Жексенбі, 22 желтоқсан, 09:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Жеріктік дерт пе, әлде еркелік пе?

04.04.2023

824 0

Сурет: chzs.ru

Қарап отырсаңыз, бойына бала біткен әйел түрлі асқа жерік болады. Дәл осы жағдайды біреуі жеріктік десе, енді бірі еркелік деп мән бермейді. Алайда мамандардың айтуынша, бұл құрсақтағы баланың белгілі бір қоректі қажет етуіне байланысты пайда болатын құбылыс. Сондықтан ата-бабамыз баланың болашағы үшін жүкті әйелге бойына бала біткен күннен бастап, дүниеге келгенге дейін тағылымы мол өсиет пен ырымдардың жөн жорығын көрсеткен.

Жалпы жерік болу аяғы ауыр әйелдің күнделікті дайындалатын тағамға деген тәбетінің бұзылуынан басталады. Аяғы ауыр келіншек бір таңдаулы тағамға құмарлығы артып, сол тағамды ғана жегісі келіп, аңсары ауады.

Жерік ас әртүрлі болады. Мәселен, тарихқа көз жүгіртетін болсақ, аналарымыз төрт түлік малдың етіне жерік болған, енді бірі жыртқыш аңға жерік болып, жолдасын қиырдағы қол жетпейтін жерге жіберген. Кітаптарда да қасқырдың жүрегіне, жолбарыстың етіне жерік болған аналар біртуар тұлғаларды дүниеге әкелгені жазылады.

Ал қазіргі таңда келіншектердің айтарлықтай нәрсеге жерік болдым дегенін естімейсіз. Естісеңіз де өте сирек. Қазір көбі тұздалған қияр, тәтті жеміс-жидек,  ащы-тұщы көкеністерге жерік болады. Жерік ас ең алдымен ана үшін емес, бала үшін екенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Жерік асқа деген таңдаудың азайып, «тоқырауға ұшырағанын» қазіргі келіншектердің аурушаң, нәзік, әлсіз балаларды дүниеге әкелуінен байқауымызға болады.

Дана халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан тарихында жеріктіктің түрлері өте көп. Аяғы ауыр келіншек жүкті болғаннан бастап айлап, апталап жеріктігі басылмай, ұзақ уақыт бір асқа аңсары ауса, онда бұл жеріктік «созылмалы жеріктік» деп аталады. Ал екіқабат келіншек бір тағамға аңсары ауып, артынан басқа тағамға таңдауы түсіп, түрлі тағамға жерік болса, онда бұл жеріктік «қос жеріктік» немесе «жұп жеріктік»  деп аталады. Қай жеріктік түрі кездессе де, аяғы ауыр әйелдің азаматы қалаған асын қандай қиындық болса да жеңіп, тау-тасты, ой-қырды араласа да, тауып әкелуге міндетті. Әр елдің салты басқа демекші, жеріктікті әр өңірде әртүрлі атайды екен. «Жеріктік», «көксік», «көксеу», «тағам жерігі» деген сынды әр түрлі сөздер қосып, тіркестіріп айта беретін көрінеді.

Әйелдің құрсағына бала біткеннен бастап, кірпияз бола түседі. Тіпті бұрын мүлдем жегісі келмеген асқа тәбеті тартып тұруы да ғажап емес. Түн ортасында, ел қалың ұйқыда жатқанда сүйікті асын жегісі келетін әйелдер де болады. Жерігін қан­дырған аналардан туған балалар баһадүр батыр, ақылы асқан дана, тіліп сөйлер шешен болып өседі деп ырымдаған. Мәселен, Жалаңтөс батырдың анасы Ақтұмар көкжалдың төс етіне жерік болған деседі. Ал Шапырашты Наурызбай батырдың анасы Жұпар арланның бауырын шикілей жеп, жерігін қандырған екен деген аңыз қалған. Ал бүгінгі әйелдердің жерік асына мән берілмейді. Керісінше еркелікке балап, жүкті келіншекті кінәлап шығады. Бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен қазір көп келіншектің жерік асын келеке қылып, әңгімелеп отыратындар көп. Мәселен,  қыста «қарбыз жегім келіп тұр» деген әйелдің арманын орындайтын еркектер некен-саяқ. Бүгінде бәрі қолжетімді болса да, өкінішке орай жерік асын алып беруге ниеттілер аз.

– Тұңғышыма аяғым ауыр кезді еш ұмытпаймын. Жас отбасымыз. Пәтер жалдап тұрамыз. Нарықтың екі өкпеден қысып тұрған кезі. Ата-анамыздан жырақта, алыста, басқа қаладамыз. Наурыз көжеге жерік болдым. Бірақ өзім істеген тамақты ішкім келмейді. Оның үстіне бұрын-соңды наурыз көже ішіп көрмегенмін. Қалай жасалатынын да білмеймін. Күйеуім екеуміз бір асханаға арнайы тапсырыс бердік. Түс ауа, сағат төрттерде дайын болады деді. Барсақ, наурыз көже емес, кәдімгі борщ қой. Жылап жібере жаздағандай болғам сонда. Сол көжені аңсаумен жүріп, ақыры босандым ғой. Содан кейін ауылға барып, анамның наурыз көжесін тойғанша ішкенім бар. Бүгінде есіме алсам, күлкілі сияқты. Содан бастап, наурыз көжені әлі күнге сүйсініп ішемін, – деді көпбалалы ана Гүлзат Мұратбекқызы.

Мамандардың айтуынша, әйел құрсағына біткен шарана тоғыз ай бойына анасының ағзасындағы дәрумендермен қоректене бастайды. Ал кейбір аналардың бойындағы дәрумен іштегі баланың өсіп-жетілуіне жетіспейді. Сөйтіп, енді ғана дамып, жетіліп келе жатқан бала таба алмаған азығын ендігі жерде сырттан іздей бастайды. Осы кезде іштегі бала қажет еткен дәрумендерін анасы өз денесімен бере алмай, бала сұранысына қарай қажетті бір асқа жерік болады. Мұны ертеректе әжелереміз «ананың жерігі», «іштегі баланың көксігі» деп атаған. Ал жерік болғанын білмеген әйелді «итжерік» дейді. Бұрын жүкті әйелдің қалаған асын тауып беру енесі мен абысын-ажынының, күйеуінің міндеті болған. Жерік асын жеген әйелдің көңілі де жайлы болып, іштегі бала да жақсы дамыған.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: