Бейсенбі, 26 желтоқсан, 17:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қобыз сарыны

20.08.2022

2022 0

Қобыздың пайда болу тарихын Қорқыт атамен байланыстыруымыз бекер емес. «Күй атасы – Қорқыт» деп айдар тағып атайтынымыз сондықтан шығар. Қыл қобыздың үні бірде күңіреніп, бірде қара желдей ысқырып тұрады. Мұны Қорқыт ата кесенесіне бар­саңыз байқайсыз. Қуыс шанақ бозінгендей боздап, боз даладай құлпырады. Ескі аспапты ежелде жыраулар мен абыздар, ұзандар мен бақсылар қолданған. Қорқыт атаның қарағайдан қайырып, үйеңкіден үйіріп алған аспабы дүниежүзіндегі ең кең тараған көне жәдігерлер қатарында. Оның сазды да мұңды өміршең күйлерді шығарғаны айтылады. Қобыздың нарқобыз, қылқобыз, жезқобыз деген түрлері кездеседі.  Әрқайсысы өзіндік ерекшеліктерімен өзгешеленеді.

Атадан балаға мирас болған жәдігерді елімізде қолөнер шеберлері өз қабілетіне қарай жасап шығаруда. Көненің көзіндей қастерлі дүние ғасырдан-ғасырға жалғасып, мәңгілік құндылығын жоймай келеді. Өйткені олардың туындылары көп­тің көңілінен шығып, елдің ықы­ла­сына бөленуде. Байырғы ата-бабала­рымыз темірге тіл, жаң­қаға жан бітіріп, шебер­ліктерін шыңдап отырған. Олардың көптеген қолөнер бұйы­мы мен тұрмыстық қолданыстағы тұтынған дүниелері алты Алашқа таралып, есімдері ел арасында ардақталды. Халқымызда «Қолынан келген құмға кеме жүзгізеді» деген сүбелі сөз бар. Бұл ұшқыр ойы мен шеберлігін ұштастырған ұсталарға айтылса керек-ті. Киелі қобызды жасаушылар аз емес. Соның бірі – Қармақшы ауданының тұрғыны Бақберген Бекниязов.

Бақберген Бақтыбайұлы қолөнер бұйымын жасаумен жастайынан айналысып келеді. Мұндай ұсталық өнер оған нағашы атасы Байғарадан дарыған қасиет. Сүтпен сіңген өнерді бойтұмардай қастерлеп жүрген ұстадан ісі жайлы сұрадық.

– Жалпы біздің қазақ халқы өнердің қай түрінен болса да кенде емес. Ата-бабаларымыз аң терісін илеп, одан түрлі киім пішіп отырған. Қала берді ағаштан ою ойып, темірден түйін түюді де жанына серік еткен. Осындай қасиет менің нағашы атамда да болған екен. Ол кісі қара талдан қобыз жасап, оны кешқұрым ауыл балаларына бір мезгіл тартып береді екен. Сол кісіден аяқталмай қалған бір қобыз үйде тұратын еді. Соған қарап отырып қобыз жасауға деген қызығушылығым оянды. Кейіннен ұсталық өнерге деген құштарлығым артып, осы күні өмірімнің өзегіне айналды, – дейді Бақберген ұста.

Оның ұсталықпен айналысқанына отыз жылдай уақыт болды. Жасаған бұйымдарын республиканың әр өңір­і­нен келіп алып жатады. Арнайы тапсырыспен жасатып жататындар да бар көрінеді.

– Қобызды жергілікті қарағаш, Сыр талдарынан жасаймын. Оның бояуына жиде қабыршағы мен шең­гелдердің қоңырауларын суға қосып қайнатып жағамын. Табиғи бұйым төзімді болады. Бағаларын қолжетімді етіп, сатылымға шығарамын. Көрнекілікке қоятын сәндік бұйымдарды аз уақытта әзірлеп беремін. Сонымен қатар ұлттық аспабымыз домбыра мен ат әбзелдерін, қыз жасауы мен бесік, басқа да халыққа қажетті дүниелерді жасаймын. Халықтың талғамы терең, әрбір бұйымды үлкен талғаммен таразылап алады, – дейді ағаш шебері.

Ұстаның қолынан шыққан өнер туындылары көптің көңілінен шы­ғып, алғысына бөленуде.  Бұл – өлшеусіз еңбек пен төккен тердің жемісі.

Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгі сақталады. Ұлттық ұлы құндылықтарымызды ұлы көштен қалдырмай ұрпақ жадында жаңғыртып отырсақ санасы сергек, елі мен жерін сүйіп, құрметтейтін ұлтжанды ұрпақ тәрбиелей аламыз. Ал, оған жетудің алғышарттары ұлттық бояуы қанық қазақы негізде жатыр. Оған домбыра үні мен қобыз сарыны сеп болады. Осындай тағылымның табын өшірмей, көненің көшіндей болып келе жатқан мұраларымызды қалай құрметтеп, қалай мадақтасақ та жарасады.

Тұрар ШАЙДУЛЛАҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: