Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 23:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Жұмбақтың ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі

18.06.2024

630 0

Жұмбақтар ежелден келе жатқан әрі қазіргі қоғамда тәрбиелік мәнін жоғалтпаған, халық мұрасының арнаулы бір саласы. Ол халық ауыз әдебиеті ішінде ұсақ жанрлар қатарына жатқанымен, ол халық ауыз әдебиетінің күрделі бір саласы. Жұмбақ – адамның ой-өрісін, алғырлығын, білімін сынау мақсатында нақты бір зат немесе құбылысты тұспалдап сипатталатын шағын әдеби жанр. Қай кезді алсақ та, жұмбақ өткір, ұшқыр сөз есебінде халық арасында бағалы болған. Жұмбақты халықтың өзге тапқырлық сөздері қатарында саяси құрал есебінде тап жауына қарсы қолданған орындар да аз емес.

Көрнекті ағартушы А.Байтұрсынов: «Жұмбақ деген аты жұмудан шыққан, яғни қолдың ішінде бір нәрсені жасырып, жұмып тұрып таптырмайды. Ойды бүгіп, айтпай қойып, сол нәрселерге ұқсас нәрселерді сипаттай айтып, ұқсастығы бойынша таптырады. Жұмбақ зейінде ұстартуға пайдасы бар нәрсе» деген. Расымен де, адамның ойлау қабілетін дамытатын, танымын кеңейтетін тамаша үлгінің бірі – жұмбақ.

Жұмбақтар жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызды құрал болып табылады. Ол балалардың бойына өз халқының игілігін дарытып, ана тілінде ойлау және мәдениетті сөйлеуіне, ұлттық құн­дылықтарды тануға, ­сауат­­­­ты жазуға барынша мол әсерін тигізеді. Жұмбақтар баланың тіл байлығын да дамытады. Өз қызығушылықтарына жол ашады, дүниені жаңа қырынан тани түседі. Халық ауыз шығармашылығына жататын жұмбақтар эпитетке, метафора мен афоризмға бай. Сондықтан да осындай жұмбақтарды қолдану балалардың сөздік қорын молайтады және логикалық ойын жетілдіреді. Өйткені балалар тек жұмбақты шешіп қана қоймай, оларды жасыруды да ұнатады. Бұл тек жұмбақтың жауабын ғана емес, сонымен қатар мәтіннің есте сақталуына әсер етеді.

Жұмбақ – жас ұрпақтың ақыл-ойын дамытуға бағытталған асыл мұра. Жұмбақтардағы терең ой, терең мағынамен қатар ондағы көркемдік шеберлікті қиыннан қиыстырып келтіреді. Бір затты екінші бір заттың түр-түсіне балап, салыстыра айту, соған қиыстыра білу ұқсастығын тауып көрсете алу ойдың ұшқырлығы мен зеректігін танытады. Баланы да қызықтыратын осы жағы. «Ақ сандығым ашылды, ішінен жібек шашылды.» деп бұлт шыққан күннің көзін-ақ жібекке, бұлтты ақ сандыққа балап, соның толық мазмұнын аңғартатыны ғажап-ақ. Адам сүйсінерлік эстетикалық әсерлі сөздерді іздеп табатыны да шеберліктен туған.

Балалар қызуғушылықпен оқитын және олардың тапқырлығын арттыруда жұмбақ ертегілердің үлесі өте зор. Бұл жерде ертегі кейіпкері қиын сәтте жұмбақтай сөйлеп, тұспалмен тілдеседі. Осылайша қиындықтан жол табады. Мұндай ертегілерге «Шал мен келін», Каракөз сұлу», «Аяз би» және Ж.Аймауытовтың «Көк өгіз» атты жұмбақ ертегілерін жатқыза аламыз.  Мысалы, «Шал мен келін» ертегісінде Қайыр дейтін қарт жолға шығып, ұрыға тап болады. «Сендерге мал керек пе?» – дегенде, олар «мал керек» деген соң, екі ұрыны ауылына жұмсап: 60 ақ бас, 70 қара бас атаным бар, соны берсін, бірі кілтті, бірі кілтсіз сандығым бар, соның кілттісін берсін, есіктің алдына екі бәйтерек бар, біреуін жықсын, біреуін бүксін» дейді. Мұны келіні табады. 60 ақ бас атаны – 60 жастағы қария, 70 қара бас атаны – 70 жігіт, кілтті сандығы – ақылды келіні, кілтсіз сандығы – баласы, екі терегі – екі ұры, соның біреуін өлтіріп, бірін алып кел деген екен.

Ал енді, «Аяз би» ертегісіне үңілейік. Бұл ертегіде Аяз бидің тапқырлығы, данышпандылығы айқын бейнеленген. Оқиға сюжеті бойынша бай қызы Меңдінің: «Өзімнен ақылы артық кісіге тиемін», – деген сөзін естіп келген жігіттердің бәріне пышақ, қайрақ, шыны, гауһар тас жібереді екен. Айттыра келген бай балалары: «Менің үйімде пышағым жоқ па, болмаса қазынамда гауһар тасым жоқ па, я тіпті, қайрақ таба алмай жүрмін бе?» – деп ашуланып қайтып кете береді. Меңді қыз Аязға да осы нәрселерді жеңгесінен беріп жібереді. Аяз: «Мұның құралын әкел!» – дейді. Қыз жеңгесінен балға мен төс береді. Аяз балға мен төсті алған соң, қайрақты төске қойып балғамен ортасынан бөледі, шыны табықты уатады, пышақты жетесінен сындырады, гауһар тасты қақ жарады да: «Мә, бикешке алып бар!» деп жеңгесінің қолына береді. Осымен жұмбақ шешіледі. Бірақ оның не екенін жұрт түсінбейді. Қыз жұмбағының шешімін ханға Аяз би былай баян етеді: -Қайрақтай болып езілгенше, шыны табақтай болып уатылғанша, пышақтай болып басы кесілгенше сыр айтпайтын кісі мына гауһар тастай жарып мені алады.

Бұл ертегідегі тек бір ғана жұмбақ. «Аяз би» ертегісіндегі кейіпкерлер жұмбақты сөздермен түсінеседі. Мысалы, қырық уәзір шал мен ханның жұмбақтап сөй­­лескенін түсінбегеннен соң Аяз биге барып оны түсіндіруін сұрайды. Аяз бидің тапқырлығы соншалықты ол хан мен шалдың жұмбақтаған сөзін іс-әрекет арқылы түсіндіріп береді. Осының арқасында Аяз би өз халқы алдында қадірлі, әділ, данышпан, сыйлы болады. 

Осындай жұмбаққа толы ертегі-әңгімелер арқылы жас ұрпақты тапқырлыққа, ой-өрісінің жүйрік болуына тәрбиелей аламыз.

Қазіргі кезде сабақ барысында жұмбақты шешу оқушылардың ой-өрісін, қиялын, логикалық ойлау қабілетін дамытатын, олардың бойындағы қасиеттерді ашатын ұтымды әдіс. Қазақ тілін үйретуде жұмбақтарды қолданудың маңызы зор. Жұмбақтарды шешу арқылы балалардың ойлау қабілеттері дамиды, сөздік қорлары молаяды, тілдері жаттығады. Бұдан басқа пәндерде де жұмбақтар, жұмбақты тапсырмалар қолданылса, оқушылардың ой-өрісі дамып, дүниені жаңа қырынан тани түсетіні анық. Бұл олардың осындай ұсақ жанрлармен жүргізілетін жұмыстардың барлығы да оқушыларды өз беттерімен ізденуге үйретіп, ақыл – ойы мен дүниетанымын кеңейтуге, тілін дамытуға, сондай-ақ, білімге деген ынтасын, қызығушылығын арттыруға және шығармашылықпен айналысуларына септігін тигізеді.

Қорытындылай  айтар  болсақ,  жұмбақ  ұлттық  фольклорымыздың  қанаттанып  дамыған,  үлкен  орны  бар  саласы. Ә.Табылдиевтың: «Жұмбақтардың дүниетанымдық ой дамытарлық мәнімен қатар, тәрбиелік мәні де ерекше. Өйткені жұмбақ айтысу, жұмбақ жаттау кезінде тәрбиеленуші өзінің білімін, дәрежесін байқап, көп білуге талпынады, ынта-жігері артады, жауапкершілікке бейімделіп, өнерге талпынушылығы артады» -деген пікірін негізге ала отырып, болашақ ұрпақ ой-өрісі кең, жылдам шешім қабылдай білетін, өз ойы мен сөзіне берік, мәдени санасы жоғары азаматтар болуы үшін жұмбақтың атқарар рөлі зор деп есептеймін.

Батан Нұрай Асылханқызы

М.Мәметова атындағы Қызылорда

педагогикалық жоғары колледжінің

3-курс студенті

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: