Сейсенбі, 30 шiлде, 13:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№60-2070
30.07.2024
PDF мұрағаты

Инвестор автокөлік тарту етті

30.07.2024

21 0

Маңдайы күнге күйген, Жер-Анадан несібесін терген еңбеккерлер қандай құрметке болса да лайық. Ала жаздай тыным таппай, алқапты аралап, егінді сәбидей мәпелеген диқандарға «Абай-Дәулет» компаниясы әркез қолдау көрсетіп келеді. Соның бір дәлелі, кеше ғана Бұқарбай батыр ауылындағы «Байтабын» ЖШС-не инвестор ретінде су жаңа автокөлік тарту етті. Айта кетелік,  Абай-Дәулет өткен жылы ауылдың екі бірдей көшесін абаттандырып берген еді. Тақтайдай түзу, самаладай жарық көшемен жүрген ауыл халқы игі іс жасаған азаматтарға күн сайын алғыс айтуда. Елдің алғысынан артық құрмет бар ма?! Бүгінде елдегі ағайын инвестордің ауылға әр келгенінен бір жақсы жаңалық күтеді. Шынында, солай. Инвестор компанияның ауылдың еңсесін көтеру үшін жасап жатқан игі ісі жыл сайын көбеймесе, азайған емес.

Алақандай ауылдағы шаруашылық жыл сайын мың гектардан аса жерге күріш егеді. Өткен жылы оның әр гектарынан 56,4 центнер өнім алған. Әртараптандыруды қолға алған диқандар күріштен басқа, мақсары, жоңышқа өнімдерін де өндіруде. Қалыпты жағдайда 135 адам жұмыс істесе, күзгі егін жинау науқаны кезінде қырман іске қосылып, бұл сан 180-ге жетеді.

– Елді мекендердегі шаруашылықтың ісі алға жылжу үшін инвестордың маңызы ерекше. Өйткені, ауыл шаруашылығы саласы бүгін қаржы құйып, ертең өндіріп алатын сала емес. Үнемі тәуекелге белді бекем буасың. Өйткені, көктемде салған қаражатыңның ақталуы күздегі жиған өніміңнің көлеміне байланысты. Біздің инвесторымыз «Абай-Дәулет» ЖШС серіктестігіне айтар алғысымыз зор. Инвестор көп, ішінен елге жаны ашитын, шаруашылыққа шынайы көмектесетіндері аз. Міне, қалың топтың ішінде қазаққа болсын деп жүретін Мұрат және Марат Абайұлына агросаланы қолдап, оны дамытуға атсалысып, елдік мәселелерде үн қосып жүргені үшін айтар алғысымыз зор, – дейді «Байтабын» ЖШС төрағасы Болат Ділдабеков.

Шаруашылықтың бригадирлері Болат Әлжанов пен Оразбек Төреқұлов жаңа автокөлікті тізгіндеп, инвесторға алғысын жаудыруда. «Көңіл көңілден су ішеді» деген қазақ бұл жерде де қалт кетпегені анық. «Абай-Дәулет» ЖШС инвестор ретінде елді мекенге көптеген игі іс жасап жатыр. Десек те, «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды» дегендей, мекеме түймедейді түйедей етіп, аз ғана жақсылығын жарты әлемге жар салатындардың қатарынан емес. Олар үшін халықтың ықыласы мен алғысы бәрінен маңызды. Ауылдағы ағайынның жағдайын түзеймін, ауылдың еңсесін көтеремін» деп ауыл халқымен түсінісе еңбек етіп жүрген «Абай-Дәулеттің» жарқын істері өзгелерге жақсы үлгі.

Дәулет Тұрсынханұлы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: