Жексенбі, 22 желтоқсан, 21:41

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Саяси репрессия мен ашаршылық тақырыбының қазақ баспасөзіндегі

31.05.2022

1431 0

Өткен күнге үңілсек, ұялатындай ештеңеміз жоқ. Бірақ жанды ауыртатын, жұдырықтай жүрегімізді езетін, жанарға жас үйіртетін нәубетті күндер бар. Күндер дейміз-ау, ашығын айтқанда қазақтың жартысынан астамын жалмаған, елім деген ерлерін қармаған жылдар бар.

ХХ ғасырдағы саяси репрессия мен ұлтты қырғынға ұшыратқан ашаршылық қай қазақтың болса да тұла бойын тулатып, жанын ауыртады. Репрессия мен ашаршылықтың қаншалықты зардап әкелгенін әрі оның себебі мен салдарын тарихшылар дәлелді дәйектерін келтіріп айтып жатыр, айта да береді. Ал біз осы бір нәубетті кезеңнің қазақ баспасөзіндегі көрінісін сөз еткенді жөн көрдік.

Кеңес үкіметінің қалай орнағаны, қаймана жұрттың қалай жапа шеккені сол тұста жарыққа шығып тұрған «Бірлік туы» мен «Ақжол» газетінде айна-қатесіз берілген.  «Бірлік туын» Мұстафа Шоқай шығарса, «Ақ жолдың» бас редакторы Сұлтанбек Қожанов еді.

Дихан Қамзабекұлы мен Ербол Тілешовтай филолог ғалымдар шығарған «Алаш қозғалысы» атты кітапта бұл газеттерде өз кезегінде қоғамдық, әлеу­меттік мәселелерді қозғайтын мақалалар жарияланғаны жазылған. Біз бұл екі басылымды Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дұлатов шығарған «Қазақ» газетінің ізбасары деп санаймыз. Өйткені бұл газеттерде М.Шоқайұлы, Х.Болғанбайұлы, С.Қожанұлы, М.Дулат­ұлы, А.Мәметұлы, Б.Майлыұлы сияқты қаламдары «Қазақта» шыңдалған, әр­қайсысы бір-бір тұлға арыстар еңбек еткен.

«Ақ жол» газетінің 1925 жылғы 4 наурызындағы санында жарияланған Жүсіпбек Аймауытовтың «Соп-соп!» әңгімесінде қазақ даласындағы шиеле­ніскен жағдай баяндалады. Сөзіміз дәлелді шығу үшін әңгімеден үзінді келтірейік.

– Таста соп-сопты!

– Немене?

–  Кімнің егіні?

–  Байдікі.

–  Естіген жоқсың ба?

–  Жоқ.

– Ана келе жатқан топты көрдің бе?

– Олар кім?

–  Олар – төңкерісшілер.

–  Оның кім, жаным – ау?

– Ол – өзіміздің кедейлер, батырақтар. Қаладан жолдастар келді. Кедейлерді жинап топ құрып жатыр. Орыстың да, қазақтың да байларын өкіртіп жерін, малын кедейге әперіп жатыр. Төңкеріс деген осы –  деген қысқа диалогтың түп мағынасынан кедейді байдан кегіңді алып береміз деп, негізгі күш ретінде пайдаланған большевиктік идеяны көруге болады.

Кеңес үкіметі орнаған тұста елді коллективтендіру, отырықшылдандыру саясаты жүрді. Бұл көшпелі тұрмыс салтын ұстанатын қазақ үшін оңай шаруа болмады. Ен даланы ендей жайлап, кең даланың байтағын көзбен шолып, атпен шауып өтетін алаш баласына бұл саясат тиімсіз еді. Салдары да оңай болмады. Ақыры, халық аштыққа ұшырады. Бұл 1921-1922 жылдар еді. Ұлы даланы мекен еткен жұрт бір үзім нанға зар болатын күйге жетті. 1922 жылдың 9 наурызындағы санында «Ақ жол» газетінің бетінде Бейімбет Майлиннің қазақ халқын отырықшыландырып жатқан кездегі аштыққа ұшыраған күйін баяндайтын «Нан» атты өлеңі басылды.

«Осы күні кеудеде

Шықпаған жүр жан.

Тілек не бар пендеде:

Нан, нан, нан…» деп басталатын өлеңі жұрттың бәрі нан сұрап жалынды, аштан өлтірме деп, ғибадат қылып сәждеге жығылып Құдайдан тіледі секілді ащы шындыққа толы өз заманының бейнебір көрінісін суреттегендей әсер қалдырады.

Елдің мұңын осылай ашық айтатын басылым 1925 жылы кеңестік үкіметтің пәрменімен жабылған.

Зерттеушілердің деректеріне сүйенсек, 1927-1953 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылды. Осы қуғын-сүргін жылдарында бүкіл елде 953 лагерь болған. Қазақстанда ГУЛаг-тың 20-дан астам лагері орналасқан екен.

Қазақта Хангелді Әбжанов деген ұлттың бағына біткен тарихшы бар. Көп адамның айта алмайтынын айтып, жеткізе алмайтынын жеткізген нар тұлға. Сол кісі: «Социалистік режимнің екі үлкен күнәсін кешіруге болмайды: бірі – ашаршылық, енді бірі – қуғын-сүргін», – дейді.

1925 жылы Қазақстан өлкелік партия комитетінің І хат­шысы болып келген Ф.Голощекин республиканың саяси-экономикалық және әлеуметтік жағдайымен танысқаннан кейін «Қазақстанға Ұлы Қазан төңкерісінің ешқандай ықпалы болмады, сондықтан мұнда «Кіші Қазан» төңкерісін жасау керек» деген қорытынды шығарған. Осылайша Қазақ даласында репрессиялық шараларды жүргізе бастайды. Оның жымысқы мақсатты көздеген  құйтұрқы саясаты қазақ халқын өте ауыр қасіретке душар етті.

Сол кезде «Совесткая степь», «Еңбекші қазақ» (кейіннен «Социалды Қазақстан» атанды) газеттерінде Голощекиннің ауылдарды кеңестендіруге негізделген «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген сөзі ұран болып басылып жатты. Сол шақта партияның органы болған аймақтық, өңірлік, аудандық басылымдарда да осы сөз ұран болған. Мұны жасырып қайтеміз. Бірақ қалам ұстаған қауым өз қарсылықтарын білдіріп, елдің күйін ашына жеткізіп жатты.

1932 жылдардағы аштық қарсаңында қазақтың саны 7 миллионнан асқан екен. Ал зұлматтан кейін  ұлы даланы мекендеген халық 2 миллионға да жетпей қалған. Елдің мүшкіл халін, ауыр тұрмысын жоғарыға жеткізбек болып Ғ.Ысқақов, І.Қабылов, Ж.Арыстанов, Ғ.Тоғжанов, Б.Айбасов, О.Жандосов сынды зиялылар «Алтаудың хаты» деген атпен 1933 жылдың 24 ақпанында Сталинге хат та жазды. Осы жердегі Қабылов Жалағаштың тумасы, жерлесіміз Ілияс Қабылов екенін айта кеткен жөн. Бұдан бөлек тарихта «Бесеудің хаты» деген де бар. 1932 жылдың 4 шілдесінде БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Ф.И.Голощекинге жазушы Ғабит Мүсірепов, Алматы Комвузының басшы қызметкері Емберген Алтынбеков,  Қазақ АКСР Мемлекеттік жоспарлау комиссиясының сектор бастығы Қадыр Қуанышев, Қазақ мемлекеттік баспа ісінің меңгерушісі Мәнсүр Ғатаулин және Мұташ Дәулетқалиев бесеуі хат жазып, республикадағы мал шаруашылығының күйрегендігінен елді алапат ашаршылық жайлағанын айтып дабыл қаққан. Бұл хат негізінен Сталинге жазылған, бірақ бізге белгісіз себептермен Голощекиннің қолына тиген. Тарихи  хат авторының бірі Мәнсүр Ғатаулин Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің алғашқы редакторларының бірі болғанын көпшілік біле бермейді. Бұл тарихи дерек «Сыр журналистикасының тарихы» атты бес томдық еңбек жазылып жатқанда белгілі болды. Анығын айтқанда, Мәскеу мұрағатынан 1929 жылы шыққан «Сыр бойы» газетінің алғашқы нөмірлері табылды. «Сыр бойының» сарғайған парақтарын ақтарып қарағанда төртінші санына М.Ғатаулиннің есімі шығарушы редактордың орынбасары ретінде көрсетілген. «Бесеудің хаты» жазылғаннан кейін барлығы да қуғынға ұшыраған. Бұлардың ішінде тек Ғатаулиннің ғана ату жазасына кесілгеніне қарағанда ол бар кінәні өз мойнына алған секілді. Оған баспагер, журналист бола жүріп, саяси iстерге араласқан Мәнсүр Тиятұлы Ғатаулиннің  өз сөзін дәлел етейік. Қайраткер  ату жазасына кесiлiп бара жатып: «Бұлардың еш жазығы жоқ. Мен – жаумын. Менi соттаңдар, жалғыз өзiмдi. Бiрақ мен де халық жауы емеспiн, мен – өз халқымның жауының жауымын» деп айтқан. Бұл оқиғаға Шерхан Мұртаза «Бесеудің хаты» атты трагедиялық драмада да тоқталған. Мәнсүр Ғатаулин Батыс Қазақстан облысында туып, кейін Қарағанды, Қызылорда өлкелік партия комитеттерінде бірінші хатшы болған. Партия органы болған «Сыр бойына» Қызылордада партия комитетінде қызмет атқарған кезде редактор болғанға ұқсайды. Ол НКВД-ның Алматыдағы түрмесінде атылып, мүрдесі Алматы облысы Жаңалық ауылына апарып көмілген.

Алаштың арыс азаматтары не істесе де аштықты тоқтата алмады. Аштықтың бүкіл қазақ даласын жайлағаны соншалық, ел үдере көшіп, көрші мемлекеттерге баруға мәжбүр болған. Аштықтан, күшпен, зорлықпен тәркілеуден зәрезап болған халық шет елге өтіп, босқынға айналды. Қытай асты, ішкі Ресейге өтті, тіпті бейтаныс жанға көршісінің қайда тұратынын айтпайтын өзбектің жеріне де барды.

Бұл нәубет аз болғандай енді репрессия деген шықты. 1937-1938 жылдары халқымыздың зиялы азаматтары – Шәкәрім қажы, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов сияқты басқа да Алаш арыстары, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Исаев, Ораз Жандосов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров сынды арыстар, ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлері, тағы басқа елім деп еңбек еткен небір есіл ерлер саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды.

Арыстарымыз бірін-бірі ақтауға тырысып-ақ бақты. Алайда қазақ интеллегенциясын әдейілеп жоюды көздеген үкімет оларды бірінен соң бірін тұтқындауға көшкен еді. Бейімбет Майлин тұтқындалғанда Ғабит Мүсірепов «Бейімбет жау болса, менде жаумын» деп Бейімбеттей азаматты ашықтан ашық қорғауға көшеді. Ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің «Ескірмейді естелік» атты еңбегінде Мирзоянның Ғабит Мүсіреповке келіп Сәкен Сейфуллин мен Ілияс Жансүгіровтің ұсталып, түрмеге қамалғанын ендігі кезекте Бейімбет Майлиннің тұтқындалатынын айтқаны жазылған.

“Бейімбет ұсталардан бір-екі күн бұрын Мирзоян маған: “Сәкен мен  Ілияс ұсталып кетті. Енді, міне, Бейімбет те ұсталайын деп отыр. Материал көп…” деп қынжыла айтты. Сонда мен Мирзояннан: “Онда мына фильмді қайтеміз?”– деп сұрадым… “Түсіре берсін фильмді. Бір амалы табылар, ол фильм керек қой”,– деді ол. Мына фильм деп отырғаны «Амангелді» кинокартинасы еді.

Деректерге сүйенсек, 1937 жылдың 1 қазанында партия жиналысында Бейімбет Майлин мәселесі қаралған. Сол жылдың 6 қазанында «Амангелді» фильмін түсіру жұмыстары толық аяқталып, Бейімбет қамауға алынған. Екі күннен кейін, яғни 8 қазанда Одақта тағы партия жиналысы өтіп, онда Б.Майлинді партиядан шығару мәселесі қаралған. Осы жиында қабылданған қаулы Президенттің мұрағат қорында сақтаулы. Жиналыста Б.Майлинді «халық жауы» деп тауып, партия мүшелігінен шығарған. Мүсірепов осы жиында Майлинді барынша қорғайды. Бірақ жаптым жала принципін ұстанғандар ақыры өз дегендеріне жетеді. Араға үш күн салып “Казахстанская правда” газетінде Ғабит Мүсіреповті сынға алған мақала жарияланды.  “В партийной организации Союза писателей” атты мақалада: “Писатель коммунист Габит Мусрепов, бывший в то время заведующий культпросвет отделом ЦК КП(б)К, бил себя в грудь, заверяя тогда партийную группу правления Союза советских писателей Казахстана в том, что он несет полную ответственность и вручается за политическую благонадежность своего соавтора Беимбета Майлина”,– деп бір шүйіліп алады да, ол “халық жауларын” қорғап келді деп сынайды. Ал “Қазақ әдебиеті” газетінде 1937 жылдың 15 қазанында “Халық жауларының жетегіндегі жазушы” деген тақырыппен елді елең еткізген мақала шығады. Мұнда: “Ғ.Мүсірепов халық жауы Майлиннің жан аяспас досы. Онымен қойындасып, құшақтасып, бірге тұрып, бірге жүрген адам. Сондықтан да Мүсірепов халық жауы Майлинді қанатының астына алып, қорғап келді. Майлиннің бұрын Алашорданың офицері болғаны, Совет өкіметіне  қарсы күрескені, большевиктерге оқ атқаны, шығармаларындағы контрреволюциялық тұжырымдамалары жайында Жазушылар ұйымының жанындағы партия ұйымы мәселені дер кезінде көтерсе де, Мүсірепов өзінің қызмет орнын пайдаланып… Майлинді қалайда аман алып қалуға тырысты. Соңғы кезге дейін ашықтан-ашық сүйеп келеді”,– деп таяқтың ұшын Ғабит Мүсіреповке тірейді. Келесі күні, яғни 1937 жылдың 16 қазанында “Лениншіл жас” газетіне де осы сарындас мақала басылған.

Ақиқатты жасырып қайтеміз, кеңестік кезеңде «ақ» дегені алғыс, «қара» дегені қарғыс болған Мәскеуге бас көтеруге ешкім дәті шыдап бара бермеді. Дегенмен табанды тартыстың арқасында жалған жаланың құрбаны болғандар ішінара ақталып жатты. Олардың қатарында біз айтып өткен Мәнсүр Ғатаулин мен Бейімбет Майлин де бар.

Кезінде алаш арыстарының әдеби мұраларын зерттеумен  Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің арнайы комиссиясы айналысқан болатын. Бұл 1980-ші жылдардың аяғы еді. Комиссияны белгілі қоғам қайраткері, академик Жабайхан Әбділдин басқарған. Қаламгер Жарасбай Сүлейменов Жабайхан ағадан сұхбат алып, жалған жаланың құрбаны болған зиялыларды ақтау жұмыстарының  қалай жүргенін республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне жариялады. Осы сұхбатта 1988 жылы ресми түрде бірінші болып Шәкәрім Құдайбердіұлының ақталғаны баяндалады. Ары қарай басқаларын да ресми түрде ақтауға көшеді. Тәуелсіздік алған соң 1993 жылдың 14 сәуірінде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заң қабылданды. 1997 жылы 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Содан бері әрбір атқарылған іс, ақталған адам жайлы деректер баспа бетін көріп отырды. Кезінде оқуға тыйым салынған Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев секілді тау тұлғалы жандардың туындылары том-том кітап болып басылды. Архив қойнауында жатқан талай құжат ашылып, талай дерек айтылды. Осы күні елдегі барлық аудандық, қалалық, облыстық, аймақтық, республикалық басылымдарда, телеарналар мен радиоларда саяси репрессия мен ашаршылық тақырыбын қаузайтын арнайы мақалалар мен сюжеттер, деректі фильмдер беріледі. Бірақ мұның барлығы аздық етеді. Сол себепті де саяси репрессия мен ашаршылықты бүкіл әлем елдері толықтай ұлтқа жасалған геноцид деп мойындамайынша, мойындап қана қоймай БҰҰ арнайы қарар қабылдап, оған кім кінәлі екені дүниежүзіне айтылмайынша лайықты бағасын алды дей алмаймыз.

Ел басына нәубет туып, ердің еңсесін езген замананың зұлматын көзбен көргенде қабырғасы қайысып, қаламын көз жасымен суарған қазақ баспасөзі, міне, арада ғасырлар алмасқан бүгінгідей уақыт көшінде әлі де шешімін таппаған тарихи зауал сауалына жауап ала алмай келе жатқаны өкінішті. Ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарына саяси баға бере алдық па деген сауалдың өзін қойып келе жатқанымызға міне, 25 жылдың жүзі болды. Қазақ идеологиясының жоқшысы болған қара нардай қазақ баспасөзінің белі қайыспай көтеріп келе жатқан бір тақырыбы да осы – ашаршылық, қамыт заманның құрбандығы болған қайран ерлер. Ел бар да ер жоқтаусыз қалмайды деген осы да.

Әзиз БАТЫРБЕКОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: