Лора үнсіз ойда. Айға жуық уақыт кешіккен пәтер ақысы, коммуналдық төлем, нағашы Эслиден алған қарыз қайсысының да көңілін алаң қылған. Лора үнсіздікті бұзып, жауыр болған тақырыпты қозғауға оқталғанымен, күйеуінің қандай жауап қатарын сезіп-ақ тұр. Оның үстіне Чадтың бір аптадан соң Францияға оқуға кетемін деген ниетін қоштамағаны әңгіменің ақыры неге соғарын аңғартқан секілді. Екеуара үнсіздікке себеп болған да – ұрысқа ұласқан талқы-тұғын. Сондықтан ең дұрыс шешім үнсіздік.

Көңілі түскен Лора аяқ-киім жөндеу шеберханасынан өте бере кілт тоқтады. Жуырда шеберхана жанында сәнді киім дүкені ашылған. Жаңа топтама келгенге ұқсайды. Лораның көңілін аударған да осындағы жаңалық – күмістей жарқыраған көйлек. Кең етек, жағасы бедерлі. Құны 3 мың доллардан кем емесі сөзсіз. Құдды қуанышты күнге киюге жаралғандай. Ертең отасқандарына жыл толарын есіне алған ол арман құшағында. Жақын-жуық, дос-жаран арасында күміс көйлекпен айнала билегенін елестетіп, қиялға ерік берді. Қолында – жауқазын, үстінде – көйлек, жанында – Чад. Бұндай бақытты сәт көпке дейін есінен кетпес еді. Дегенмен тұрмыс орайы ыңғай бермесін сезгесін шындық көшесіне күрсіне аяқ басты.

Чад жанындағы әйел назарын, арман-тілегін іштей ұққанымен дым білдірмеді. Оның өз уайымы, арманы бар. Лорамен бас қосқалы, асқақ арманынан бас тартып, үй қамымен Лондонда қалды. Екеуі кездескелі күнде тәтті шоколад, шоқ гүлдер үзілген емес. Ұшақ моторын шығаратын зауытқа жүк тасушы болып орналасуына да отбасын асырау қамы итермелеген. Францияға аттанып, ұлы суретші боламын деген арманын жанындағы арудың қуанышына айырбастағанына өкінбесе де, уақыт өткізіп аламын деген үрей бар-тын. Сол үрейді ауыздықтау үшін биыл Сорбоннаға құжат тапсырып, кетуге бейіл. Азын-аулақ жиған қаржысымен амалдап Парижге жетсе, артынша күнелту қамын табатынына сенімді. Әйткенмен, арман маза бермей, аяқ тартуға уақыт қыспақта.

Лора болса, ел асып, жаңа өмір бастауға жүрексінуде. Чадтың ашу үстінде айтқан сөздері мен «Қаласам, ертең-ақ сенсіз кетемін» деген реніші ауыр тиді. Екеуі де кикілжіңнің негізгі себебі осы келіспеушіліктен туындайтынын сезіп жүр.

Ерлі-зайыпты үнсіздік құшағында үйге қалай жеткенін аңдамады. Соңғы жанжалдан көңілі суыған Чад күндегі әдетінен айнып, жатарда әйелінің бетінен сүймеді. Іштей райынан қайтуға тырысқанымен, бірбет­кей мінезі мүмкіндік берер емес. Арпа­лысқан ой жете­гінде ұйқы да кеш келген…

Лора әдеттегіден ерте оянды. Күндегідей емес, жан-жағы ерекше жайнай, күн шуағы сәулесін еселегендей. Бүгін ренішті ұмытып, кешірім сұрауға бекігеніне іштей риза. Келісіп шешуге, Парижге бірге баруға ықыласты екенін айтуға бел буған. Дегенмен үнсіздікте ұзақ жатып, сүйген жары – Чадтың жанында жоғын кеш аңғарды. Таңғы асқа түскен болар деп ойлағанымен, асүйден үн шықпағалы біршама уақыт. Күтуден жалыққан ол асүйге барар жолда бөлмелерге бас сұғып шығуды ұмытқан жоқ. Ауланы да адақтады. Таппады.

Чадтың үрейлі сөзі расқа айналып, жалғыз қалдырып кеткенін түсінгендей. Біразға дейін абдырап, не істерін білмеді. Таңданыс, таңданыс артынан қорқыныш, қорқыныш ізінен ашу келіп, көңілі толқуда. Өмірін жауапсыз жанмен қосқанына налып, өзін қоярға жер таппады. Көзден жас тоқтамай, көңілі аладауыл. Көрінген жиһаз бен ыдысты төңкеріп-қиратып ашуын шығаруға тырысқанмен, нәтиже жоқ. Өксігін баса алмаған қалпы, керуетке сұлық түсті.

Реніш пен ашу арасында көзі ілінген Лораны есік қоңырауы қайта оятты. Чад шығар деген үміт­пен жүгіре жетіп, есік ашуға оқталған. Қызығы, есікке же­тем дегенше сан ой­ға берілді. «Қалай кешірім сұраймын?», «Неге оралды?», «Мәселені қайтіп оңалтамыз?» деген ойлар он-он бес қадамда шыр айналды. Не де болса, сөйлесе шешермін деген ынтамен есікті жай ашты.

Алайда арғы беттен пошта хат таратушысы ғана көрінген. Үй егесінің жылай-жылай ісінген көзін, домбыққан бетін көрген пошта қызметкері қолайсыз ыржиып, оның қолына хат ұстатты. Көңілі түскен Лора хат таратушымен құлықсыз қоштасып, біраз тұрды. Сосын көңіл аудармастан қағазды кіреберіс үстелге лақтыра салды. Кезекті коммуналдық төлемнің ескертпе хатына балап, бөлмеге беттеген. Тағы да өкініш, тағы да көз жасы…

Сәлден соң мұң құшағында жатқан Лора өзіне таныс үн естігендей болды. Чадтың дауысы. Алғашында, мүмкін, сағыныш елесі, ой алдауы болар деп мән бермеген-тұғын. Алайда секунд сайын жақындай түскен адам дауысы мен аяқ дыбысы күмәнді сейілткендей. Көп өтпей:

– Лора! Лора! Қайдасың?! – деп алқына жеткен Чадты көрді. – Үйге не болған? Бәрі дұрыс па? – деп сұрақты үстемелеген күйеуіне сұраулы жүзбен қарап, құшақтай жөнелді.

– Сені… Сені кетті деп ойладым, жоқ деп ойладым. Тастады деп…– қапсыра құшақтаған қалпы ойындағы сөзін жүйесіз, асыға айтты. Лораның жылаған түрінен, өксікті үнінен мән-жайды түсінген Чад үнсіз жарының шашынан сипады.

– Лора, сені қалай тастайын? Қайда кетейін?! Ешқашан ондай қадамға бармас едім. Болды, жылауды доғар. Көрдің бе, саған сыйлық әкелдім, – деді, аз да болса көңілін көтермекке күлімсіреп.

– Сыйлық? Не үшін?

– Бүгін отбасын құрғанымызға бір жыл емес пе? Сол үшін…

Лора қолына ұстатқан қорапты сипалап, салтанатпен ораған бауды асықпай шешті. Байқаса, қорап ішінде көйлек. Кеше көрген қымбат та сәнді көйлек. Күмістей жарқыраған кең етек, жағасы бедерлі көйлек. Армандаған көйлек…

Қуаныштан Чадтың мойнына асылған Лора таңдаудан жаңылыспағанын, бәріне әзір жанның жанында жүргенін іштей сезді. Тіпті тұрмыс ауыртпалығын сезіне жүріп, қымбат көйлекті сыйға тартқанын ойлап, қуаныштан гөрі аяныш, екеуіне деген аяныш сезімі қылаң берді.

Ал үстел үстінде жылдық сыйақы салынған хат қос ғашықты күтіп жатты.

Джон БОЙН,

Ирланд жазушысы

Түпнұсқадан еркін аударма жасаған Берен ШАҒЫРОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: