Бейсенбі, 07 қараша, 19:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№88-2098
05.11.2024
PDF мұрағаты

Қош бол, барыс жылы

02.01.2023

1102 0

Енді бірнеше сағаттан соң барыс жылын шығарып салып, қоян жылын қарсы аламыз. Әрине, қазақы түсінікпен қарар болсақ, жыл наурыз айында жаңарады. Дегенмен григориян өлшемі бойынша 31-ші желтоқсаннан 1-ші қаңтарға қараған түні жаңа жыл келеді. Солай төрткүл дүние жаңа жылды қарсы алады. Сағат 00:00 болған кезде әлемнің барлық бұрышында ескі жылды шығарып салып, жаңа жылды қарсы алады.

Қазақ үшін өтіп бара жатқан барыс жылы қалай болды? Жалпы несімен есте қалды? Санамалап айтар болсақ, тарихқа енер тұсы аз емес. Алдымен Қаңтар оқиғасы, референдум, сайлау, құрылтай сынды тарихқа таңбаланар тұсы баршылық.
Барыс Ұлы даланың табалдыры¬ғын ат¬тай бастағаннан әділдік із¬деген халық рес¬публикамыздың түкпір-түкпірінде бас көтере бастады. Бәрі қарапайым халықтың бейбіт митингінен бастау алған еді. Алайда жымысқы ниетті теріс пиғылдылар жұрт¬шы¬лықтың бейбіт митингін өз мақсаттарына пайдаланды. Жазушы Смағұл Елубайдың «Алматы ақшамы» газе¬тінің сайтына шыққан жазбасында Қаңтар қасіреті тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ауыр, ең қанды оқиға болғаны айтылады. Қаламгер: «Қаңтар оқиғасы жалпы, тәуелсіз Қазақстан тари¬хындағы ең ауыр, қанды оқиға болғаны белгілі. Ашу-ызаға булыққан жастарымыз миллиондаған қарапайым ха¬лықтың тұрмысындағы әділетсіздік негізінде пайда бол¬ған тауқыметтерге қарсы көшеге шықты. Жұмысы жоқ, жағдайы жоқ жастар әділетсіздіктің құрбаны болды», – деп ой түйеді. Иә, барыс жылының қаңтары талай от¬басына қасірет әкелді. Қаңтар оқиғасында тоналған, қираған ғимараттар, кәсіпкерлік нысандар, өртелген авто¬көліктер аз емес. Өкінішке орай адам да өлді. Оның ішін¬де қарт та, жас та, бала да бар. Мемлекетке 100 млрд теңге¬ден астам шығын келді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев рес¬пуб¬ликамыздың тәуелсіздік тарихында алғаш рет аса күрделі кезеңге тап бол¬ғанымызды айтты. Рес¬публикалық телеарналар елдегі ахуалды сәт сайын баян етті. Мемлекет басшысы да бірнеше рет үндеу жасады. «Тәуел¬сіздік тарихында біз ал¬ғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық. Ел басына түскен осындай сынақты қайыспай біртұтас ел болып еңсере білдік. Енді біз мұндай жағдайға ешқашан жол бермеуіміз қажет. Сондықтан еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру – алдымызда тұрған өте маңызды міндет», – деді Президент.
Осыдан кейін Қазақстан билігі түбегейлі өзгеріске бет бұрды. Мемле¬кет басшысы екі рет Қазақстан халқына Жолдау жариялады. Үкімет басшысы ауысып, ел үніне құлақ асатын мемлекеттік аппарат құру мақ¬сатында жұмыс жүруде. Парламент мәжілісінің төрағасы да ауысты. Тіпті Президент партиядан шықты. Өз кезегінде билік партиясы саналатын «Нұр Отан» ребрендинг жасап, оған «Адал» партиясы қосылып, «Аманат» болып өзгерді. Қызылордада облыс әкімі мен қала әкімі де ауысты. Елдің ертеңін бағамдау, әділетті Қазақстанды құруға негіз қалау мақсатында жалпыхалықтық референдум арқылы конституциямыз¬ға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ұлытау, Жетісу, Абай сынды үш бір¬дей облыс құрылды. Ұлттық құрылтай құрылып, оның алғашқы жиыны ұлт ұясы – Ұлытауда өтті. Мұның барлығын жаңаруға ден қойған, әділетті елдің негізін қалауға жасалған қадам деп ұққан жөн.
Өзіміз мекен ететін Сыр бойында да ел еңсесін тіктеу мақсатында біршама іс атқарылды. Мұны құлақ естіп, көз көріп жүрген соң атқарылған жұмыстың біршамасын жаза кеткенді де жөн санадық. Облыс орталығында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары өңір әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Қызылорда қаласының бірнеше аумағынан салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлерді айтпағанның өзінде Сырдария өзенінің сол жағалауынан жаңа қалашықтың бой көтеріп жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Қаланың бас жоспарына сәйкес, аталған аймақтың 1532 гектарын игеру көзделген. Негізінен сол жағалаудағы аумақ 15 ауданнан құралады. Атап айтқанда, тұрғындарға арналған 11 аудан, 1 индустриалдық аймақ және 3 ірі парк пен жасыл желекті аймақтар қарастырылып отыр. Бүгінде Сырдария өзенінің сол жағалауында алыстан-ақ көздің жауын алатын «Болашақ» университетінің ғимараты мен заманауи үлгідегі ІТ-паркі бар жастар ресурстық орталығы орналасқан. Одан бөлек 700 оқушыға арналған жеке мектеп және 320 орындық балабақша да осында ірге тепті. Ал сонау 1925 жылы Қырғыз АССР-нен Қазақ АССР-і деп өзгерту туралы шешім қабылданған Қазақ Орталық Атқару Комитетінің ғимараты бүгінде қайта жаңғыртылып (сызба негізінде қайта салынған), онда қалалық музей жұмыс істеуде.
Дария жағасында орналасқан қалада бұдан да бөлек қаншама құрылыс бар. Соның бір дәлелі ретінде «Анаға тағзым», «Неке сарайы», «Өнер орталығы», «Қан орталығы» сынды іргетасы қаланған алып құрылыс нысандарын атап өтуге болады. Жылу электр станциясының да іргетасы қаланғанын көпшілік жақсы біледі. Бұған ондаған балалар спорттық ойын алаңын қосыңыз. Алдағы уақытта жаңа облыстық аурухана мен әуежай салынады деп күтілуде. Халықтың ұсынысы ескеріліп, автобус паркінің жұмысын жүйелеу мақсатында жаңа автобустар алынды. Жаңадан салынған үйлер ел игілігіне беріліп, тұрғындар қуанышы еселенуде.
Тәуелсіздік жылдары аймағымызда қазіргі заманға лайықталған соңғы үлгідегі технологиялармен жаб-дықтал¬ған медициналық, диагностикалық және қайта сауықтыру орталықтары салынды. Бүгінде облыс даму қарқыны бойынша еліміздегі көшбасшы аймақтар қатарына қосылды. Әртараптандыру шаралары белсенді жүргізіліп келеді. Нәтижесінде аймақ экономикасының жаңа құрылымы қалыптасты. «Баласауысқандық» ванадий кеніші, алтын, басқа да бағалы кен орындарын игеру қолға алынған. Қорғасын-мырыш кен орны – «Шалқияның» жұмысы қайта жанданды. Шикізаттық емес секторды дамытуға да ден қойылған. Бірер жыл бұрын цемент зауыты ашылып, ел игілігін көруде. Бірнеше жыл жыр болған шыны зауыты да іске қосылып, жұмысын бастады. Қазір Қызылордадан шыны шығады деп ұялмай айтуға болады. Ауыз толтырып айтуға болатын жетістік аз емес. Дегенмен мұнымен тоқмейілсімей, ел несібесін еселеу жолында қыруар тірлік атқарылуы керек деп санаймыз. «Ащы» һәм «тәтті» болған барыс жылы біздер үшін осылай өтті, ал қоян жылынан үмітіміз зор.

Ә.ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: