АҚШ Құпия қызметі 2001 жылғы 11 қыркүйекте Дүниежүзілік сауда орталығына жасалған террорлық шабуыл кезінде түсірілген, бұрын соңды жарияланбаған суреттерді көрсетті, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қызметтің Twitter-дегі ресми парақшасына сілтеме жасап.
Кадрларды қайғылы оқиға орнында жұмыс істеген қызметкерлер түсірген.
«Ешқашан ұмытпаймыз», – делінген сурет сипаттамасында.
Құпия қызмет сайтында видео да жарияланды.
«2001 жылғы 11 қыркүйектегі қайғылы оқиғаның 20 жылдығына орай АҚШ-тың құпия қызметі қаза тапқандарды еске алады және қызметкерлеріміздің оқиғасын мақтанышпен бөліседі», – делінген видео сипаттамасында.
Осыдан 20 жыл бұрын, 2001 жылдың 11 қыркүйегінде АҚШ-та адамзат тарихындағы ең ірі террористік шабуылдардың бірі болды. Үш мыңға жуық адам қаза тапты. Екі ұшақ Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығының мұнараларын тас-талқан етті, үшіншісі Пентагон ғимаратына құлады, ал тағы біреуі Пенсильваниядағы Шанксвилл маңына түсті. Лаңкестік әрекетті «Әл-Каида» экстремистік тобы жоспарлаған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!