Жұма, 22 қараша, 14:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Шығыста да бір ел бар шұғылалы

29.06.2021

2487 0

Қазақстанның қай өңірі болса да тарихқа, мәдениет пен әлеуетке сансыз бай. Жол түсіп барған аймақтан сізді қызықтырар дүниелер табылары сөзсіз. Әр өңірдің қызығы мен шыжығы, тарихы мен бүгінін оқырман назарына ұсыну үшін арнайы «Атамекен, мен сені білемін бе?» айдарын аштық. Бүгін – Шығыс Қазақстан облысына ден қойып отырмыз. Суреттерге көз тастап, мақаланы оқып сол аймаққа сапар шегіп қайтыңыз, оқырман!

ТАРИХЫ ЕЖЕЛГІ ЗАМАНДА

Шығыс Қазақстан аумағын адам аяғы сонау ежелгі заманда-ақ басқан. Бұл тұжырымға Алтайда, Зайсан қазаншұңқырында, Тарбағатай мен Сауыр жоталарында табылған бекіністер, ежелгі кеніштер мен су жүйелері дәлел. Бар түркінің алтын бесігі саналатын шұғылалы Шығыстың өткені мен бүгіні кімді де болса қызықтырады.

ХVIII ғасырдың бас кезінде Ресей қазақ жерін отарлау тұсында Ертіс аумағына бекіністер салды. Ертіс аумағындағы 10 шақырым жерге қазақтарға қоныстануға тыйым салынды. XVIII ғасырдың 60 жылдарында Алтайдың солтүстік-батыс жағында Оба мен Үлбі өзенінің аңғарларында Ресейдің ішкі губернияларынан “поляктар” деп аталған шаруалар келіп қоныстанады. XVIII ғасырдың соңында Кенді Алтайдың шегінде кен өнеркәсібі пайда болды. Мұнда бірінен кейін бірі Риддер, Зырянов, Белоусов, Сокольный секілді түсті металл кеніштері іске қосылды. Ал Ресейде басыбайлы құқық жойылған тұста мұндағы кен орындары құлдырады.

Кеңес өкіметі кезінде де бұл аймақ аса қатты дамыған жоқ. Тек 1930 жылдары ауыл шаруашылығын дамыту мен индустрияландыруға байланысты Шығыс Қазақстан металлургия мен кен орны бар ірі аймаққа айналды. Облыс экономикасын өркендетуге осы аймақтан өткен Түрксіб секілді теміржол оң әсер етті.

Ұлы Отан соғысынан кейін өңір экономикасы қарқынды дамыды. Ертіс өзенінде Бұқтырма, Өскемен мен Шүлбі электр стансалары іске қосылды. Кенді Алтай бойында түсті металл өндіретін жаңа кеніштер мен оны өңдейтін металлургиялық кәсіпорындар, Семейде бұрынғы одақ көлемінде қуаты жағынан КСРО-да екінші орын алған ет комбинатының жұмысы артып, Өскеменде титан-магний комбинаты, жасанды жібек комбинаты сияқты көптеген өнеркәсіп орны ашылды.

Шығыста да бір ел бар шұғылалы

61 ПРОЦЕНТ ҚАЗАҚ БАР

2015 жылғы есеп бойынша мұнда 1395324 халық қоныстанған. Яғни мұндай Қазақстан халқының 9,4 проценті шоғырланған. Халықтың 59,4 проценті қалада, қалған 40,6 проценті ауылдық жерлерде тұрады. Ең көп тұрғыны бар қала ретінде өңірде 340 мың халқымен Өскемен көш бастап тұр.

Облыс халқының орташа тығыздығы әр 1 км2 -ге шаққанда 5,1 адам. Халықтың ең жиі қоныстанған жерлері – Ертістің оң жағалауы, әсіресе Кенді Алтайдың тауаралық жазықтары. Глубоков, Бородулиха және Шемонаиха ауданында бұл көрсеткіш 9-дан 12,7 адамға, ал Өскемен қаласының төңірегінде 186 адамға, Семей қаласының төңірегінде 133,5 адамға дейін барады.

Аймақ халқының 61 проценттен астамы қазақтар. Шығыс-қазақстандық орыстар 35 проценттен астам болса, қалған 4 проценті өзге ұлт өкілдері.

Бұл аймақ халқының айналысатын шаруашылығында өнеркәсіп саласы көш бастап тұр. Оның ішінде кен өндіру, түсті металлургия, энергетика, машина жасау, құрылыс материалдары, ағаш өңдеу, тамақ пен жеңіл өнеркәсіп дамыған. 2006 жылы облыс өнеркәсібінің барлық саласы 399,1 млрд теңге көлемінде өнім өндіріп, бүкіл ел өнеркәсібі өндірісінің 6,2 процентін құрады.

ОТАНДЫҚ КӨЛІК ШЫҒАДЫ

Облыстағы өнеркәсіптің ең негізгісі – кен өндіру. 2006 жылғы көрсеткіш бойынша бұл салада 197 нысан жұмыс істейді. Негізінен олар мыс, мырыш пен күміс секілді түсті металл, алтын, титан және көмір өндіреді. 2005 жылы облыс бойынша 10,8 млн тонна түсті металл өндірілген. Негізінен Риддер мен Зырянов кен ауданында «Қазақмырыш» Акционерлік қоғамына қарасты, Ертіс маңындағы полиметалл кен ауданында «Қазақмыс корпорациясына» тиесілі кеніштер бар.

Шығыс Қазақстанда асыл металл өндіру бойынша 27 кәсіпорын жұмыс істейді. Қарамағында шамамен 3500 жұмысшы бар кен орындарында 17,3 тонна алтын өндіріледі. Негізгі алтын өндірушілерге “Бақыршық” кен кәсіпорны, “ФИК”, “Алел”, “Алтынтөбе” АҚның, “Андас Алтын”, “Даңқ”, “Жерек”, “Іnter Gold Capital” серіктестіктерінің кеніштері жатады.

Облыстың электр энергетикалық кешенінің құрамында Ертіс өзеніндегі Бұқтырма, Өскемен, Шүлбі СЭС-тері, Үлбі мен Громотуха өзендері бойындағы Риддер СЭС каскадтары, Өскемен, Риддер, Семей ЖЭС-тары бар.

Облыстың машина жасау және металл өндіру кәсіпорындары бірігіп, мұнай және металлургия өнеркәсібіне қажетті жабдықтар шығарады. 2006 жылы бұл саланың кәсіпорындары 26,8 млрд теңге көлемінде өнеркәсіп өнімдерін өндірген. Кейін өңірдің машина жасау өнеркәсібі жаңа кәсіпорынмен толықты. 2003 жылы БИПЭК авто компания АвтоВАЗбен бірігіп жеңіл автомобиль зауытын іске қосты. Сонымен қатар “Шкода” жеңіл автомобилін құрастыру жөніндегі “Семей машина зауыты” АҚ негізінде автомобиль агрегаттары мен түйіндерін шығаратын желі іске қосылды.

Шығыста да бір ел бар шұғылалы

Шығыста сондай-ақ ағаш өндеу кәсібі бойынша бірнеше кәсіпорын бар. Оның ішінде “Ертістрансойл”, “Жаңасемейшпалзауыты”, “Өскемен Иннотекс”, «Өскемен жиһаз комбинаты» сияқты құрамында бірнеше нысаны бар 4 ірі және орташа қуатты кәсіпорындарын атап айтуға болады.

КӨРІКТІ ЖЕР ЖЕТЕРЛІК

Шығыс Қазақстанда да көздің жауын алатын көрікті жер қатары аз емес. Қара түсті жағажайы мен емдік суы бар Алакөл отбасылық демалыс үшін таптырмас аумақ. Табиғи сұлулығымен қатар шипажайы бар Қатонқарағай ұлттық саябағы да көптің көңілінен шығады. Өскемен мен Риддер қаласына жақын орналасқан тау-шаңғы курорттары да естен кетпес естелік сыйлары анық.

Мәселен, Алакөлдегі ағынсыз су орта ғасырда-ақ жұртқа жария болған. Ұлы Жібек жолы өткен бұл маңда жолдан шаршаған саудагерлер Алакөл жағасында тыныққан. Алакөлдің солтүстік бөлігі жерасты минералы су көздерінен қоректенетіндіктен шипалы болып саналады. Қаланың күйбең тіршілігінен шаршапшалдыққан жандар осы жердегі қонақ үйлерде тұрақтап, жайлы жағажайдан жанына жайлылық сыйлай алады.

Шығысқа сапар шеккен әрбір адам Қатонқарағай ұлттық саябағына баруы керек. Себебі 2001 жылы ашылған бұл саябақ Қазақстандағы табиғи саябақтардың ең үлкені болып саналады. Ауданы 640 мың гектардан асатын мұнда флора мен фаунаның көптеген түрін кездестіруге болады. Рахман бұлақтары, Мұзтау, Көккөл сарқырамасы мен Берел қорғаны мемлекеттік ескерткішке айналған жергілікті көрікті орын саналады.

Шығыста да бір ел бар шұғылалы

Қазақ халқының  махаббат символы болған Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу мазары да Шығыс Қазақстандағы Аягөз қаласының маңында орналасқан.

Шығыс Қазақстан облысының этнографиялық музей-қорығы да рухани байлықты молынан сыйлайды. Қала аумағындағы бірнеше нысанды біріктірген бұл мұражайдың әр кешенінде тақырыптық экспозиция жасақталған. «Шығыс Қазақстан қазақтарының ХІХ ғасыр соңы – ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы этнографиялық мұрасы», «Алтайдың асыл тастары» секілді орындар көптің көңілінен шығары анық.

Шығыста да бір ел бар шұғылалы

ҰЛЫ АБАЙ ТУҒАН БҰЛ ӨЛКЕДЕ

Қазақ халқының Ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы қазіргі Абай ауданы Шыңғыстаудың баурайында туған.

1940 жылы 16 қазанда Ұлы Абайдың 95 жылдығына орай Семейде өмірі мен ақындық жолына байланысты материалдар жинақталған «Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайы» ашылған. Мұражайдағы 13 мың экспонат қоры 7 тақырыптық залға орналасқан. Олар – «Абай және оның дәуірі», «Жайлау», «Үш қайнар бұлақ», «Абай шығармашылығы», «Абайдың ақындық өнер айналасы», «Абайтану», «Қазақ халқы ақын атын ардақтайды» бөлімдері.

Шығыста да бір ел бар шұғылалы

Жидебайдан 6400 гектар жер бөлінген бұл аумақта Абай мұражайы, Әуезов пен Алаш арыстары мұражайы, Абайдың Жидебайдағы мұражайүйі, Әуезовтің Бөрілідегі әдеби-мемориалдық мұражайы, Мақаншыдағы Әсет Найманбаевтың мұражайы, Көкбайдың мешітмедресесі бар.

Мұражайда Абайдың өмірі мен шығармашылық қызметіне және қазақ елінің тарихы мен этнографиясына қатысты құнды мұрағаттар, заттай айғақтар, сирек қолжазбалар, суреттер, көркемсуреттер, кино, дыбыс таспалары, мемориалдық дүниелер, оның ішінде Н.Долгополов арқылы Семейдің өлкетану мұражайына тапсырылған Абайдың өзі жинаған экспонаттар табылады. Мұнда Әуезов өткізген экспонаттар мен қолжазбалар, жазушының дауысы жазылған үнтаспа сақтаулы.

Шығыста да бір ел бар шұғылалы

Жыл сайын мұнда республикалық «Абай оқулары», Ұлы ақынның мерейтойлық шаралары ұйымдастырылады. Одан бөлек, Абай Құнанбайұлының өмірі мен өнегесінен сабақ алғысы келген мыңдаған турист осы мұражайға табан тірейді.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: