Жексенбі, 22 желтоқсан, 10:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Қандай кітап оқимыз?

04.06.2022

1883 0

Биылғы жазда 92 күн бар. Аз болып көрінгенмен, уақытты дұрыс пайдалана білген адамға бұл зор мүмкіндік. Жазғы каникулды тек демалысқа арнамай, білімге де уақыт бөлген дұрыс. Мысалы, адам орташа есеппен 1 минутта 200 сөз оқиды екен. Демек күн сайын 2 сағат уақытыңызды арнасаңыз 12 000 сөз оқисыз.

Кітап оқуды әдетке айналдыру маңызды. Себебі интеллегентті адам қашанда білім, ақыл мен парасатты кітаптан алады. Бұл – факт. Ал оқу дағ­дысын ерте жастан-ақ қалыптастырған дұрыс. Сондықтан біз бүгін балаларға оқуға болатын кітаптар тізімін ұсынып отырмыз.

Әдебиет әлеміне жол сілтейтін бірден-бір туынды – Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасы. Бала кезден теледидардан көрген сотқар Қожа туралы повесть 1957 жылы жазылған. Қазақ балалар әдебиетінің озық туынды­ларының бірі саналатын повесть орыс, украин, француз, литва, латыш, өзбек тілдеріне аударылды. Ал біздің көріп жүрген фильмді 1963 жылы «Қазақфильм» киностудиясы жарыққа шығарды.

Повесьте кішкентай Қожаның мектеп жасындағы бастан кешкен әр түрлі қызықты оқиғалары баяндалады. Ол қанша бұзықтық жасаса да жақсы адам болуға талпынысы бар. Өзінің жасаған бұзықтығының бәрі әкесіз өскендігінен деп ойлайды. Қожа өзінің мінезін, тәртібін өзгертуге тырысады. Көркем туындыда Қожаның балалық махаббаты да үлкен рөл ойнайды. Ол сыныбындағы үлгілі, тәртіпті әрі сабағын үздік оқитын Жанар деген қызды жақсы көреді. Тіпті кей кездері Жанарға арнап өлең де шығарады. Жанарды үнемі көргісі келіп тұрады. Сонымен қатар Қожа жазушы болуды армандайды.

Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» әңгімесі – адам мен табиғат арасындағы байланысты көрсететін шығарма. Бұл әңгіме 1929 жылы жазылған. Реалистік әдебиет дәстүрі тудырған мотивтерді шеберлік палитрасындағы саналуан бояулар мүмкіндігін өз мұратына орай өнерпаздықпен жаңғырту арқылы жа­зылған жаңа тынысты әңгіме. Автор шағын көлемге мол мағына сыйдырған. Адам қолында өскен, бірақ адамға қиянат еткен, оның ет-бауырын езіп, жара салған көкжал сол адам қолынан өлім тапты. Образды ой символдық ойға, әуенді сарын үлкен идеяға ұласып, сахара топырағындағы шындықты қанық бояу, айқын колоритпен бейнелеген «Көксерек» әдебиет шеңберінен биіктеп көтеріліп, әлемдік жауһарлар қатарына қосылған.

Балаларға хакім Абайдың шығарма­ларын оқу да артық болмайды. Абай Құнанбайұлының шығармашылығы ма­ғынасы жағынан терең ойды тербейтін, тәрбиелік мәні мол, қоғамның ащы шындығын айтатын өлең, қара сөздер мен аудармалардан тұрады.

Абай өлеңдері түгел дерлік лирикадан құралады, поэма жанрына көп бой ұр­мағаны байқалады. Қысқа өлеңдерінде табиғат бейнесін, адамдар портретін жасауға, ішкі-сыртқы қылық-қасиеттерін, мінез-бітімдерін айқын суреттермен көр­сетуге өте шебер. Қай өлеңінен де қазақ жерінің, қазақтың ұлттық сипатының ерекшеліктері көрініп тұрады. Ислам діні тараған Шығыс елдерінің әдебиетімен жақсы танысу арқылы өзінің шеберлігін одан әрі шыңдайды. Шығыстың екі хикаясын «Масғұт» және «Ескендір» деген атпен жырға  айналдырады.

Абайдың көркемдік, әлеуметтік гума­нистік және дінге көзқарастары терең білінген еңбегі − қара сөздері. Абайдың қара сөздері (Ғақлия) − ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, фило­софиядағы даналық дүниетанымын дара­лап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы. Жалпы саны 45 бөлек шығармадан тұратын Абайдың қара сөздері тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған, әралуан. Оның қарасөздері мазмұн, тақырып жағынан өзгешелеу, ауқымды болып келеді. Абай өзінің қара сөздерінде шығарманың ажарына ғана назар аудармай, оның терең­дігіне, логикалық мәніне зер салған.

Сәкен Сейфуллиннің «Бандыны куған Хамит» әңгімесі 1922 жылы жазылған. Бұл әңгімеде Октябрь революциясының жеңісінен кейінгі Кеңес өкіметіне қар­сы іріткі салып, елдің үрейін, момын шаруалардың берекесін кетірген банды­лардың қарақшылық әрекетін әшкерелеу жайы сөз болады.

Жас өрендерге Бауыржан Момышұлы­ның шығармаларын да оқуға кеңес бере­міз. Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесі − халқымыздың XX ғасыр­дың басындағы этнографиялық энциклопе­диясы іспетті қазақ руханиятының аса құнды қазынасы. Кітапта салт-сана, дәстүр, ұлттық келбет шынайы сурет­теледі. Бауыржан Момышұлының мем­лекеттік сыйлыққа  ие болған «Ұшқан ұя» кітабында он алтыншы жылдың дүрбелеңі мен күштеп ұжымдастыру кезіндегі тартыстар батыл айтылып, Кеңес өкіметі қалыптасуының алғашқы жылдары кеңінен қамтылған.

Дулат Исабековтің 1977 жылы сахна­лық қойылымға арналып жазылған «Әпке» драмасы да жас оқырманға қызық деп ойлаймыз. Бұл туынды драма бол­ғандықтан кейіпкерлердің сөйлеген сөз­дері мен іс-қимылдары интонация мен сезімге толы. Басты кейіпкер – Қамажай. Туындыда кездескен қиыншылықтарды көтере білген, бауырларына қамқор болған жан туралы айтылады. Драмада Қамажайдың өмірге құштар екенін бай­қаймыз. Ата-анасынан жастай айы­рылған ол өмірін бауырларына арнаймын деп өзін ойлауды қояды. Оны Қабен атты жігітке «Қабен ол…ол қиын сияқты, бауырларымды қиып тастай алмаймын, олар әлі мен үшін бала, өздігінен өмір сүретініне күмәнім бар…»деп ұсынысына кері жауап қайтарғанынан білеміз. Терең философиялық мағынаға ие  шығарма көп адамның сұранысын тудырды.

Шетел әдебиетіне қызығатын бала­ларды да назардан тыс қалдырмадық. Жюль Верннің «Он бес жасар капитан» кітабының қазақша аудармасы 2011 жылы жарық көрді. Ғылыми-фантастикалық ро­ман­дардың негізін салушылардың бірі, француз жазушысы Жюль Верннің бұл кітабы жоғары сынып оқушыларына ғана емес, 5-6 сынып шәкірттеріне де қы­зықты болатыны анық. Романда атынан көрініп тұрғандай, 15 жасында кеме капитаны болған Дик Сэнд деген баланың басынан кешкен алуан түрлі оқиғалары және өміріндегі ең қиын шақта қасында демеу болған достары жөнінде жазылған. Сондай-ақ  Г.Андерсен мен  Дж Лондонның шығармаларын да оқуға кеңес береміз.

Сонымен қатар «Оқу керек кітаптар» тізіміне Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда», Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі», Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» атты кітаптарын қосуға болады.

А.БІРКЕНОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: