Жұма, 22 қараша, 03:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Берлинге жеткен жауынгер

06.05.2023

733 0

Сұрапыл соғыстың тарихы, Отан­ды қорғау  үшін болған қанды шайқастарды біз кинолардан көріп, кітаптардан оқып шошып, бойы­мызда үрей пайда болады. Кескі­лескен майданның қақ орта­сында жүріп, жаумен бетпе-бет келіп, жан алып, жан беріскен жауынгерлердің ерліктері кейінгі ұрпақтың бойында патриоттық сезімді оятады. Бүгінде сол жеңіс солдаттарының қатары си­реп қалды. Ал біздің кейіпкеріміз – Төлеген Жүнісов жеңістің  жетпіс се­гізінші көктемін қарсы алғалы отыр­ған қарт майдангер.

Төлеген Жүнісов 1923 жылы 20 желтоқсанда Тереңөзек ауданы, Жаңарық ауылында дүниеге келген. 1933 жылғы жаппай ашаршылық оны ата-анадан айырды. Осылайша балалық шағын балалар үйінде өткізуге тура келді. Бауырларымен жетімдер үйінде тәрбиеленді. Қапыда туғандарынан көз жазып қалды. Сол кезде туғанынан айырылудың қандай екенін Төлеген атаның жанының қиналғанынан-ақ түсіндік. Өмірдегі жалғыздық, бауырларына деген са­ғыныш, оларды бір көрсем деген арманы әлі күнге дейін ол кісінің көкірегін сыздатады. Қиналса да мойымай, алға қарай ұмтылғанымен, оған өмірдің жақсылығы оңайлықпен келе қоймады. Енді ержетіп, бауыр­ларымды тауып қосыламын деп жүргенінде бір бүйірден келген зұлмат соғыс оны қан майданға аттандырды.

1942 жылы қаңтарда қызыл әскер қатарына қабылданып, кіші командирлер дайындайтын курста білім алады. «Дабыл қағады әйтеуір, тындырмайды.  Винтовканы қалай ұстап, қалай  атуды үйретті. Қалай соғысуды үйретті. 682-атқыштар полкінде Украинаны жаудан азат ету ұрысына қатыстым. Траншеяда жатып, немістің «тигр» деген 2 танкісін жарып жібердім. Жаңағы танкке гранат лақтырғанда астын­дағы шынжырлары түсіп, отқа оранды. Бір рет үш адам «тіл» алып келуге бардық, қалың тоғай, қолымызда таяқ, жол балшық. Бал­шық болғанда да аяғыңнан жабысып айырылмайтын ұйық екен. Бір-бірімізді тартып зорға өттік те, жолға шығып оның арғы бетіне өттік. Немістер қайта-қайта ракетамен атып, жарық түсіріп жатыр. Немістің бір офицері келе жатыр екен. Оңтайлы сәтін күтіп,  әлгі немісті қолға түсірдік. Үстімізде ақ халат. Жаңағы тұтқынға алған офицерді үшеулеп ұстап, әзер сүйрелеп, зорға жеткіздік» дейді қарт майдангер. 

Берлинге тіккен туды көру бақыты бұйырған майдангер со­ғыстан  кейін бірден елге қайтпайды. Сол жерде қызметке қалады. 1946 жылы елге оралып, 1983 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін теміржол саласында жол жөндеуші болып жұмыс істеп, абыройлы  еңбек етеді.

Жауынгерлік ерлігі үшін І дә­режелі «Ұлы Отан соғысы» ордені, «Германияны жеңгені үшін», «За боевые заслуги», «За отвагу», «КСРО қарулы күштеріне – 60 жыл», «КСРО қарулы күштеріне – 70 жыл» және бейбіт күндерде «Еңбек ардагері», «Астанаға – 10 жыл» медальдарымен марапатталған. Төлеген Жүнісовке «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені» ұрыс кезінде жаудың соғыс қимылына қажетті құрал-жабдықпен жасақталған және жан-жағын, алды-артын жіті қарап, бақылай алатын «Тигр» атты қос танкісін жарып жібергені үшін беріледі.

– Рейхстагқа ту тігілген сәтті әлі күнге дейін ұмытпаймын. Мұржаның түбіндегі кесектер алынып, сол жер­де ту желбірегенде жүрегіміз толқып қатты қуандық. Оның әсерін сөзбен жеткізіп, айта алмаймын.  Қуаныштан бәріміз бір жылап, бір күліп қоямыз. Енді соғыс болмасын. Аспанымыз ашық, еліміз аман болсын. Біз көрген дүлей соғысты  ұрпағымыз көрмесін. Бейбіт күн, тыныштық болсын, – дейді Төлеген қария.

Бүгінде қарт жауынгер үш пер­зентінен 9 немере, 6 шөбере сүйіп, бақытты ғұмыр кешуде. Шаңы­рақтың шырайын кіргізіп отырған 100-ге келген қария бізді ақ батасын беріп шығарып салды.

Г. АСҚАРҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: