Жұма, 22 қараша, 01:34

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Астана болған қалалар

01.03.2022

1669 0

Кез келген мемлекеттің астанасы саяси-әкімшілік орталық қызметін атқарады. Қазақ жерінде де астана мәртебесіне ие болған қалалар аз емес. Тарихымыздың түркілік кезеңіне жататын Батыс Түрік, Түргеш және Қарлұқ қағандықтарының астанасы Суяб қаласының іргесі қазіргі Қырғызстан Республикасының аумағында V-VI ғасырларда қаланған. Шу алқабындағы Баласағұн қаласы Батыс Түрік қағандығының, Қарахан және Қарақидан мемлекеттерінің бас қаласы ретінде жазба деректерде Х ғасырдан бастап белгілі. Тараз қаласы Х ғасырдан бастап Қарахан мемлекетінің астанасы және Ұлы Жібек жолындағы жетекші сауда орны болды. Тарихы VII ғасырдан басталатын Түркістан облысындағы Сайрам, Х ғасырдан бастап белгілі Отырар қалалары да өте көне астаналардың қатарына жатады. IХ – ХI ғасырларда қазіргі Қызылорда облысы, Қазалы ауданының аумағында орналасқан Жанкент қаласы оғыздар мемлекетінің өркендеген астанасы болды. Сонымен бірге Орталық Қазақстандағы Орда-Базар, Сыр бойындағы Женд, Сауран мен Сығанақ қалалары да сан рет бас қаланың рөлін атқарған. Мысалы, Орда-Базар қаласы Жошы ұлысының астанасы болған. Қазір ХIII ғасырда қала орналасқан жерде Жошының мавзолейі бар.

Қазақ хандығының 1456-1457 жылдардағы алғашқы астанасы – Шар қаласы. Қаланы Қозыбасы тауының маңынан Шу өзенінің жоғарғы жағынан қазақ сұлтандары салдырған. Қала жаңа құрылған мемлекеттің сыртқы және ішкі қауіпсіздігі үшін құпия қала болып есептеледі. Көп жағдайда іргетасы ХІІІ ғасырда Қаратау мен Мойынқұмның Бетпақдаламен шектесетін тұсында қаланған көне Созақ қаласы астана ретінде қарастырылады. 1480-1511 жылдары қазақ хандығының бас ордасы Сығанақ қаласында болды. Қаланың орны қазіргі Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы «Сунақ ата» елді мекенінде орналасқан.

1511-1523 жылдары Сарайшық Сығанақтан кейінгі Қазақ хандығының астанасы болды. Қасым хан өз уақытында ел астанасын Сығанақтан Сарайшыққа көшіреді. Қала Атырау қаласының солтүстігінен 55 ша-қырым жерде Жайық өзенінің оң жағалауында орналасқан. Іргесі XI ғасырда қаланған көне қаланың жалпы аумағы 100 гектар. Көне қала аумағында қазақ халқына толықтай мойындалған 12 әулиенің, жеті ханның сүйегі мен бір ханның басы жерленген.

Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласының тарихи орны ерекше. Түркістан Тәуке, Қайып, Әбілқайыр, Сәмеке, Әбілмәмбет, Сейіт, Есім, Болат, Абылай, Тоғай хандардың тұсында қазақтардың айбынды астанасы болды. Жоғарыда аталған қалалардың кейбірі бүгінде тарих қойнауына сіңіп, архео-логиялық зерттеу обьектісіне айналса, енді бірі ғасырларды артқа тастап бізге дейін жетіп отыр .

Ресей империясының отарлау саясаты қазақты бірліктен, жерден айыра бастады. Ол туралы ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген айтыскер ақын Мұрат Мөңкеұлының:

«…Әуелі жеңіп орыс Еділді алды,

Сарытау, Аштарханның жерін алды, – деуі тегін емес. Сарытау, Аштархан деп отырғаны қазіргі Ресейдің Саратов және Астрахань облыстарының жерлері. Одан әрі қазақтың басқа жерлері «генерал-губернаторлық-облыс-округ-болыс-ауыл» болып, бес сатылы әкімшілік басқару жүйесіне көшеді. Сырдария және Жетісу облыстарының орталығы Ташкенттен, Орал мен Торғай облыстары Орынбордан, Ақмола мен Семей облыстары Омбыдан басқарылды.

1917 жылы Қазақстанда Алашорда үкіметі құрылып, саяси-әкімшілік орталық ретінде Семей қаласы таңдалады. Алайда Алашорда үкіметі де, Алаш зиялылары астана деп таныған Семейде кеңес өкіметі тарапынан ресми мойындалмады.

ХХ ғасырда Қазақстан астанасын төрт рет ауыстырды. Алдыңғы үш астананы ауыстыру Мәскеудің пәрменімен іске асты. 1920 жылы 26 тамызда Бүкілресейлік ОАК мен РКФСР ХКК «Қырғыз автономиялы социалистік кеңес республикасын құру туралы» декрет қабылдады. РКФСР ОАК-тің 1920 жылы 22 қыркүйектегі жаңа декретімен Орынбор губернаторлығы мен Орынбор қаласы Қазақ АКСР құрамына қосылады. Орынбор Қазақстанның бас қаласы болып жарияланады. 1925 жылы Орталық Азиядағы ұлттық-аумақтық межелеуден соң Сырдария және Жетісу облыстары, Қарақалпақ автономиялық облысы Қазақ автономиялық республикасы құрамына енеді. Осы тұста ел астанасын шалғайда орналасқан Орынбор қаласынан ауыстыру мәселесі көтеріледі. 1924 жылы қыркүйекте Қазақ АКСР-і ОАК-нің сессиясы ел

астанасын Ташкентке ауыстыру, оған рұқсат етілмеген жағдайда Шымкентке көшіру жайында қаулы шыға-рады. Алайда И.В.Сталиннің нұсқауымен республика астанасы Ақмешітке ауыстырылады. 1925 жылы 9 ақ-панда Қазақ АКСР-і ОАК мемлекет астанасын Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы шешім шығарады. Сол жылы 15-19 сәуір аралығында Ақмешітте өткен Кеңестердің Бүкілқазақстандық V съезі халқымыздың орысша «киргиз» деп аталуын «қазақ», «Киргиз АКСР-і» атауын «Қазақ АКСР-і» деп өзгерту және республика астанасы Ақмешіт қаласының атауын Қызылорда деп атау туралы қаулы қабылдады.

Сыр бойының экономикалық және табиғи жағдайы қолайсыз дегенді желеу еткен Ф.И.Голощекин басқарған Қазақ өлкелік комитеті ел астанасын Қызылордадан Алматыға ауыстыруды жөн деп тапты. 1927 жылы 3 наурызда «Қазақстан астанасын Алматыға көшіру туралы» республиканың ОАК мен ХКК-ның қаулысы жарияланады. Бұл қаулы 1927 жылы 3 сәуірде Қазақстан Кеңестерінің VІ съезінде бекітіледі. 1927 жылы 30 мамырда Мәскеу бұл шешімді мақұлдады. Ел астанасының Сыр өңірінен Жетісуға ауысуына Түркістан-Сібір теміржолының іске қосылуы да әсер етті. Ауа райы қолайлы, табиғи көркем жерде орналасқан Алматы аз уақыт ішінде елдің саяси, экономикалық, мәдени орталығына айналды. 1936 жылы Қазақ АССР-ы РКФСР құрамынан бөлініп, Қазақ ССР-ы болып қайта құрылды. Алматы қаласы 1929-1936 жылдары Қазақ АССР-ның, 1936-1991 жылдары Қазақ ССР-ының, 1991-1997 жылдары Қазақстан Республикасының астанасы болды.

1991 жылы Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін астананы елдің оңтүстік-шығысынан республиканың орталығы бөлігіне көшіру мәселесі көтерілді. Мемлекеттің жаңа астанасын орналастыруға оңтайлы қаланы анықтау мақсатымен республиканың бүкіл аумағы мұқият зерттеліп, талдау қорытындылары барлық нұсқалардың ішінен ең қолайлысы Ақмола қаласы екендігін көрсетті. 1995 жылы 15 қыркүйекте ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының аста-насы туралы» заңдық күші бар Жарлығы жарияланады. 1997 жылы 20 қазанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның жаңа астанасы Ақмола қаласы болғанын ресми түрде жариялады. 1998 жылы 6 мамырда Президент Жарлығымен Ақмола қаласының аты Астана болып өзгертілді. Қаланың халық-аралық таныстырылымы 1998 жылы 10 маусымда өтті. 2019 жылы 20 наурызда Астана қаласының атауы ресми түрде «Нұр-Сұлтан» деп өзгертілді.

Қазақ – қасиетті даласынан табан аудармаған көне дәуірдегі сақтардың, ғұндардың, байырғы түріктердің ұрпағы.

Серік ТҰРЫМТАЕВ,

№30 орта мектептің мұғалімі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: