Жұма, 27 желтоқсан, 06:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Аймақ құрылған күн

16.01.2021

1162 0

Өткенге көз жіберсек 1938 жылдың 15 қаңтарында Қызылорда облысы құрылған екен. Демек 15 қаңтар Сыр өңірінің тарихында аймақтың негізі қаланған күн болып саналады.

Кезінде қазақтың заңғар ақыны Әбділдә Тәжібаев:
– Жазса Тарас Днепрді,
Жазса Пушкин Еділді.
Неге маған жырламасқа,
Сырда туған елімді, – деп жырлаған екен. Бұл өлеңге Сырдың тағы бір ұлы дарынды жаңақорғандық сазгер Бексұлтан Байкенжеев ән жазып, қанша рет әуелете орындады. Бұл – туған жерден нәр алған қос дарынның өрнегі. Бірі өлең шығарды, екіншісі әнмен әрледі. Аймақ құрылған күнге орай біз де өңір шежіресіне шолу жасауды ұйғардық.
Сыр өңірі бүгінде ерекше қарқынмен дамып келеді. Соңғы деректер бойынша аймақта 800 мыңнан аса адам тұрады. Сылаң қаққан Сыр мен қарт Қаратауды, Қызылқұм мен Бетпақ даланы қабат қоныстанған облыс аумағы да кең. Оның жалпы көлемі – 226 мың шаршы шақырым. Бұл – бүкіл қазақ жерінің 8,3 пайызы. Еуропаның Австрия, Венгрия, Бельгия, Чехия, Швейцария сынды мемлекеттері облыс төңірегіне түгелдей сияды. Тіпті алпауыт саналатын Германия жері Қызылорданың аумағындай ғана екен.
Біз облыс аумағының кеңдігін ғана сөз еттік. Оның көркемдігін тілмен жеткізу, тіпті мүмкін емес. Аралдан Жаңақорғанға дейінгі аралық небір кереметтерге толы.
Ал енді Сырдың бас қаласы – Қызылорда жайында сөз қозғайық. Бұл қала Ақмешіт, Перовск, Қызылорда, секілді әр кезеңдерде әр түрлі атауға ие болған. Тарихи деректерге сүйенсек, 1818 жылы Қоқан хандығы кезінде Сырдария бойында алғаш қорған ретінде салынған. Оның ішіндегі ақ кірпіштен өрілген мешіттің түсіне сай бекініс Ақмешіт деп аталды. 1853 жылы Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовский қоқандықтармен соғысып, жеңіске жетеді. Қала Перовск аталып, 1867 жылы ол Сырдария уезінің орталығына айналады. 1922-1925 жылдары қала қайтадан Ақмешіт атанды.
Сырдария өзенінің бойында орналасқан әсем қала жыл өткен сайын дами түсті. Ол 1925-1929 жылдары Қазақстанның астанасы болды. Астана болған сәттен бұл қала Қызылорда деп аталды. Бұған дейінгі жазған мақалаларымызда айтқандай, Қызылорда атауы Сұлтанбек Қожанов пен Қоңырқожа Қожықовтың есімдерімен байланысты.
Астана мәртебесіне қол жеткізгеннен соң түрлі мекемелер мен өндіріс орындарының іргетасы қалана бастады. Орта және арнаулы оқу орындары ашылды. Тағы бір айта кетерлігі ғылыми-зерттеу, жер қыртысын зерттеу, мал дәрігерлік-бактериологиялық және де басқа институттар өз жұмысын Сыр бойынан бастаған.
Кеңес заманында қалада қатырма қағаз, аяқ киім, механикалық және күріш зауыттарымен қатар бірнеше фабрика іске қосылды. Қызылордада педагогикалық институты мен Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институттарының филиалы және бірнеше арнаулы оқу орны жұмыс істеді. Облыс көлемінде көптеген мектеп салынды.
Еліміз тәуелсіздік алған соң Қызылорда өз дамуын тоқтатқан емес. Бүгінде халықтың әл-ауқаты артып, қаланың аумағы кеңейіп келеді. Тәуелсіздік жылдары облыс аумағында 300-ден аса білім беру және денсаулық сақтау нысандары салынды. Аймақта Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік және Болашақ университеттері мен бірнеше колледждер жұмыс жасауда. Олардан білім алған шәкірттер еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салада қызмет атқаруда. Қазіргі заманға лайықталған соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған медициналық, диагностикалық және қайта сауықтыру орталықтары салынды. Мұнай кеніштері ашылып, уран өнеркәсібі дамытылуда. Әлемдегі ең ірі қорғасын-мырыш кен орны – «Шалқияның» жұмысы қайта жанданды. Шикізаттық емес секторды дамытуға да ден қойылған. Қазір тамақ, құрылыс және химия өнеркәсібін дамыту бойынша жұмыстар атқарылуда. Облыс орталығында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары өңір әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Сөзімізді ақын Махмұтбай Әміреұлының:
– Дүбірлі дүлдүлдердің ізі қалған,
Жүлделі жүйріктердің жүзі жанған.
Ежелгі Сырдың елі, жырдың елі,
Киелі, қасиетті – Қызылордам, – деген өлең жолдарымен аяқтағанды жөн санадық.

А.АҚЫЛБЕК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: