Жексенбі, 22 желтоқсан, 22:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Отан деп соққан жүрек

16.01.2024

544 0

Өзінің қызмет бейініне сай Қазақстан Республикасы Президентінің архиві саяси, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің құжаттарын жинаумен, сақтаумен

1998 жылдан бастап айналысып келеді.

Қазақстан Республикасы Президенті архивінің қор құрушыларының қатарында Жамалбек Шәймерденов те бар. 2013 жылдың 30 қаңтарында Меңдіғаным Жамалбекқызы архив басшылығымен келісімге келіп, әкесінің құжаттарын мемлекеттік сақтауға өткізді. Жамалбек Шәймерденұлы Шәймерденовтің 1939–2013 жылдар аралығындағы құжаттары қабылданды. Оның қатарында: Ж. Шәймерденовтің жеке ісі, өмірбаяны, еңбек кітапшасы, жұмыс орнынан анықтамалар, Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының «Ж.Шәймерденовті Шу ауыл шаруашылығы инспекциясының бастығы етіп тағайындау туралы» бұйрығы сияқты еңбек жолын айғақтайтын деректер бар. Сонымен қатар «КСРО халықтық бақылау органдарындағы белсенді қызметі үшін құрмет белгісімен марапатталғандығы  туралы куәлігі, кеңестік органдардағы ұзақ жылдар бойғы адал жұмысы үшін берілген Қазақ КСР, БЛКЖО ОК Құрмет грамоталары қабылданды.Қазақстан КП Орталық Комитетінің пленумдарына рұқсатнамалар (пропуск), ресми, одақтық, республикалық, халықаралық деңгейде өткізілетін іс-шараларға КОКП ОК, КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының, Алматы қалалық партия комитетінің шақырулары жинақталған. Ж.Шәймерденовтің жеке қорындағы эпистолярлық деректер де оның еңбек жолын көрсетуге бағдар береді. Түрлі жиналыстарға, мәжілістерге, ресми іс-шараларға шақырған Қазақстан КП ОК, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің үкіметтік жеделхаттары оның қызметінен хабардар етеді.

Жеке қордың басым бөлігін Ж.Шәймерденовтің түрлі ресми іс-шаралар мен отбасылық мерекелер, салтанатты жиындар барысында түскен суреттері құрайды. Олардың қатарында Д.Қонаев, А.Асқаров, Х.Бектұрғанов, А.Рамазанов секілді басқа да республиканың дамуына үлес қосқан ресми тұлғалармен қатар А.Әшімов, К.Кенжетаев, Б.Төлегенова сынды өнер серкелерімен түскен суреттерін  атап өтуге болады. Одақтық, респуб­ликалық ресми іс-шаралар барысында түскен суреттерінің ішінде әлемнің тұңғыш ғарышкері Ю.Гагаринмен, ғарышкер Н.Волковтың әкесімен бірге түскен және т. б. бейнелері тарихи кезеңнің көрінісін береді.

Жеке қордың құрамына отбасы мүшелері оның жұбайы Әлипа Түсіпбекқызы Шәймерденованың 1939-1981 жылдар аралығын қамтитын құжаттарын да өткізген.

1980-2013 жылдар аралығында бұқаралық ақпарат құралдарына жарияланған түрлі автор­лардың Ж.Шәймерденов туралы естеліктері, мақалалары мен сұхбаттарын отбасы мүшелері мұқият жинақтап, мемлекеттік сақтауға өткізді.

Ж.Шәймерденовтің «Южный Казахстан» газетіне жарияланған «Благо народа – высшая цель» деп аталатын, XXIV облыстық партия кон­ференциясында жасаған баяндамасы орын алған. «Южный Казахстан» газетіне жарияланған оның суретінің астына мынадай түсініктеме берілген: «Космос кеңістігін игерудің тарихында алғаш рет үш пилоттық «Союз» 7 кеңес ғарышкері жерді айнала ғарыштық кеңістікте өмірде болмаған топтасқан түрдегі ұшуды жүзеге асырды. Космонавтика саласындағы үздік жетістік кеңестік ғылым мен техниканың жоғары деңгейінің, кеңес халқының шығармашылық мүмкіншілігінің тереңдігінің  жаңа дәлелі болып табылады. «Космос» павильонына саяхат жасауға Мәскеу облы­сындағы кәсіптік-техникалық  училищелердің бірінің оқушылары. КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне Шымкент облысынан келген қонақтар, «Космос» павильонында болып «Союз-7» жаңа ғарыш кемесінің ұшырылғандығы туралы білді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Шымкент облыстық атқару комитетінің төрағасы Жамалбек Шәймерденов мәскеулік журналистерге: «Шымкент облысының еңбекшілері біздің Отанымыздың ғарышты игерудегі жаңа жетістіктеріне өте қатты қуануда» деді. Мәскеу қаласындағы штаттан тыс тілші Д.Черновтың фоторепортажы осылай сыр шертеді.

Бұқаралық ақпарат құралдарына жарияланған мақалаларда Ж.Шәймерденовтің кісілік келбеті, қайраткерлік қарымы, азаматтық айдыны мен қызметіндегі адами астар беріледі. Ө.Ақжігіттің «Ұлысқа ұстын болған азамат», Л.Ковалеваның «Остался в памяти народной» мақалалары, замандас әріптесі А.Костиннің, Қ.Ержановтың газет тілшілеріне берген сұхбаттары, «Дөңгеленген дүние» газеті бір бетті Ж.Шәймерденовтің 85 жылдығына арнаған. Бұл бетке Д.Бопованың «Кешегідей көз алдымда», Қ.Айтахановтың «Асыл аға, текті азамат», Н.Әжімбетовтің «Сыйлы азамат» атты естелік әңгімелері, Сержан Шаймерденовтің «Ұлықтап ұшқан ұямды» атты арнау өлеңі, «Бейне-мұра» айдарымен суреттері жарияланған. Өзі туған өлкесінен шығатын «Отырар алқабы» газеті де 80 жылдығына орай «Ер қайда Жамалбектей елді ойлаған?!» тақырыбымен Ә.Белгібайдың мақаласын жариялаған. Онда Ж.Шәймерденовтің анасы Балкүлдің, Д.Қонаевпен бірге егістік алқабын аралап жүрген сәтіндегі, А.Асқаровпен Мәскеудегі Съездер сарайында түскен суреттері берілген. Сонымен қатар осы газет бетінде Ә. Қалыбекованың «Жамалбек ағамызға», Б.Сұлтаевтың «Ел үшін туған ер еді» атты арнаулары берілген.

Қазақстан Республикасы Президентінің архивінде Ж.Шәймерденовтің жеке ісі.  сақталған. Іс 1952 жылы 15 қазанда басталып, 1988 жылғы 19 желтоқсанда аяқталған. Барлығы 78 құжат тізімдемеге алынған. Олардың қатарында 1952, 1962, 1972  жылдары өз қолымен толтырылған өмірбаяндар, жоғарғы билік органдары берген  жеке іс парақтары,  қызмет бабымен дайындалған қаулылар, өмірбаяндық анықтамалар, мінездемелер бар.

1952 жылғы 15 қазанда толтырған жеке іс парағында қызметтік жолы мен алған білімі туралы мәліметтермен қоса  отбасылық жағдайы туралы да баяндайды.  Сол жылғы жазған өмірбаянында: «Мен 1928 жылы Оңтүстік Қазақстан болысы, Шәуілдір ауданы Ногина атындағы ұжымшарда тудым. Менің әкем Шәймерден Нарбеков 1929 жылға дейін жеке орта шаруа болған. 1929 жылы ұжымшарға мүшелікке өтті, 1930 жылдан 1935 жылға дейін Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент ауданы Сталин ұжымшарының төрағасы қызметін атқарды. Әкем 1935 жылы қайтыс болды. Естуімше, менің атам Нарбек бай болған көрінеді. Әкемнің інісі Сәбденбек 1938 жылы 10 жылға сотталған» деп көрсетеді.   Әкесінің бай болғандығы жөніндегі дерек кейінгі жылдары (1962,1972) жазған өмірбаян­дарында қайталанбайды. Заман талабы солай ма?

1965 жылы 9 шілдеде Қазақстан Коммунистік партиясы Шымкент облыстық партия комитетінің ІІІ пленумы Еңбекші депутаттары кеңесінің Шымкент облыстық атқару комитетінің төрағасы болып сайлануына байланысты обкомның екінші хатшысы қызметінен  босатады.

Ж.Шәймерденов бұған дейін 29 маусымда Қазақстан КП ОК хатшысы Д.Қонаев қол қойған қаулымен аталған лауазымға бекітілген болатын.

Оған берілген мінездемелерде: «…тәжірибелі қызметкер, ауыл шаруашылығы өндірісін жақсы біледі, облыстың экономикасы мен мәдениетін одан әрі көтеруге қамқорлық жасайды, сауда, денсаулық сақтау, халық ағарту мәселелеріне көп көңіл бөледі. Облыстық партия комитеті бюросының мүшесі ретінде белсенді, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып табылады» деген бағалар берілген.

Облысты 18 жылдан астам уақыт басқарған Ж.Шәймерденов туралы замандастары, әріптестері, шәкірттері өз естеліктерімен бөліседі. Шәкірттерінің бірі Қ.Айтахановтың ұйымдастыруымен жарыққа шыққан «Дара тұлға» естеліктер жинағына  66 естелік әңгіме, 11 арнау өлең топтастырылды. Елімізді басқару ісіне араласқан Ш.Жәнібеков, Б.Рамазанқызы, Д.Бопова, А.Шаля, А.Костин және т. б. мемлекет және партия, кеңес қызметкерлерімен қатар М.Байғұт, Қ.Ергөбек, Ә.Қалыбекова, Н.Сүлейменов сынды әдебиетші, ақын, ғалымдар, балалары мен немерелері, туыстары да жылы лебіз­дерін, естелік әңгімелерін ортаға салған.

Оның жасаған жақсылықтарын тізбелей ай­тылған еске алулар түрлі сипатта өрілген. А.Костин өз естелігінде: «Турасын айту керек, өз өткенінің зердесі, Қазақстанның өткен тарихы ретіндегі мұраны қайтару, Қожа Ахмет Яссауи ұлттық музей кешені­не қолдау жасау мен құру жұмыстары Жамалбек Шәймерденұлының басшылығы кезінде қолға алынды. Темір жасатқан қазанның Ленинградтағы Эрмитаждан Ясауи музей-кешеніне қайтару туралы ұзаққа созылған эпопеямен Ж.Шәймерденов пен А.Асқаровтың тапсырмасы бойынша КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттарымен бірге Бопова Дүйсенкүл Бопықызы айналысқан еді» деп еске алады.

«1970 жылы Өзбекстанға берілген Жетісай, Мақтарал, Киров аудандары Қазақстанға қайтарылып берілді. Үш аудан комиссиялы түрде қайтып алынды. Жамалбек Шаймерденұлы осы үш ауданның қайтып алу рәсімделуінің басы-қасында болды. Осы уақыт ішінде Жамалбек Шәймерденұлымен тіл табысып, ол кісінің қабақ шытқанын бірде-бір көрген емеспін. Жамалбек Шәймерденұлы сегіз қырлы бір сырлы жан еді»деп естелік бөліседі оның қызметтестерінің бірі Ж.Әсілов.

1983 жылы 1 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Қазақ КСР Халықтық бақылау комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып бекітіліп, Алматы қаласына қоныс аударды.

Елден астанаға қоныс аударған Ж. Шәймерденов енді республикалық деңгейдегі іс-шараларға қаты­сып, жаңа саланы басқаруға кірісті. 1987 жылғы 7 қаңтардағы мінездемеде оның жұмысына төмен­дегідей сипаттама беріледі. «Ж.Шәймерденов өзіне тапсырылған бөлімде істі ұйымдастыра алады, адамдарды алға қойған мақсатқа қол жет­кізуге жұмылдыра алады. Қызметтік міндеттерін орын­дауда адал. Адамдармен қарым-қатынаста қара­пайым, комитет белсенділері мен қызметкерлері ара­сында құрметке ие. Сынды дұрыс қабылдайды», – делінген міннездемеде.

1985 жылғы бас хатшы М.Горбачев алға қойған қайта құру мен жаңару саясаты біздің кейіпкерімізді де айналып өтпеді. Бұған дейінгі мінездемелерде тек жақсы жағынан көрінген оған төмендегідей ескерту жасалады: «Сонымен қатар Ж.Шәймерденов республика­ның Халықтық бақылау комитетінің жұмысының мазмұны мен стилін қайта құруға, КОКП ОК сәуір (1985) пленумымен  партияның XXVII съезінің  бақылау жұмыстарының одан әрі жетілдірілуі жөніндегі шешімдерін жүзеге асыруға әлі де болса босаң қарайды». Халықтық бақылау жұмысының конституциялық негізін, рөлін және қызметіне тереңірек зерттеу, жаңа  қағидаларға өзінің жеке қарым-қатынасын қайта құруға назар аудару және т.б. кемшіліктер айтылды. Желтоқсан ызғарының лебі есті, елде жаппай тазалау жұмыстары жүргізіліп жатты.

Жеке істің қасаң мәліметіне сүйенсек, Ж.Шәймерденов – «Ленин» орденінің, бес рет «Еңбек Қызыл ту» орденінің, «Халықтар Достығы», «Құрмет белгісі» ордендерінің, көптеген медальдардың иегері.

«Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» дегенді айтқан Әлихан Бөкейхан.Қазақтың сайын даласы, тұлғаларға кенде емес. Құнарлы топыраққа тамырын тартқан алып бәйтерек саясын көпке түсіреді. Кеңестік билік тұсында басы дауға қалып, қызметімен қош айтысқан нар тұлғалар Ж.Шаяхметов, Ж.Тәшеновтер Алматыда қалуға мүмкіндігі болмай қалған кезде оңтүстікке баруды, сол жерде қызмет жасауды сұраған көрінеді. Қаймағы бұзылмаған қалың қазақ арасындағы қадірін түсінетін жанның көп екендігіне олардың көзі әбден жеткен болуы да. Жамалбек Шәймерденов тұтқасын ұстаған қызмет (облыстық атқару комитетінің басшысы) кезінде Ж.Шаяхметов пен Ж.Тәшеновтен мұраға қалған еді. Ж.Тәшеновпен бірі басшы, бірі орынбасар ретінде жақын араласқан болуы да бек мүмкін. Алдыңғы толқын ағалардың елдік, даналық қызметін заңды жалғастырушысы, түрі ұлттық, мазмұны социалистік қоғамда өзіндік бет-бейнесін сақтап қалу жолындағы үрдісті алға апарушы, дамытушы ретінде қарастырған жөн секілді.

Әлия Сүлейменова,

Қазақстан Республикасы Президенті архивінің аға сарапшысы, т.ғ.к.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: