Тұрақты айдарымыз бойынша киелі мекендерді жазу жалғасуда. Оқырмандарымыз да жақсы қабылдауда. Олай болса осы жолы біз аналардың қасиетті кесенесіне тоқталғанды жөн көрдік.
Жалпы қазақ даласында аналарға арналған ескерткіш көп. Солардың бірі – Гауһар ана кесенесі.
Бұл кесене Түркістан қаласынан оңтүстікке қарай 4 шақырым жерде, Түркістан-Шәуілдір автокөлік жолынан солға қарай 400-500 метр қашықтықта орналасқан. Кесене қарапайым етіп салынғанымен көзге ерекше түседі. Айналасы жасыл-желекке бөленген, табиғаты да, ауасы да тамаша жерде тұр. Оған қоса мұнда келіп, құран оқытқан адам да өзін жайлы әрі жеңіл сезінері сөзсіз. Негізі Гауһар анамыз жайлы аңыздар да бар. Көбі оны ұлы ақын, ойшыл-философ Қожа Ахмет Ясауидің туған қызы екенін ғана біледі. Ал расында, ол кім болған?
Гауһар ананы білесіз бе?
Аңыз әңгімелерге сенсек, Гауһар ана ақылына көркі сай, ізгі ниетті жан болған екен. Сонымен қатар емшілік қасиеті бар адам болған көрінеді. Өмірде баласы болмаса да, оның қолынан емделген жандар шипагерлік қасиетінен әулие ана аталып кеткен. Әкесі Қожа Ахмет Ясауи «Еміңнен жазылған адамдардың бәрі – сенің балаларың» деп қызын жұбатқан деседі.
Гауһар ананың қай жылдары өмір сүргені белгісіз. Дегенмен зерттеушілердің мынадай болжамы бар. Ахмет Ясауидің 1101-1103 жылдары туғанын, 20 жасында үйленгенін есепке алсақ, Гауһар ана шамамен 1122-1124 жылдары туған болып шығады. 1167 жылы Гауһар ана 43 жаста еді, бұған тағы 20-30 жылды қоссақ, шамамен 1187-97 жылдары дүниеден озған деп жорамалдауға болады, – дейді.
Кесене кереметтілігі
Кесененің өзі ортағасырларда (ХІІ-ХІV ғғ.) салынғанымен уақыт өте келе мүжіліп, жартысы құлап қалған. Оның үстіне екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Түркістанда өндіріс орындарын ашу үшін ескі ескерткіштер қиратылып, соның кірпіштері зауытфабрика салуға қолданылған кезде Гауһар ана кесенесінің құрылыс материалдары да қолды болған.
Бұрын жөндеу көрмеген ескерткіш тәуелсіздік алған жылдары ғана қайта қалпына келтірілген. 2015 жылы Гауһар ананың басына қайта кесене орнатылды. Кесене биіктігі – 9 метр, төрт жағының өлшемдері – 6 метр, бір жаппалы құрылыс болып келеді. Жалпы қорғау аймағы 8 гектар аумақта орналасқан. Осы күні кесене айналасы абаттандырылып, жеміс ағаштары егілген. Сонымен қатар кесене ішінде түнейтін тұрақжай салынған. Бұл киелі жерге келген, дұға еткен адам өзін жақсы сезініп, жеңілдеп қалғандай өзгеше әсерге бөлене түседі. Мүмкін кесене кереметтілігі де осында болар.
Ақсақалға аян берген
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабында жазылған мәліметке сүйенсек, қасиетті ана қайтыс болар кезінде «Мені інім Ибраһим шайхтың қаны төгілген жерге қойыңдар» деп өсиет етіпті. Аңызға сенсек, Ибраһимді Сүйір деген халық өздері қазған арықтан рұқсатсыз су алғаны үшін кетпенмен шауып өлтірген, яғни бұл Сүйір арығының жағасы болуы керек. Нақақтан-нақақ жаны қиылған бауырының қаны төгілген жерде Гауһар ананың мазары жатыр.
Қожа Ахмет Ясауи мен Гауһар ана кесенесі арасында жерасты жолы бар көрінеді. Гауһар анамыз әкесі жерасты қылуетіне түскен кезде өмірден өтеді. Ясауи бабамыз қызының мазарына қылуеттен күн шуағына шықпай барып тұру үшін жерасты жолын салған деседі. Бірақ тарихи деректерде жерасты жолы туралы мағлұмат көп кездеспейді. Осы кесенеде қарауыл болып істеген қарияның басынан өткен оқиғасы Гауһар ананың емшілік қасиетінің мол екенін дәлелдей түседі. Келушілерді қабылдап, ана рухына Құран бағыштап отырған ақсақал зиярат етушілерге өз басынан өткен оқиғаны былай әңгімелеп берген.
Ертеректе еңбекпен түзету колониясындағы мектепте директор болып жұмыс істеген ақсақал кейін қатты ауруға шалдығады. Бауыр ісігінен зардап шеккен оның науқасы жанына батыпты. Әрине бұл кеселдің емі болмай талай адам өмірден өткені белгілі. Алайда көрер жарығы бар екен. Пенденің пешенесіне жазылмаған бұл науқастан айығу осы кісіге бұйырған. Науқасы жанына батып жүрген бір күндері түнде ұйықтап жатқанда түсінде аян беріледі. Оянғаннан кейін «Салу керек» деген сөз есінен шықпай қояды. Нені салу керек? Өзі де білмейді.
Сөйтіп жүргенде Гауһар ана зиратының басын мал таптап жатқандығын көреді. Маған берілген аян осы шығар деп баласының үйін сатып, сол қаржымен зираттың айналасын қоршап, басына шағын мазар тұрғызыпты. Бұл әрекетін Алла қабыл қылса керек, ақсақал ауруынан құлан-таза айығып кетеді. Содан бастап Нұрғали есімді қария осы кесене басына келушілерді қабылдап, шама-шарқынша оларға қолғабысын тигізеді, қарауылдық қызмет жасайды.
Сәбилі болуыма себепші жер
Кесене басына барған кезде аулада бір келіншекті көрдік. Қолында сүйкімді қызы. Ана мен бала екеуі серуендеп жүрсе керек. Бір-біріне деген махаббаты сырт көзге ерекше сезіледі. Сондай жылы. Кесене шырақшысы да бізді «сөйлесіп көріңдер» деп сол анаға қарай жіберді.
Өзін Аида деп таныстырған келіншек басынан өткенін жасырмай айтып берді.
– Тұрмыс құрғаныма он жылдан аса уақыт болды. Біз Түркістанның тұрғынымыз. Осы Гауһар ана жайлы жиі еститінмін. Содан әр келген сайын дұғамды жасап, Алладан бала тілеп жүрдім. Еш жерге емделмедім. Бәрін бір Аллаға тапсырып қойдым.
Егер ана болу бақыты басыма бұйырса, ерте ме, кеш пе, әйтеуір сәбилі болармын деген ой болды. Бірақ Алла – шебер. Сабырмен күттім. Сәбилі болдым, дүниеге қыз келді. Содан есімін үлкендермен ақылдасып, Гауһар деп қойдық. Қасиетті ананың баласы болмаған деседі. Сол себептен көптен күткен қызымыз Гауһар анамыздың есімімен аталып, соның бір баласындай болып жүрсін дедік, – деді анасы Аида. Қазір қызы бес жаста. Аиданың айтуынша, осы киелі мекенге қызы екеуі жиі келіп, Құран бағыштап, демалып кетеді екен.
– Қызым кішкентай кезінде көп ауырды. Сол кезде де осы жерге келіп, Алладан тілеймін. Егер адамда сенім болса, бәрі орындалады. Менің соған көзім жетті. Ауырған қызым артынша тәуір болып, бізді қайта қуантады, шүкір, – деді бізбен әңгіме барысында Аида. Тағы бір сөзінде:
– Бұл жерге көбіне сәбилі болғысы келетіндер көптеп келеді. Аңызда Гауһар ананың баласы болмаған соң өзге әйел затының сәби сүюіне себепші болатын шығар деп ойлаймын. Өйткені менің де үлкен арманым орындалды. Әуелі Алла, сосын Гауһар ананың қасиеті деп білемін, – деп аяқтады әңгімесін Аида.
Тілші түйіні: Бүгінде Гауһар ана кесенесіне келушілер өте көп. Кесене басында Қожа Ахмет Ясауи үйінің алдындағы ионды құдық сынды шипалы құдық бар. Оны Гауһар ана құдығы деп атайды. Бұл құдықтың суын асқазан-ішек жолдары, бауыр ауруларына пайдаланып, жұрт емдік қасиеті үшін арнайы келеді екен. Келушілердің көбі дертіне шипа іздеп, талай жанды емдеп, ауруынан айықтырған қасиетті ананың шарапаты тисе деп тілейді.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!