Жұма, 19 сәуiр, 20:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Майдангер жолы

03.05.2022

1097 0

Отан қорғау – ер азамат борышы. Иығына қару асынып, ел шетін жау баспасын деп шепте тұратын да сол жауынгерлер. Сонау Қайғы-қасіретке бөлеген Ұлы Отан соғысында ерлік көрсетіп, жеңісті жақындатқан батыр тұлғалардың үлесін бүгінде ешкім жоққа шығара алмайды. Елде қалып, күні-түні тылда еңбек еткен жандардың өнегесі де ерек. Сол кезеңде майдан даласынан қан кешіп келген әрбір азаматтың мұраты асқақ, арманы биік болды. Бейбіт күнде бәсі биіктеп, тыныштықты сақтауға, негізгі кәсібіне қайта оралуға күш салды. Мақаламызға арқау болған Жәуітбек Мұсаев да майданға аттанып, оқ пен оттың арасында жүріп, сұрапыл ұрыстарға кірген жанкешті жауынгер еді.

Жәуітбек Мұсаев 1924 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданына қарасты №1 Майлыбас ауылдық кеңесінің «Кеңтүп» елді мекенінде дүниеге келген. 1942 жылға дейін Қазалы қаласындағы №17 қазақ орта мектебінде 10 сыныптық білім алып, сол жылы қыркүйек пен желтоқсан айы арасында Майлыбас станциясында толық емес орта мектебінде мүғалімдік қызмет атқарады. Алайда ұстаздық жолын бұдан әрі жалғастыруға мүмкіндік болмайды. Оған себеп – қанды майдан. Осы тұста қанқұйлы соғыс басталып, небәрі 18 жастағы Жәуітбек Кеңес әскері құрамына шақыртылды. Көп өтпей қатардағы жауынгер болып, майданға аттанған.

Ол әскерге аттанған соң майдан шебіндегі көптеген ұрысқа қатысты. Неміс басқыншыларымен кескіліскен шайқаста түрлі жағдайды бастан өткеріп, гвардиясымен Балатон өзенінің маңында фашист басқыншыларын ойсырата жеңеді. Әскер сапында жүріп, Венгрия, Австрия, Чехословакия жерлерін жау қолынан азат етуге атсалысты. Алайда 1945 жылы Польша астанасы Варшаваны азат ету үшін болған шайқаста оқ тиіп, ауыр жарақат алады. Сөйтіп сол жылдың аяғында әскери борышын өтеп, елге оралады.

1945 жылы туған жерге қайта табан тіреген Жәуітбек Мұсаев Қазалы аудандық мәдениет бөлімінің инспектор қызметіне сайланады. Бұған дейін ұстаздық жолдың тәжірибесінен өткен оған бұл жұмыс әсте қиындық тудырмайды. Білімі мен білігін шың­даудан жалықпаған ол 1947-1952 жылдар аралығында Алматы зооветеринарлық институнын бітіріп, зоотехник маман­дығын алып шығады.

Институт қабырғасында білім алған жас маман Қазақ ССР совхоздар министрлігінің жолдамасымен Сырдария совхозына бас зоотехник болып орналасып, қызмет атқарады. Осы тұста аталған орынға талаптанушылар аз болған жоқ. Алайда ауыл тұрғындары бұрын-соңды таныс болмаса да сөзі мен ісі үйлескен, салмақты, қимылы ширақ, жігері мен ұмтылысы сезілген жасты таңдайды. Жүрген жерінде адал қызмет етіп, елдің батасын алған ол бұдан кейін де бірнеше қызметтің тізгінін ұстады. 1957 жылдың алғашқы алты айында облыстық кеңшарлар басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарған. Осы жылдың ортасында облыстық ауылшаруашылық басқармасы құрылуына байланысты Шиелі ауданы, Тартоғай Қаракөл кеңшарына директор болып тағайындалды. Елдің мұң-мұқтажын айтып, қоғамдық өмірде де өзін жақсы қырынан көрсеткен ол  бұл қызметте 1965 жылдың соңына дейін отырады.

Кеңшарды тоғыз жылға жуық басқар­ған кезінде шаруашылықта бұрын орын алған кемшіліктерді жою, еңбек тәр­тібін күшейту тағы басқа шаруаларды біліктілікпен жүзеге асырды. Шаруашылық дамып, алдыңғы қатарға шықты. Осы жылдары тәжірибелі басшы тұрғындардың еңбекпен қамтылып, ортақ мүддеге жұмыс істеуін негізгі бағдар етіп ұстанды. Ең бастысы, тұрғындармен араларында жақ­сы сыйластық, құрмет орнады. Мұндай жағдайда жұмыстың да одан әрі жандана беретіні белгілі ғой.

Осылайша ел ішінде жүріп, қоғамдық өмірге етене аралқан ол елдің мәселесін айту да һәм шешу де бұғып қалған емес. 1958-1965 аралығында Шиелі аудандық партия комитетінің мүшесі, бірнеше дүркін Шиелі аудандық атқару комитетінің депутаты, Тартоғай және Алға ауылдық Кеңесінің депутаты болғанда да іскерлігі мен біліктілігін көрсетіп, халықтың пайдасына жұмыс істеді. Одан кейінгі уақыттарда, нақтырақ айтсақ, 1965-1971 жылдары облыстық Госплемстансиясында директор қызметін абыроймен атқарды. Ал 1971-1974 жылдары осы мекемеде бас зоотехник қызметінде болып, содан зейнетке шық­­қанша Қызылорда қаласындағы Машина сынау станциясында зоотехник-селек­ционер болып жұмыс атқарған.

Жәуітбек Мұсаевтың ең әуелі майдан шебіндегі ерлігі, сонан соң тынымсыз еңбегі әр тұста мемлекеттік марапаттармен аталып өткенін айтпай кету мүмкін емес. Соның ішінде жоғары дәрежелі марапаттарын жеке-жеке атап айтсақ, «ІІ дәрежелі – Орден Великой Отечественной войны 1941-1945 г.г.», «Еңбек ардагері», «Ауылшаруашылығын өркендетуге еңбе­гін бағалау» грамотасы, Машина сы­нау станциясының Құрмет грамотасы, «В.И.Лениннің туылғанына 100 жылдық» мерекелік медалі және Ұлы Жеңіске 30, 40, 50, 60, 70 жыл медалдері. Расында батыр тұлғаның осынау кеудесіне таққан медальдары, алған Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары – ерлігі мен тынымсыз жұмыстарының жемісі.

Иә, батыр тұлғаның қанға бөккен майдан даласындағы ерлігі ұшан-теңіз. Ал соғыстан кейінгі еселі еңбегі ел есінде. Жәуітбек Мұсаев отбасында да үлгілі әке болды, балаларына жақсы тәрбие берді. Құдай қосқан қосағы Фатима Мұсаева екеуі бес ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Батыр өмірінің соңғы жылдары табиғаты талайды тамсандырған Көкшетауға, нақтырақ айт­сақ, Бурабайға қоныс аударды. Содан біршама жылдан соң науқастанып, сонда көз жұмды. Кейін жары Фатима да араға біршама уақыт салып бақилық болды. Бүгінде батырдың артында оннан аса немересі, 7-8 шөбересі қалды. Жақсының соңында қалған алтынның сынығындай балалары қазіргі таңда Қазақстанның әр түкпірінде әр саланың тізгінін ұстап, әке жолын жалғап, абыройлы қызмет етіп жүр.

Сонау қанқұйлы шайқаста жан беріп, жан алысып, жеңісті жақындатып, ұр­пағына бейбіт күн сыйлаған Жәуітбек Мұсаев жайлы тереңнен қозғап, әлде де көп дүние айтуға болады. Қайталанбас ерліктері кеудесіне талай төсбелгі тағып, соғыстан кейін де елге адал еңбегі сіңген, әр ісін тиянақты атқарған оның жолы қазіргі жас буынға үлгі. Қазақтың әрбір баласының бойынан көруге ұмтылатын асыл қасиеттер оның бойынан табылды. Өмірлік ұстанымдары мен ғұмыр жолын ел тарихының бетіне таңбалаған батырдың есімі мәңгі жасайды.

Ақтілек БІТІМБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: