Жексенбі, 22 желтоқсан, 15:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Сөйле, тілім, жосылып…

11.10.2022

1655 0

Сыр сүлейлерінің ішінде шоқтығы биік өнер иесі Омар Шораяқұлы. Оның жастық шағы қиын кезеңде өтті. Бала кезінде қаншама қиындық көрсе де жігері жасымай, өмірге үлкен арманмен қарады. Алдына талаптар қойып, соған жету жолында бар күш жігерін жұмсады. Жастайынан талантымен танылды. Алдындағы аға буын шығармашылығына зер салып, солар секілді өлең өлкесінде өз қолтаңбасын қалдырды.

Сыр шайыры «Сөйле, тілім, жосылып!» атты шығармасында:

Ашыл, көңілім, қош ұрып!

Сөйле, тілім, жосылып!

Тереңнен барып тер гауһар,

Ақыл мен білім қосылып!

Қамалап келген қардарға

Көрінсін теңшең шешіліп.

Бізге деген халық тоны

Тұрғандай сырттан пішіліп.

Талабыма табылғай,

Талданған жібек есіліп.

Кәделі білгір емеспін,

Қанадан кеткен тесіліп, – дейді.

Бұл шығармасында өлеңге деген құрметі мен ел ықыласын ерекше бағалайды. Оның ұшқыр қиялынан шыққан әрбір жалынды жырлар мен дастандар, мысал өлеңдер мен өзінен кейінгілерге арнаған өсиет­тері негізінен еңбекқорлыққа, адам­гершілікке, Отанға, туған жерге, адамзат баласына деген сүйіс­пен­шілікке, талапшылдық пен тап­қыр­лыққа арналды.

Омар ауыл молдасы Алдашбай ахуннан діни сауат ашты. Оның ұстаздары Сыр бойындағы дарынды жыр дүлдүлдері Ешнияз сал, Нұрымбет сары Шегебай, Балқы Базар, Кете Жүсіп, Дүр Оңғар, Қарасақал Ерімбет және басқалар болды. Омар өлең-жыр жазуды он алты жасынан бастады. Жасы жиырмадан асқанда үлкен ортада есімі ерекше аталып, ақындық қадір қасиеті арта түсті.

Ақын қысқа ғұмырында жиырмаға жуық дастан мен мысалдар, екі жүз елуден астам өсиет, лирикалық толғау мен жұмбақ өлең, жыр-терме жазды. Омар Шораяқұлының қандай да болмасын шығармалары халық ақындары мен жырау-жыршылары арқылы Сыр бойы жұртшылығына кеңінен тарап, тыңдаушылары ара­сында жоғары бағаға ие болды. Оның дуалы ауызынан шыққан әрбір сөзі халық арасында құнды бағаланды.

Омар ақынның ұстаздарының бірі – Шегебай Бектасұлы. Омар ұстазымен ел аралап жүріп, халықпен етене араласты, ақын-жыраулар өне­ріне құлақ түріп, бойына ғибрат жинады. Ол қарапайым ха­лықтың сөзін сөйледі. Төменгі тап өкілдеріне киянат көрсеткен бай­лардың озбырлық әрекеттерін өлеңдері арқылы әшкереледі. Көп шығармаларында елді ауызбірлікке, бір-бірінің еңбегін бағалауға ша­қырды. Шығармаларының ішінде көптеген толғау, терме, тақпақ, өсиет, мысалдармен қатар он бес­тен аса дастаны «Қара шекпен», «Жарлы тәліп», «Кедей», «Тау елі» және Қарасақал Ерімбет ақынмен жазып айтысқан айтыс өлеңі бар. Шығармалары газет-журнал бетінде, жинақтарда жарияланып, белгілі өнер зерттеушісі Мардан Бәйділдаев құрастырған «Шайыр» және ақын­ның туысы Әбжан Айсауытов 1995 жылы жинақтаған «Сөйле, тілім, жосылып» атты кітаптары жарық көрген.

Омар Шораяқұлы «Ұстаздарыма немесе өрен жүйрік жиырма бір» – деп аталатын толғауында өзі дәріс алған дарын иелеріне ілтипатпен жыр арнайды.

Аш, бабын сөздің, дүр Омар,

Жөн болса сөзің тыңдалар.

Келіспесе кестесі –

Ретсіз сөзді кім тыңдар!

Намақұл сөздің мысалы:

Аң көрмей ұшқан далаға,

Алмайтын құспен тең болар, – деп бір қайырады.

Тағы бірде:

Жай жүргенде бәрі де ат,

Шапқанда, шама аңдалар.

Халық ішінде қадірлі,

Үнемді басқан қадамы,

Тимеген жерге табаны

Теңселген не бір жорға бар! – деп түйіндейді. 

Міне, оның қай шығармасын алып қарасаңыз да терең философиялық ой түйетіні анық аңғарылып тұрады.

Омар Шығыс ғұламалары мен Еуропа, сонымен бірге қазақ ақын­дарының, әсіресе Абайдың, Шәкәрім­нің өлеңдерін халық ара­сында кеңінен насихаттады. Ақын 1922 жылы Абайға арнаған «Абайды оқығанда» өлеңінде:

Абайдың оқығанмын өлең-сөзін,

Сол кезде пайда болған маған сезім,

«Іші алтын, сырты күміс» сөз жақсысын,

О, дарих! Ескермепті албырт кезім, – дейді.

Сыр сүлейі Қуаныш Баймағамбетов:

Кетеде Шораяқтың Омары өтті,

Өлгенше өлең сөзді жоғары етті.

Даңмұрын, Ешнияз бен Оңғар жырау,

Тұрымбет бес Бозғұлдан бұлар да өтті, – деп жырлаған екен.

1923 жылы «Ақын Тұрмағамбет ініме» атаулы өлеңінде:

…Қайғысын бұл дүниенің қабат ойлап,

Қайтеді ақылыңды екі бөлсең.

Еңбектің іске аспағы екі талай,

Табандап тас көшеде аттай желсең.

Ей, інім! Ақылын ағла, аңдауымда,

Тұрақсыз туысыңа жүрген дөңсең.

Әр түрлі хикая мен дастан жазып,

Болмай ма қатарыңды жалпы жеңсең.

Атыңды алты Алашқа мәшһүр етіп,

Журналға сөз беруге енді белсен.

Сөзіңді шайырлармен салыстырып,

Алдыңа жан салғызбай озып келсең.

Өлсең де кейінгі ұрпақ сені іздеп,

Жылар ед «О, дарих!» деп кемсең-кесең, – деген өсиеттері әлі күнге дейін халық жүрегінде сақтаулы.

Міне, әрбір шығарманы жүрегімен сезініп, жұрт жадына жеткізе жыр­лаған оның есімі күллі қазақ хал­қының жадынан өшпек емес. Омар Шораяқұлы дәстүрлі өнердің қайта­ланбас қолтаңбасы болып қала бермек.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: