Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 19:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Бес ел президентінің алдында арнау айттым

02.10.2021

1187 0

«Бұл жасқа келгенше жаман өткіздік пе, жақсы өткіздік пе, білмеймін, әйтеуір, бірталай өмірімізді өткіздік» деп басталатын Абайдың қара сөзіндегідей көп сауалға жауап іздеген алуан кезеңдерді бастан өткеріп келеміз. Елден ерекшелейтін ештеңем жоқ, жұрт қатарлы ғұмыр кешіп келемін. Тек өзге ғұмырлардан менікінің артықшылығы болса, ол – тәңірімнен құт болған жалын жырым, қайта келмес абыройлы сәттерім. Сосын жаныма жиылған жарқын жүзді жақсыларым.

Еліміз алғаш тәуелсіздік алған жылдары есімде қалған қызықты сәттер көп. Соның бірі 1992 жылы Алматы қаласында өткен бүкіл дүниежүзі қазақтарының құрылтайы еді. Сол құрылтайда сырбойылықтар үлкен ақ боз үй тікті. Елден шыққан өнімнің барлық түрін әзірлеп, қолөнер шеберлері өз туындыларын көрмеге қойды. Сонда Елбасының алдынан арнау айтып шығып былай дегенім есімде.

«Ассалаумағалайкум Нұр ағамыз,

Көргенде дидарыңды қуанамыз.

Қанеки, қонақ болып төрге шықшы,

Дастарханын жайып тұр Сыр Анамыз», – деп төкпелетіп жібергенмін. Сонда Алматы аспанында кенеттен ақша бұлт пайда болып, ақ жаңбыр жауа бастады.

Сол сәтте домбырамды қайта қағып жіберіп:

«Патшада бір құдайдың құлы емес пе,

Халықтың таңдап сүйген ұлы емес пе.

Өзіңмен еріп келген аппақ жаңбыр,

Болашақ қазағыңның нұры емес пе», – дегенімде Нұрсұлтан Әбішұлы күліп жіберді. Сонымен ішке дастарханға кіріп, дәм ауыз тиді. Содан кейін ел арасында «Нұрекең қайда барса да ақ жауын жауып тұрады» деген сөз пайда болды. Ол бір ұлы құбылыстың қасиеті болса керек-ті. Бұл тәуелсіздіктің алғашқы жылдары есімде қалған қызықты сәттердің бірі болатын.

Тағы бір есімде қалған қызықты сәт, 1993 жылы Арал мәселесіне қатысты ортақ мәміле жасауға Сыр өңірінде бес мемлекеттің перзиденттері бас қосты. Сонда сазгер, ақын, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Елена Әбдіхалықова екеуміз арнау айтқанбыз. Сонда Қырғыз Республикасының президенті Асқар Ақаевқа арнап:

«Туған жер менің киелім,

Басымды оған иемін.

Нағашыңның ауылына

Қош келдің, Асқар жиенім,

Ауылыма алғаш кеп қалдың,

Ақ маңдайыңнан сүйемін, – дегенімде Нұрсұлтан Назарбаев: «Біздің қазақтың ақындары басын ие де біледі, басын иген адамның маңдайынан сүйе де біледі», – деп айтқаны есімде қатты сақталыпты.

Индияның бірінші премьер-министрі Нарасимха Раоның Қорқыт баба кесенесіне келген кезі де күні кешегідей жадымда жаттаулы. Қасында хатшысы бірге еріп келді. Сол кездегі облыс әкімі Сейілбек Шаухаманов, аудан әкімі Жақай Бодықбаев бәріміз Қармақшы ауданынан қарсы алдық. Сонда Индиядағы Радж Капурдың әнімен баянмен арнау айтып қарсы алғанымда Нарасимха Рао өз елінің әнін естіп ризашылығын білдірген болатын. Туымы бөлекті де таңқалдырған бұл қазақтың өнері еді. Одан кейін Түркияның президенті Сүлеймен Демирелге арнау айтып, ол кісі де айрықша ризашылығын білдіріп, дастархан басында жүз доллар берді. Ол кезде доллар біздің нарықта жоқ. Сол Сүлеймен Демирел сыйлаған доллар әлі сақтаулы. Жүз жырау шыққан қасиетті Қармақшы ауданында сол кездегі аудан әкімі Жақай Бодықбаев пен жары Шәрбан Тәжмаханқызының шаңырағынан Нарасимха Рао дәм татып, айрықша алғысын білдірді. Тәуелсіздікке жаңа қол жеткізіп жатқан жас мемлекеттің халқының көңілінде ертеңгі күнге деген қобалжу көп болатын. Сондай сәттердің барлығын ысырып қойып, келген қонағының алдына барын тосатын біздің қазақтың ақ жүрек аналары осы Шәрбан апаларымыз еді.

Бүгінде армандаған бақыттың бәріне қол жеткіздік. Кез келген адамның үйінде сілкіп салар оюлы көрпесі мен жаюлы дәм толы дастарханы даяр. Тәуелсіз еліміз, бұйырса, бұданда зор жетістіктерге жете бермек. Мен соған кәміл сенемін.

Серік ЫДЫРЫСОВ,

ҚР Мәдениет саласының үздігі,

Қармақшы ауданының Құрметті азаматы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: