Бейсенбі, 26 желтоқсан, 21:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Штурвалда – Қазына Өзденбаева!

30.08.2023

559 0

Қазына апай дегенде менің ойыма көк қасқаны тізгіндеген қайсар қыз елестейтін.  Осы кісінің өмір жолы көпке үлгі. Кеңес дәуірінде бірлі жарым болмаса, нәзік жандардың көпшілігі бұл мамандыққа бара қоймайтын. Оның бейнетінен бір қорықса, екіншіден машина, трактор жүргізу ел түсінігінде қыз балаға қол емес, ол ер адамның шаруасы дейтін. Алайда сол түсінікті бұзып-жарып, көлік руліне  жалындап тұрған жас қыз Қазына отырғанда көпшілік оны қолай көрмей, ертең бейнетінен қашып,  әлі келмегесін өзі-ақ  тастап қашады деген қаңқу сөз ел арасында айтылғаны өтірік емес. Бірақ өр мінезі, бейнетке жақындығы, табандылығы, намысын бермейтін өжеттігі  жас қызды биікке жетелей берді. Осылайша ол сол кездегі  Жалағаш аудандық «Жаңадария»  газетінің 1-ші бетіне үнемі жарияланып, өзіне үміт артқан ата-ананың да, қалың көпшіліктің де сенімін ақтап тек облыс көлеміне емес, одаққа аты шыға бастады.

Сол кезде атағы жер жарған Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөнентаеваның үндеуіне өзінің еселі еңбегімен үн қосты. Көкқасқа­ның гүріліне өзінің әдемі қоңыр дауысын үндестіріп, рулде отырып ән де шырқады. Шынында, шығарма­шылыққа жаны жақын, жүрегі нәзік, сыршыл арудың қос тіркемесі бар ЗИЛ-130 автокөлігін айдағаны айтса адам сенгісіз  жағдай. Машинаның бөл­шектерін бұрап, алақаны еңбекпен ысталған талдырмаш қыздың қа­зақ­тың қара домбырасын нақышына келтіріп тартып, термені құйқылжыта орындағанын көргенде Құдайдың шеберлігіне таңдай қағасың. Өйткені бір пендесінің бойына мұнша талантты үйіп бергенін көріп, құдіретті күшке бас иесің. Өмір дерегіне зер салсақ, ол көлік, трактор жүргізуші, ұстаз, айтыскер ақын, журналист сынды белестерден өткен. Өтіп қана қоймай, сол саланың үздігі болған.  20 жасында Қостанайға бидай жинауға аттанған 2699 ер кісінің қатарында Қазына апайымыз да болып, 2 ай бидай тасыған.

Осындай ұлағатты өмір иесі Қазына Мералықызы Өзденбаева 1954 жылы Жалағаш кентінде  дүниеге келген. 1971 жылы  №202-ші қазақ орта мектебін бітірген. Мектеп бітірісімен 1971-1981 жылдар аралығында Жалағаш авто­транспорт кəсіпорнында қос тіркемемен ЗИЛ-130 ауыр автокөлігін жүргізген. 1981-1984  жылдары  Ақсу совхозында  К-700 тракторы мен «Енисей» ком­байнының  штурвалына отырған. 1984-1985 жылдары Ақсу кеңшарының əкімі болып қызмет атқарған. 1988-1993 жылдар аралығында Тасбөгет кентіндегі №11 қазақ орта мектебінде директордың орынбасары қызметін атқарған. 1993-2003  жылдары аудандық С.Майқанова атындағы мəдениет үйін­де жас жыраулар мен айтыскер ақындар тəрбиелейтін жетекші ұстаз болған.  Бір қызығы, әр саланың қазанында қайнаған  Қазына Өзденбаева 2003-2012  жылдар аралығында  облыстық «Ақмешіт апталығы», «Ақмешіт ақшамы» газеттерінде сатира бетін жүр­гізген. Кейін зейнетке шыққанша республикалық «Сыр айнасы» газетінің бас редакторы қызметін атқарған. Осы жылдар аралығында үш рет облыстық кеңестің депутаты, облыстық партия комитетінің пленум мүшесі болған. Өмірінің жалындап тұрған жас шағында  25 жыл КПСС мүшесі болған.

Біз білетін Қазына өнер əлеміндегі қолтаңбасымен де  халықтың ерекше  ықыласына бөленді. Айтыскер, əнші, термеші, бүкілодақтық байқаудың лауреаты жəне дипломанты деген құрметті атақты иеленді. Бірнеше өлеңіне танымал сазгер, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі Сəбит Лұқпанұлы, «Дарын» сыйлығының иегері Күнсұлу Түрікпен, Сəкен Шынымов, Малат Пірмаханов, Алгелді Траров ән жазды.  Еңбек жолын машина кабинасына отырып, еңбек етуден бастаған өндірдей жас қыз проза, поэзия, сатира, пародия секілді төрт жанрға қалам тартты. Сан саланың сырын ұққан, барған жерінің бағын жандыратын ерекше болмысымен жұртты баурап алатын апамыз бұл күнде жетпіске қадам басқан байыпты қаламгер, ақын-сатирик, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, бірнеше кітаптың авторы, халықаралық айтыскерлер мен жыршы термешілер одағының мүшесі, «Қызылорда облысының таңдаулы транспорт жүргізушісі», «Қазақстан Республикасының үздік автокөлікші»  төсбелгісінің иегері.

Досқа адал бейнесімен өзінің «Алып ұшқан көңіл-ай» атты жыр кітабында өзіне қалам ұстатып, журналистікке баулыған асқар тау азамат Әділхан Бәйменнің рухына  арналған қолтаңба бар. Онда «Осы кітабымды журналистік жолыма сәттілік тілеп, шын жүрегімен қолдаған өзімнің бірінші редакторым және ұстазым болған марқұм  Әділхан Айтмағамбетұлы Бәйменнің рухына арнаймын» делінген ыстық ілтипат бар. Талант иесінің «Көңіл әйнегі», «Сүюсіз өмір жат маған», «Тектінің тұяғы» атты кітаптары бар.

Таланты сан қырынан өрнектелген ерекше өнер иесінің еңбегі еленбей қалған жоқ. Халқының алғысына бөленген Қазына Өзденбаева  «Құрмет белгісі» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Тыңға 50 – жыл», «Қызылорда облысына – 70 жыл», «Автотранспорт саласына – 80 жыл» мерекелік медалімен марапатталған. Өзі туып өскен Жалағаш ауданының құрметті азаматы.

Өлең  өлкесінде әсем жырларымен халықты сусындатып келе жатқан Қазына Мералықызы зейнетке шықса да айтыс аламанында шаршы топқа түсіп, қаншама рет бәйгеге шауып, жүлдегер атанып жүр. Жуырда ғана Шиелі ауданында Социалистік Еңбек Ері Жадыра Таспамбетованың 70 жылдығына орай ұйымдастырылған ретро айтысқа қатысып, арқалы ақын Кенжебай Жүсіповпен айтысып, өз өнерімен қалың көпшілікті тәнті етті.

Емеспін журналист те, филолог та,

Әзірге сала алмадым жырға ноқта,

Кетер ме ем пенделіктің жетегінде,

Өртеніп айналмасам өлең шоққа.

Өлеңнің өлмес өлең кешенінде,

Өзенін асыл жырдың кешемін бе?

Жүректі жарып шығар бүршік атып,

Өміршең ақын гүлі өседі ме?

Желегін жайған бүгін қарағаймын,

Біреудің байлығына қарамаймын.

Өсірген адал аппақ еңбегіммен,

Гүл бағын жан жырымның аралаймын.

Жан жырының гүл бағын аралап халқының батасымен бағы жанған, өнерімен төрден орын алған Сыр бойы­ның даңқын асырған Қазына апамыздың жыр қазынасы таусылмасын, өлеңмен өрілген өмірі ұлағатқа толсын деген тілегіміз бар.

 Гауһар

ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: