Алаш арыстарының ішіндегі орны бөлек тұлғаның бірі – Міржақып Дулатұлы. «Оян, қазақ!»деп ұран салған ақын сөз зергері ғана болып қойған жоқ, ол – мемлекеттік деңгейдегі қайраткерлікке дейін көтерілген азамат. Оның Қазақ елі үшін жасаған ұшан-теңіз еңбегі бар.
Міржақып Дулатовтың ақындығы, жазушылығы, қайраткерлігі, елдік мүдде жолындағы күрескерлігі, туған жері, өскен ортасы, қаламгерлігі қалың оқырманға белгілі. Ал оның Сыр өңірімен қандай байланысы бар?
Бұған дейін Ахмет Байтұрсыновқа қатысты жазған мақаламызда Міржақыптай алыптың аяулы қызы Гүлнәр Дулатованың «Алаштың сөнбес жұлдыздары»және «Шындық шырағы»атты естелік еңбектеріндегі мәліметтерді негізге алған едік. Сонда: «Қызылордаға келісімен орналасқан үйіміз Ерғали Қасымов төренің үйі болатын – Садовая, 7. Кейін Селиверстова, 17. Үйдің бір бөлігі Байтұрсыновтың семьясына қарайтын да, ал екінші бөлігінде біздер – Дулатовтың семьясы тұратынбыз», – деп еске алған Г.Міржақыпқызы.
Бұдан Міржақып Дулатұлы 1925-29 жылдары Қызылорда астана болып тұрған кезде Селеверстов 17-ші үйде тұрғанын көреміз. Осы жерде өзінің көптеген әдеби туындысын өмірге әкелген. М.Дулатұлының отбасында қазақтың сол заманының белгілі зиялылар тобы, небір майталман ақын-жазушылары мен жезтаңдай әншілері қонақта болып, осы үйден дәм татып, мәжіліс құрса керек. Атап айтсақ, Нәзипа Құлжанова, Ілияс Байменов, Серке Қожамқұлов, Мұхтар Әуезов, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Мағжан Жұмабаев, Әлкей Марғұлан, Смағұл Сәдуақасов, Қошке Кемеңгеров, Әлібек, Әуелбек Қоңыратбаевтар қонақта болған. Бұл туралы М.Дулатұлының қызы Гүлнар Міржақыпқызы естелік кітабында: «Біздің үйде болған кісілерді сағынышпен есіме түсіріп, көз алдымнан өткізіп, тізімін жазып шыққанымда, есімде қалғандары ұзын саны – 114-тен астам екен», – деп еске алады.
Бүтін болмысты, Абайдың тілімен айтқанда “толық адам»деп кімді айтамыз дейтін болсақ, мен бірден Алаш арыстарын соның ішінде Міржақып Дулатұлын айтар едім. Оның бірнеше себебін келтіруге болады. Алаштың ақ семсер арыстарының бірі саналатын Міржақып Дулатұлының қым-қиғаш тағдыры, өмір сүрген уақыты Қазақ даласындағы дүние дүрбелеңіне тура келді. Мүмкін, бұл оның бағы да шығар… Өмірін елге арнады, жүрегін кернеп шыққан жырларында да қазақы сипат басым. Тағдырлы тұлғаның Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш майданының алдыңғы шебінде жүргенінің өзі оны нағыз қайраткер ретінде тануға мүмкіндік береді.
«Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,
Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.
Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі –
Пайдалан шаруаңа жараса, алаш!» – деген өлең жолдарынан Міржақып Дулатұлының өзін халықтан төмен санайтынын, ойпаң жерге біткен аласа ағашқа теңегенін көруге болады.
«Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі» деген жолдан Міржақыптың ел үшін еңбек етуді бақыт санағанын көреміз. Біздің жоғарыда айтқан сөзімізге осы бір шумақтың өзі-ақ дәлел десек, артық айтқандық болмас. Дегенмен Әлиханның ең сенімді екі серігінің бірі болған Міржақыптың атақты «Оян, қазақ!»өлеңі түбі бір түркі халықтарының ұранына айналғаны белгілі. Заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбеков,«Оян, қазақ!» – бұл сөздің құдіреті де қасиеті де сол – осы отты өлеңнің жарық көргеніне ғасырдан астам уақыт өтсе де, сол қаны тамшылаған өзекті күйінде қалып отырғандығы; бүгінде қазақ байтағын індеттей жайлаған бойкүйездік, самарқаулық, жалқаулық, еріншектік, қысқасы, ұлтымызды ұлық істерден кері тартып отырған барша кесапаттарды тап басып айта білген, содан арылуға үндейді, намысқа шақырады. Сондықтан да тағы да «Оян, қазақ!»– деген пікір білдіреді. Енді осы өлеңнен мысал келтірейік.
«Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,
Қазағым, енді жату жарамас-ты».
Сол тұста ат төбеліндей ғана қазақ оқығандары қаламды қару етіп, ел болашағы үшін зиялы түрде күрес жүргізді. Өзіндік биігімен тарихта қалған, қазақ әдебиеттану және қазақ тіл ғылымдарының негізін қалаған Ахмет Байтұрсынов саяси ұйқыда жатқан халықты ояту үшін “Масасын»жазады. Алаштың Әлиханы атанған, “Тірі болсам қазаққа қызмет етпей қоймаймын»деген Әлихан Бөкейханов орыс газеттеріне қазақ жерін қалай болса солай тартып алып жатқан, бұратана санап, езгіде ұстауды көздеген патша саясатына қарсы мақалалар жазды. Небары 27 жыл өмір сүрген Сұлтанмахмұт Торайғыров «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам»деп тебіренді. Ал Міржақып болса өз замандастары секілді үн қатып «Оян, қазақ!»деп ұран салды. Оның “оян»идеясы түгел түркінің ұстанымына айналды. Түрік халқының реформаторы, саясаткер Ататүріктің «Оян, түрік!»деп ұрандауының түп-төркінінде Міржақыптың өлеңі жатыр. Оны бүгінде түрік ғалымдарының өзі де мойындайды.
Руханият пен ізгілікті қаруына айналдырған қайраткерлердің қатарында болған Міржақып Дулатов ұлттық-демократиялық мемлекет құрудың жолын қарастырған тұлғаның бірі еді. Міржақыптай қайраткер өзге де Алаш арыстарындай өз өмірі мен амандығынан бұрын елдің бостандығын, ұлттың дербестігін бірінші кезекке қойды. Ол Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан сынды алыптармен бірге “Қазақ»газетін шығарған. Бұл газет 1913-1918 жылдары Орынбор қаласында жарияланып тұрған қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылым ретінде белгілі. “Қазақ»газетінің сол кездегі қоғамды оятуға, саяси ұйқыда жатқан халықтың санасына сілкініс жасауға қосқан өзіндік үлесі бар. Тарихшы Мәмбет Қойгелді еңбектерінде Міржақып Дулатұлы туралы: «Ол өте жылдам әрі өте өткір тақырыптарды жазған. «Қазақ»газеті сондай сапада, сондай биіктен көрінуіне, меніңше, бірден-бір Міржақып Дулатұлына қарыздар. Жалпы Міржақып Дулатұлы қазақ журналистикасын жаңа сапаға көтерген адам» – дейді.
Негізінен Міржақыптың газет-журналға деген көзқарасы ерекше еді.
«Білесіз дүние жүзі толған халық,
Олардың арасында бар көп парық.
Алты айлық алыс сапар аралары,
Тұрады бір-бірінен хабар алып.
Шашатын сол хабарды газет-журнал,
Хал-жайын, шаруаларын түгел жазып.
Жетеді күн батысқа жұмасында,
Оқиға күн шығыста болған анық.
һәр жұрттың күзетшісі, көз-құлағы,
Айнадай оқушыға бәрі жарық.
Болса егер қауіп-қатер, жау менен жұт
Білгізер күні бұрын еске салып», – тебіренеді.
1909 жылы Міржақыптың тұңғыш өлеңдер жинағы Қазан қаласында «Оян, қазақ!»деген атпен басылып шығады. Қазақ қоғамы ішінде рухты өлеңнің ықпалы өте әсерлі еді. Алашорда үкіметі тарихи сахнаға шыққан 1917 жылы Міржақып үкіметтің белді мүшесі, ұлттық мемлекеттіліктің бағдарламасын жасаушылардың бірі болды. 1916 жылы бірінші дүниежүзілік соғыс зардабын тартып, қырғынға ұшыраған елге көмектесу мақсатында Семей «Жанар»жәрдем қорын құрды. 1921-1922 жылы қазақ даласын ашаршылық жайлағанда Міржақып Дулатұлы мен Жүсіпбек Аймауытов бірнеше айда 15 мың бас ірі қара жиып, үлестірді. Алаш арысы Міржақып Дулатұлының ұлтқа деген жанашырлығын кеңестік үкімет түсінбеді. 1928 жылы ол қамауға алынып, екі жылдан кейін ату жазасына кесіледі. Кейін сот үкімі он жыл абақты жазасымен ауыстырылды. Міржақыптай қайраткердің «Оян, қазақ!» кітабынан кейін 1913 жылы Орьнборда »Азамат», ал 1915 жылы «Терме» атты өлеңдер жинағы басылып шығады. Өзінің шығармашылық жолын өлеңнен бастаған ол проза жанрына да қалам сілтейді. 1910 жылы оның осы жанрдағы туындысы «Бақытсыз Жамал» романы Қазан қаласында басылып шықты. Бұл қазақ әдебиетіндегі таза көркем проза үлгісінде туған тұңғыш роман еді. Кітап 1914 жылы екінші peт қайта басылды. Міржақып бірқатар мақалалар мен фельетондар жазды. 1922 жылы Ташкентте екі бөлімнен тұратын «Есеп кұралы» оқулығын бастырады. Бұдан М.Дулатовтың әдебиетке ғана емес, математикаға да жүйрік болғанын аңғарамыз. Сондай-ақ «Балқия»пьесасын жазды.
1924 жылы Орынборда «Қирағат кітабы», Қызылорда да «Есеп құралының»жаңа басылымы жарық көреді. Кейін бұл оқулықтар үш-төрт жыл сайын басылып тұрған. Ал енді осыған журналистік, аудармашылық қызметті қоссақ, тынымсыз еңбекпен өткен ғұмырын айқын елестетеміз. Қызылорда қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің журналисі Ақмарал Олжабаева: «… Бір ғана 1925 жылдың өзінде В.Лениннің «Жаңа үнем саясаты», «1905 жыл төңкерісі»атты еңбектерді аударып, Қызылордада бастырып шығарады. Сондай-ақ 1926 жылдан бермен қарай жарық көрген қазақ кітаптарының библиографиялық көрсеткішін әзірлеген», – деп атап өтеді өзінің «Алашты оятқан «Оян, Қазақ!» атты мақаласында.
Кезінде «Қазақ» газетін шығарушының бірі болған Міржақып Дулатұлы Қызылордада журналистік қызметін жалғастырған. Оның бұл жерде көптеген мақаласы басылған. Оның барлығы дерлік ұлт тағдырына, тарихына қатысты десек, артық айтқандық емес. Мәселен, «Еңбекші қазақ» газетінің 1926 жылғы 8 шілдедегі №145 санына «Он алтының ойраны» атты 1916 жылғы тарихи жағдайдан хабар беретін, ұлт-азаттық көтерілісті негіз еткен мақаласы басылды.Сондай-ақ «Жаңа мектеп» журналының 1926 жылғы №11-12-13 сандарында «Торғай уезіндегі 1916 жыл уақиғасы» атты «Торғайлық» деген бүркеншік атпен М.Дулатовтың көлемді мақаласы жарияланды. Оның мақаласының басы «Татыр соғысы» деп аталып, онда маусым жарлығына қарсы келгендерді басуға Торғай уезі басшысы Ткаченконың басшылығымен 80 шамалы атты казактардың шығып, елді дүрліктіріп, ұсталғандарды ұрып-соққандығы айтылады. Бұл жайында «Сыр журналистикасының тарихы» атты бес томдық еңбекке енген ғалым Сағат Тайманның «Қазақ баспасөзі және кеңестік билік» атты мақаласында жазылған.
Қызылорда астана болған шақта Міржақып Дулатовтың мақалалары елдегі басқа да газет-журналдарға жарияланып жатты. «Әйел теңдігі» журналына жарияланған М.Дулатовтың «Қазақ әйелі» деп аталатын мақаласында қазақ қыздарын әдет-ғұрып бойынша атастыруы бесіктен басталатындығы, тіпті кей жағдайда ананың құрсағында жатқан кезде атастыратындығы, бұл «қарғы бау» деп аталатындығы келтірілген. Ол «құда болу, киіт кию, мінт алу» сияқты жоралғымен жалғасатындығы, егер қызды атастырған адам қайтыс болса, оны «әмеңгерлік» жолмен ағасы немесе інісі, туысқандарының бірі алатындығы айтылады. Бұл жерде автор малы бар шалдың жас қызды атастыратындығын, «Қызды шал екең алмайды, мал екең алады» деген мақалдың туындағаны осыдан дейді.
Қызылордада жарық көріп тұрған мерзімді басылымның бірі – «Қызыл Қазақстан» журналы. Бұл журнал тарихи мақалаларға өте бай болды. Қазақ тарихын жазу мәселесі ХХ ғасырдың 20 жылдары бірнеше рет мерзімді басылымдарда көтеріліп, қазақ зиялылары келешек ұрпақ үшін халықтың ұмыт болып бара жатқан тарихын жазуға шақырды. Тарихшы Сағат Тайман жоғарыда аты аталған мақаласында осы уақытта қазақ тарихшылары өз еңбектерін «Қызыл Қазақстан» журналына жариялағанын айтады. Қатаң саясатқа қарамастан халқымыздың асыл құндылығы – шежірелер, оның жазбаша нұсқасы өз жалғасын тапты. Ұлтымыздың баға жетпес қазынасын келешекке жазып қалдыруға тырысты. М. Дулатовтың «Қызыл Қазақстан» журналына шыққан «Қазақ-қырғыз тарихы туралы», «Қазақ-қырғыздың аты, тегі туралы» атты мақалаларында қазақ пен қырғыздардың ұқсас тайпалар болмағанменен, екеуі екі бөлек этнос екендігін, тарихы мен мәдениетінде, тілінде алшақтық көп екендігі атап көрсетілді. Бұл мәлімет Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясының жаршысында 2007 жылғы №1(14) санына жарияланған.
Қызылордадағы журналистік қызметін Міржақып Дулатұлы 1929 жылға дейін жалғастырған. Нақтырақ айтсақ, 1928 жылдың желтоқсанында тұтқындалғанына дейін осы қызметті атқарған. Алаш қайраткерінің айдауға кетерінде қызы Гүлнәр Міржақыпқызына: «Есің кіріп қалды ғой сенің, Гүлнәрім. Анаңа сүйеніш бол. Сабағыңды жақсы оқы. Біздің істеген ісіміз ақ болады. Соған сенемін. Мықты болыңдар», – деп айтқан екен.
Бүгінде Міржақып Дулатұлы жайлы жазылған еңбектер баршылық, әлі де жазыла береді деген ойдамыз. Өйткені оның өнегелі өмірі мен ғибратқа толы шығармашылығы әлі де зерттеуді, түп-тұқиянына үңілуді қажет етеді. «Тенгри ньюс» сайтына 2019 жылдың 25 қарашасында Есет Тулештің «Міржақып Дулатұлы неге түрмеден қашудан бас тартқан?» атты мақаласы жарияланды. Онда: «Дулатұлы екі жылын Бутыр түрмесінде өткізіп, кейін Соловецкий лагеріне жіберілген. Сол кезде дін қызметшісі Павел Флоренский оны танып, ауруханаға фельдшер етіп жұмысқа тұрғызған. Кейін Мұстафа Шоқай оны Франциядан барған сауда кемесі арқылы түрмеден алып қашпақ болған. Бірақ Міржақып кейін отбасына кесірі тиюі мүмкін деп, қашудан бас тартқан» – деген мәлімет келтіріледі. Лагерьде жазасын өтеген Міржақып Дулатұлы 1935 жылы ауыр науқастан көз жұмды.
1988 жылдың 4 қарашасында Республика Жоғарғы соты қылмыс құрамы болмағандықтан Міржақып Дулатұлын біржола ақтап, шешім шығарды. Бір айта кетерлігі, Міржақып Дулатұлы дәл Гүлнәр қызының туған күнінде ақталған. Міржақыптанушы Марат Әбсеметов 1990 жылы жанкешті іздену мен саяхат барысында Ресейдің қиырындағы Соловки аралындағы Карелияның Соловецк поселкесінен ақынның қабірін тапты. Бірнеше зерттеу-сараптама негізінде мүрдесінің дәлдігі тұжырымдалды.
Кезінде алаш арыстарының әдеби мұраларын зерттеумен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің арнайы комиссиясы айналысқан болатын. Ал бұл комиссияны белгілі қоғам қайраткері, академик Жабайхан Әбділдин басқарған еді. Қаламгер Жарасбай Сүлейменов Жабайхан ағадан сұхбат алып, жалған жаланың құрбаны болған зиялыларды ақтау жұмыстарының қалай жүргенін республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне жариялады. Осы сұхбатта Міржақып Дулатұлын ақтау үшін материал жинауға қайраткердің қызы Гүлнәр апамыздың көп септігі тигені жазылған. Гүлнәр Міржақыпқызы әкесінің еңбектерін өмір бойы сақтап келген. Оның өлеңдерінен өзі өмір сүрген кезеңнің бет-бейнесін көруге болады.
«Ғазиз басым құтыла алмай жаладан,
Жаудың қолы босамай тұр жағадан.
Жүректі жаншып, жанға түскен ауыр тас,
Ашу тасып, тамырды қуып тараған». Бұл шумақтағы оқиға сол кезеңде алаш арыстарының барлығының басынан өткені тарихтан белгілі. Міржақып қоғамның дертіне ем таба алмағанына іштей күйінеді. Жан тебіренісін:
«Ем таба алмай дертіңе мен ертеден,
Сол бір қайғың өзегімді өртеген.
Тырп етпейсің бас көтеріп көрпеден,
Еңсең неге түсті мұнша, елім-ай?» – деп жырға қосады. Заманы алмағайып болса да келер ұрпаққа жаңа талап қойылып жатқанын өлеңіне арқау етеді.
«Кез болған соң кер заман біздің баққа,
Жау жарағын асырып, міндік атқа.
Ел бастайтын ерлерге бұл бір зор сын,
Жаңа талап, жас ұлан, қарап жатпа», – деп жүрек тебіренісін өлеңмен өрбітіп, алаштың алдаспанына айналады.
Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!