Жексенбі, 22 желтоқсан, 21:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Репрессияда  қазақ зиялыларының 90 пайызы құрбан болды

30.05.2023

1309 0

31 мамыр – саяси қуғын-сүргінге ұшыраған және ашаршылық азабын тартқан  жандарды аза тұту күніне орай Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымының кандидаты Айтжан Оразбақовпен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Тарихтан тін тартсақ, қазақ халқының тарихында ең қаралы кезең, сол – «жұ­мысшылыр табының диктатурасы» құрған 1917-1991 жылдар аралығындағы кенестік тоталитарлық режимнің билігінің тұсына келеді деп тарихшылар ой қозғайды. Осы бағытта сіздің пікіріңіз қандай?

– Қазақтың  тарихына көз салсаңыз, қай кез­де де басынан қиындықтар өткені айна қатесіз. Ал шындығында кеңестік билік орнағаннан кейін қазақ даласында жағдай қиындады деп айтуға болады. Оның бәрі 1917 жылдың басында етек жайған репрессияның ықпалы­нан. Азамат соғысы жылдарында бір жағынан қазақ ауылдарын ақтар келіп тонап жатса, екінші жағынан қызылдар келіп тонады. Ал совет үкіметі орныққаннан кейін репрес­сия жаңа бір қозғалыс алды деуге болады. Репрес­сия құрбандарын ақтау комиссиясының жұмысы­на қатысып, өткен жылы біраз құжаттармен таныстық. Қарап отырсақ, 20 жылдары кеңес үкіметі толық күшіне еніп, өзінің репрессиялық қимылын бастаған екен. 1920, 1940,1950 жыл­дары Қазақстанның территориясында репрес­сиялық аппарат жұмыс істегенін де біліп отырмыз.

– Нағыз аштық ел  басшылығына Ф.Голощекинді тағайындаудан басталғаны рас па?

– Қазақстандағы аштық Голощекин би­лікке келген кезден басталды деп айтуға болады. Өйткені ол октябрь революциясын орнатам деп асыра сілтеушілікке барды. Соның нәтижесінде қазақтар жоғарылатылған жоспарды орындаймыз деп малынан, егіннен айырылып, бәрі орталыққа кетті. Соның кесі­рінен халық жейтін тамағынан айырылды  деуге болады. Соңғы кезде мынадай ой келіп жүр. «Қазақстандағы ашаршылық әдейі ұйым­дастырылған емес пе?»  деген. Бірақ кеңес үкіметіне әдейі аштық жасауға қолайсыз жағ­дай болды.  Азаматтық соғыс кезінде 1920 жыл­дардағы үкімет қызметкерлерінің ішін­де қазақстандықтармен бірге украиндықтар бой көрсетті. Бір ғана мысал, азамат соғысы жүріп жатқан кезде өздерінің ұлттық үкіметін құруға украиндықтар, қазақтар, Закавказия респуликалары талаптанып жатты.

– Билік тарапынан әдейі жасалған 1925-33 жылдардағы ашаршылық науқаны, қазақ халқының санын  2,2 милионға кемітіп, рухани дағдарысқа әкеліп, ұлттық сананы сансыратып, елдің сағын сындырды деген дерек бар. Осы дерекке қосыласыз ба?

– Бұл дерекке қосылуға болады. Өйткені ашаршылықтан кейін, ашаршылық кезінде, аштықтан қашқан қазақтар көршілес Өзбекстан, Ресей, Қытай территориясына кетіп қалды. Сол кездерде қазақтың рухы бәсеңсіп қалды ма деген ой келіп отыр. Ал  санына қарай қазақтың кему жайына  ғалым Талас Омарбеков жақсы зерттеу жұмыстарын жүргізген. Соның еңбектерінен көруге болады.

– Қазақтың алдыңғы қатарлы ойшыл азаматтары, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, елдің бетке ұстар тұлғалары  саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болғанын тарих баяндап тұр.  Десе де, сіздің тарихшы ретінде пікіріңізді білсек…

– Революцияға дейін қазақтың интеле­генциясы, бетке ұстарлары пайда болды. Олардың бірі Ресейде қызмет істесе, кейбірі Ресейдің оқу орындарын бітірген, көзі ашық, көкірегі ояу жандар болды. Тіпті олардың ішінде  Думада, алаш партиясында қызмет істегендері де бар. Ал совет үкіметі орнағаннан кейін қазақ зиялыларының жаңа буыны көтеріліп келе жатты. Егін қалай көтеріліп, өркен жаяды, сол секілді интелегенция сапа жағынан нығайған болатын. 1930 жылдан бастап қазақтың бетке ұстар азаматтарын бел орақпен қырып салғандай жағдай болды. Сондықтан қазақ интелегенциясының 90 пайызын құртты деп айтуға негіз бар.

– Қызылорда облысынан репрессияның құрбаны болып жапа шеккендер жайлы айта кетсеңіз?

– Біздің аймақтан репрессия құрбаны бол­ғандар саны жайлы толық айту мүмкін емес. Өйткені бұл бағытта жұмыстар әлі де жүр­гізіліп жатыр. Бұл туралы біз еңбек дайындап жатырмыз.  XX ғасырдың 1920-1950  жылдары­на дейін  Сыр өңірінде репрессия  болған аза­маттар деген кітап дайындаудамыз. Бұл жерде біздің көрсеткіміз келіп отырғаны – әр жылы қаза болғандар туралы, олардың ұлтына, қызметіне, жынысына қарай бөлінісін бергіміз келеді. Репрессияға ұшырағандардың барлығы интелегенция деп айтуға болмайды. Көпшілігін жұмысшылар мен шаруалар құрайды. Біз бұл сұрағыңызға нақтырақ жауапты ғылыми жұмыс дайын болған кезде айтамыз.

– Әлі ашылмаған ақиқаттар бар ма?

– Әлі ашылмаған ақиқаттар көп. Бір ма­териалды дайындап бітірдім- ау деген кезде тағы бір деректің шеті шыға келеді. Оны суыртпақтасаң, әрі қарай жалғаса береді. Бір ғана мысал, жақында архивтен материал таптық. 1930 жылдардың басында Арал станциясында концлагерь болған екен. Лагерьде 6 мыңнан астам адам азап шеккен. Бұл – зерттелмеген тың тақырып. Әлі зерттеуді қажет етеді. Сәті келген күні бұл тақырып та қозғалады деп ойлаймын.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: