Мақалаға тақырып еткен 15 сәуір – өзіндік тарихи мәнге ие күн. Тарихқа көз тіксек, осыдан 96 жыл бұрын әлі Қызылорда аталмаған Ақмешіт қаласына Қазақ АКСР (ол кезде әлі Қырғыз АКСР болатын) кеңестерінің V съезіне сайланған делегаттар мен үкімет мүшелері келіп, бес күнге созылған съезд өтіпті. Бұл – Ақмешіттің астана болған шағы.
Ақмешітті астана ету оңай болған жоқ. Сұлтанбек Қожанов «Ақжол» газетінің 1924 жылдың 17 желтоқсандағы санында «Қазақтың астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қаласы жоқтықтан, қазақтың киіз ауылында болса да қазақ ұлты жұртшылығына жуық болуы керек. Қазақ ұлт мемлекетшілігіне әдемі қала, ыңғайлы үйлер керек емес, жаман да болса өз ордасы болуы керек» – деп жазды.
Астананы анықтау жөнінде құрылған арнаулы комиссия Қазақ Автономиялы Кеңестік Республикасының астанасы болуға лайық қалалар қатарында Ақмола, Әулиеата, Шымкент, Ақтөбе, Ақмешіт қалаларын атады. Тарихи таңдау Ақмешітке түсті.
Архив құжаттарын негізге алып, тарихи деректерді сөйлетсек, 1925 жылғы 15 сәуірде Ақмешітте Қазақ АКСР кеңестерінің V съезі бастау алған. Съезд күн тәртібінде ұлттың тарихи атауын қайтару және жаңа астананың атын ауыстыру секілді мәселелер қаралды.
Осы жиында Сұлтанбек Қожанұлы кезектен тыс сөз алып, ресми құжаттарда қырғыз аталып келген қазақты қайта қазақ атау жөнінде және Ақмешіт атауын Қызылорда деп өзгерту туралы бастама көтерді. Съезде бұл мәселе сол мезетте шешілген.
Алтын ордадан тін тартатын Қызылорда сөзінің мәні біз ойлағаннан әлдеқайда терең. Сол кезде Қожановтай ел қамын ойлаған тұлғалар тарихи һәм рухани байланысты негізге алып барып, Ақмешіттің атауын өзгерткен. Оның түпкі мағынасы Алтын орда дегенге саяды. Біз бұл туралы бұған дейін жазған мақалаларымызда бірнеше дәлелмен мысал келтіргенбіз. Сол себепті де арнайылап тоқталған жоқпыз.
Бұл оқиға осыдан 96 жыл бұрын болған. Сонымен 15 сәуір ұлт атауын қайтарған әрі Ақмешітті Қызылорда атаған съезд басталған күн ретінде тарихқа енді. Съезд 5 күнге созылғанын ескерсек, 19 сәуірге дейін ұлттың тарихи атауы ресми түрде қайта қалпына келтіріліп, ел астанасына жаңа атау берілген. Бір қызығы, 69 жылдан соң, дәл осы 15 сәуірде Қызылорда қаласының қоғамдық-саяси газеті болып саналатын «Ақмешіт апталығы» басылымы жарыққа шыққан.
Сәйкестік пе, әлде Құдайдың өзі Қызылорданың тыныс-тіршілігін бедерлейтін басылымның дәл осы күні жарыққа шығуын қалады ма екен?! Бұл жағы бізге бәймәлім. Бір білетініміз, 15 сәуір ұлт атауын қайтарған әрі Ақмешітті Қызылорда атаған съезд басталған және Қызылордадағы қалалық статусы бар жалғыз басылым – «Ақмешіт апталығы» газетінің ақпарат айдынына жол тартқан күні. Бұл күн бізге осынысымен де ыстық.
Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!