Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

«Дудар-ай» Мариямның әні емес

31.08.2021

1312 0

Тақырыпқа арқау болған осы бір әнді көбіміз жақсы білеміз. Бірақ бұл ән қалай шықты? Оның авторы кім? Осы сауалдарға келгенде тосылып жататынымыз тағы бар.

Жалпы «Дудар-айдың» үлкен махаббаттан, ғашықтықтан туған ән екені белгілі. Ол – көптеген өнер зерттеушілерінің назарына іліккен туынды. 1920 жылы Затаевич ел аузынан «Дудар-ай» әнінің бірнеше нұсқасын жазып алған. Тіпті бір нұсқасын Ғани Мұратбаев беріпті. Енді біреуін Әміре Қашаубаевтан алған. Мамандар бүгінде орындалып жүрген «Дудар-ай» әні осы әнші Әміре берген нұсқаға жақын екенін айтады. Бұл тақырыпты музыка зерттеушісі, композитор Ілия Жақанов пен жазушы, сыншы Бекділдә Алдамжар да қозғаған. Әсіресе Бегділдә ағамыз нотаға түскен музыкалық мәтінін талдап, интонация мен тембрдің қазақы нақышта өрбитінін, олардың байырғы әндерімізге тән екенін алға тартады.

Шынында, «Дудар-айдың» формасы, жасалу жолы мен тәсілі халық әндеріне ұқсайды. Тіпті онда әуез өрбіп, әуен өрістеп, музыкалық период белгілі шумақпен аяқталып қалмайды. Қайта керісінше, орындаушысына да, тыңдаушысына да ерекше қанат бітіретіндей әсер беріп, баяндау арқылы ары қарай жалғасады. Бір сөзбен айтқанда, эпос пен лиризм элементтері бір-бірімен байланысып, астасып жатыр. Ән орташа екпінмен «Мәриям Жагор деген орыс қызы» деп асықпай басталады. Сөз қадірін білген адам бұл жолды Дударға ғашық болған Мәриям емес, үшінші жақтан басқа бір автордың баяндап тұрғанын бірден ұғады. Содан кейін келетін: «Он алты-он жетіге келген кезі» деген екінші жолында да қыз жөнінде ақпар беріліп, алдыңғы ойымызды нақтылай түседі. «Дудар-айым дудым, бір сен үшін тудым, шіркін-ай, Дудар-айым дудым-ай» деп келетін шумақта қазақ жігітіне ғашық қыздың сезімі бейнеленіп, ішкі сыры көрініс табады. Әсіресе «Қор болып, бір жаманға кеткенімше, алдымнан қазулы көр табылсайшы» деген жолдардан Мәриямның сезімі шынайы екенін көруге болады.

Кеңестік кезеңде бұл әнді кейіпкерінің өзі шығарды деп жүрді. Сезімге толы эпос пен лиризм астасып жатқан «Дудар-айды» шынымен Мәриям шығарған ба? Жарайды, ғашық болды, сезімін өлеңмен өрбітіп әнмен жеткізді дегеннің өзінде қазақтың халық әніне тән иірімдерді бойға сіңірген мынадай туындыны 16-17-ге енді келген орыс қызы шығарды дегенге біздің көңіл сенбейді. Тіпті әннің шығу тарихына ғылыми баға берген, «Дудар-ай» операсын жазған атақты композитор Евгений Брусиловскийдің өзі осы пікірде болған. Ол «Дүйім дүлдүлдер» деген хикаясында «Бұл ән талассыз Арқа композиторларының біреуінің әні екеніне сенемін, өйткені ән табиғаты кең тынысқа, шалқар диапазонға құрылғаны өз-өзінен көрініп тұр. Ендеше, бұл әнді басқа ұлттың өкілінің шығаруы мүмкін емес» деп жазған. Бірақ кеңес заманында сол кездегі идеологияның ықпалымен мұны халықтар достығы деп дәріптеп, Мәриямды композитор етіп шығарды. Ол жайында поэма да, опера да жазылды.

Егемендікті еншілегеннен кейін талай шындықтың беті ашылды. Бұрын «Дудар-айды» Рыкина Мария Егоровна шығарды деп айтылса, енді оның нағыз авторы белгілі болды. Ол әншілік, серілік өнерімен аты шыққан Үлебай Әнетов екен. Бұл жайында Қазақ энциклопедиясында айтылады. Сонымен қатар республикалық «Айқын» газетінде Төреғали Тәшеновтің «Осы жұрт Үлебайды біле ме екен?» атты мақаласы басылды. Онда «Айқын» газетіне келген бірнеше хаттан мысал келтіріледі. Қорғалжын ауданының Өркендеу ауылынан хат жазған Рақымберген Қозыбағардың айтуынша, «Үлебай ақын 1966 жылы өмірден өткен. Оқымаған, хат танымаған жан болыпты. Ал Астана қаласының Көктал тұрғын алабының Жаңақоныс көшесінде тұратын жасы сексеннен асқан Сағындық Байұзақұлы деген ақсақал да Үлебайды білетінін жазған. Әннің тарихын білетіндердің айтуынша, Дүйсен деген әнші, домбырашы дударбас жігіт екеуі дос болған. Әндегі Дудар-ай осы Дүйсен. Екі дос сол аймақтағы ойын-сауықтың ажарын ашып, көркін қыздырған. Бір күні екеуін Садырбай деген жерге алтыбақанға

"Дудар-ай" Мариямның әні емес

шақырып, Ұялы ауылынан төтелей өтіп бара жатқанда, алдарынан шыққан 15-16 жастағы орыс қызына кез болады. Бұл Мәриям еді. Қызға екі замандастың да көңілі ауады. Екеуі ақылдаса келе қыз қайсысын таңдаса соған келіспекші болады. Сөйтіп қызға сөз салғанда ол Дүйсенді таңдайды. Дүйсен үйленейін десе, ағайындары қарсы болады. Бірақ табандылық танытқан Дүйсен Мәриямға үйленеді. Көп ұзамай Дүйсенді ағайындары ұрып-соғып алып кетеді. Осы арада екеуінің арасында хат тасушы Үлебай болған көрінеді. Ол екеуінің хатын да өлеңмен өріп жеткізеді. Міне, «Дудар-ай» әні осы кезде туады. Үлебай ол әнді ағайындары Дүйсенді екінші қайтара алып кеткенде Мәриямның атынан шығарған. Бұл әннің бар шындығы – осы. «Дудар-ай» – Үлебайдың туындысы. Бұған енді ешкімнің таласы бола қоймас.

Ә.ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: