Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 21:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Соңғы сапар

12.10.2021

1528 0

Біздің қазақ поэзиясының пәлсапалық деңгейге көтеріліп, батыстың әдеби үрдістерге қадам басқан уақытын Мағжан ақынның шығармашылығымен қабыстыруымыз тегін емес. Мүмкін, бұлайша шамалап, өзгеше әсерде болуымыздың себебі Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығы дәстүрлі қазақ әдебиеті мен заманауи мәдени толқынды біріктіре алған құнды қасиетінде шығар. Не де болса, ақынның қазақ поэзиясының көгінде жарқырап, жиырмасыншы ғасырдағы ұлттық идеологияның жаршысы болғанын келер ұрпақ жадында сақтауы керек.

Қаламгер шығармашылығындағы ұлттық идеологияны сөз еткенде саяси өзгерістер мен көзқарастар қақтығысын атамау мүмкін емес. Әсіресе, Қызылорда қаласы ел астанасы болған шақта шаһар тағдырындағы танымал оқиғалар Мағжан ақынды да айналып өтпеді. Оның ішінде «Алқа» ұйымы, темір жол мәселесі, оқулық туралы мәліметтер қала тарихымен тығыз байланысты. М.Жұмабаевтың болмысы мен өмірлік ұстанымын айқын бағамдау үшін осы жайларды тарқату маңызды секілді.

ОҚУЛЫҚ ПЕН ОЙЛЫ СӨЗ

Сыр бойындағы Мағжан ақынның өмір жолының бір ұшқыны – оқулық. Оның мәнісі мынада, 1927 жылы Қызылорда қаласындағы ҚССР мемлекеттік баспасынан А.Байтұрсынов пен Т.Шонанұлының «Оқу құралы» хрестоматиясы жарық көрді. 5000 данамен оқырманға жол тартқан хрестоматияға қазақ қаламгерлерінің шығармалары енгізілген еді. Сол кезеңде кітапқа Мағжан Жұмабаевтың «Жазғы түнде», «Орман патшасы», «Дін үйреткенге», «Орамал», «Толқын», «Жазғытұрым» атты өлеңдері оқулықтан орын алды. Онда енгізілген таңдаулы өлеңдер ақынның тек ішкі жан сырын емес, қазақ қоғамындағы келеңсіздік пен кесірді көркем жеткізе білген. Мәселен, шайыр «Дін үйреткенге» деген өлеңінде діни қасаң қағидалардың ғылым-білімге кедергі келтіріп, халықтың қараңғылыққа бет алғанын ашына суреттейді. Заманының тынысын бағамдай білген қаламгер дінді желеу еткен ескі ұстанымнан айықпаса, қоғамның оңалмасын жеткізуге талпынғандай.

«Қармаңбай, қарап жатып бақ күтуге,

Ізденбей аласұрып, тақ күтуге,

Тағдырда, бір тақтайда жазулы деп,

Әр іске кім үйретті шақ күтуге?

Шарқ ұрып ерікке ұмтылған ұшқыр

жанды,

Қайнаған тамырдағы ыстық қанды

Ойламай, қорқақ құлдың тіліне еріп,

Жай жатып, тәуекелге тізгін беріп,

Мінекей, айрылдық қой бақтан, тақтан!

Қайтейін, әсіресе, есіл ерік!» – деген екен.

Егер мұны ақынның қоғамдағы олқылықты өлең тілімен айта салуы деп түсінсек, қателесеріміз анық. Қаламгердің таным-түсінігі таяз ұғымнан ары, ермек сөзден бөлек еді. Мағжанның сол кезгі кейбір дін өкілі мен дінді тәпсірлеуді сынауы елбұзар қылық емес, қайта дінді жамылып, ғылымның өркендеуіне кедергі болғандарға айтылған өкпеге келетіндей.

Тіпті шығарма соңындағы «еріктен айырылу» сөзін қолдануы да бекер емес. Адам болмысындағы қасиеттер мен мінез-құлықтың өзіндік аражігі, өлшемі бары белгілі. Ерік бостандығына ие адам ғана тар кеңістіктегі таныммен шектелмей, еркін ойға қадам басады. Ал еркін ой өнер-білім мен ғылымның кедергісіз өркендеуіне жол ашпақ. Міне, М.Жұмабаевтың «қайтейін, бақ пен тақтан, еріктен айырылдық» деп өзегі өртенуінің мәнісі – халқының діни догманың әсерінен қатардан қалғанын көргендегі реакция.

Қызылордадан шыққан оқулыққа мұнан өзге танымал «Толқын» атты өлең де енген.

«…Толқын мен толқын сырласып,

Сырларын ептеп ұрласып,

Толқынға толқын еркелеп,

Меруерт көбікке оранып,

Жыландай жүзге бұралып,

Жарға жетер ентелеп.

Ерке бала былдырлап,

Сылдыр, сылдыр, сылдырлап,

Толқынды толқын қуады…» – деп, ақын әсерлі өрілген өлеңде сезім ауанын алмастырып, сыртқы суреттеу арқылы нәзік сезімді жеткізуге тырысқан екен. Демек, Мағжан ақынның дүйім Алашқа Сыр бойынан аттанған өлең жолдарының оқырманға деген танымалдығын арттыруға сеп болды деуге негіз бар.

Қаламгердің «Педагогика», «Сауатты бол», «Алтын хакім Абайға», «Ақан сері», «Бернияз Күлеев», «Базар жырау», «Әубәкір ақсақал Диваев» еңбектері өзіндік миссия арқалады. Жалпы ақын өлеңдерінен аңғарылатын ең басты ерекше-

лік оның сол кезгі саяси оқиғаларға белсенді атсалысқаны болса керек. Әсіресе, өткен ғасырдың 20-30 жылдары аралығында Мағжан Жұмабаевтың қазақ қоғамын ағарту бағытындағы еңбегі мән беруге тұрарлық. Ол 1922 жылы Орынбор қаласында жарық көрген «Педагогика» атты ғылыми-зерттеу кітабында білім беру ісінің алғышартын атап, әдеби талаптарды саралай білген. Ұрпақ тәрбиесіне арналған іргелі еңбек енді ғана қалыптасып келе жатқан жазба әдебиеттің одан әрі қарыштауына жол салды. Мағжан өзінің терең білім иесі екенін білдіріп, батыс психологиясы талдаған адам бойындағы түсініктерді қазақыландырады. Жан тілі (психология) мен адамзат бойындағы ішкі сезім қалпы, адам болмысының психологиялық түсіндірмесі және терең теориялық ойларды қазақ қоғамына ұсына білді. Бұл діни-дәстүрлі ойлау жүйесіндегі қазақ қоғамын жаңа арнаға бұрған еңбек болғаны мәлім. Сондықтан М.Жұмабаев шығармашылығын саралағанда ақынның бұл ерлігіне соқпай кету мүмкін емес.

«АЛҚА» АЗАБЫ

Мағжан Жұмабаевтың қайнаған саяси ортаның қақ ортасында жүруі оның зиялы қауыммен етене байланысында жатса керек. Ақынның зиялы қауыммен аралас-құраластығы туралы айтқанда міндетті түрде қазақ ақын-жазушылары арасындағы абырой-беделінен бастарымыз анық. Қаламгер 1912-1915 жылдары аралығында Мағжан Жұмабаев «Қазақ» газетінің редакторы қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлынан және Шығыс-Батыс мәдениетті жете түсінетін әдебиетші Міржақып Дулатовтан тәлім алады. Сол арқылы әдеби шығармадағы деңгей көтеріліп, орыс тілін меңгеруге көмегін тигізген.

Жан-жақты толысқан ақын енді тек өлең-жырмен шектелмей, тұралап қалған қазақ әдебиетін жаңа кеңістікке шығаруға талпынады. Осы ойдың жетегімен «Алқа» ұйымын құруға ниет етіп, жаңа идеяны қалыптастыруға бекіген. Тіпті кейбіреулер сол ұйымды зиялылардың ордасы – ҚазАПП (Қазақ пролетариат жазушыларының ұйымы) жанынан құруды да ойластырғанын айтуда. Ал кей деректе, керісінше, Мағжан ақын ҚазАПП-ның аяққа тұруына ғана ынталы болған.

Қаламгердің саяси жүйені сынап, қазаққа қасірет әкелетінін ерте сезгені сонша «Табалдырық» атты күрделі шығарманы жарыққа шығарады. Кейін бұл шығарма, жай шығарма емес, манифист деп аталып, еркіндік ұранына айналды. Расында, шығарма қоғамдағы күрделі саяси-әлеуметтік жағдай ушыққан кезеңде туындаған анық. Түсінген жанға 1924-1925 жылдары жазылған «Табалдырық» большевиктік идеологияның қасаң қағидалары мен дұшпандық саясатына деген қарсылық, өшпенділік еді. Бұл Мағжан күрескен, жандүниесімен қарсы болған жүйеге деген қарсы дауыс болғаны шындық.

1925 жылы Мағжан ақынның «Табалдырығымен» Орынбор, Ташкент, Петропавл секілді ірі орталықтағы зиялылар танысты. Тіпті манифест Қызылордаға да жетіп, көзі ашық азаматтардың қолдауына ие болды. Алайда зиялылардың барлығы дерлік қаламгердің ұстанымын қолдап, «Алқа» ұйымын құруға келісті деген жөн болмас. Ұйымды құруға қатаң жүйе мен озбыр саясат мүмкіндік бермеді.

Алайда солақай саясаттың салқыны қарып, ақыры Мағжанды уысына түсірді. 1924-1927 жылдары Мағжан Жұмабаев Мәскеуде В.Брюсов басқаратын жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқып жүріп, орыс әдебиеті мен Батыс Еуропа әдебиетімен терең танысқаны мәлім. 1929 жылы Мағжан Жұмабаев «Алқа» атты жасырын ұйым құрғаны үшін деген айыптаумен 10 жылға сотталады.

АЖАЛ АУЗЫ

Ұлы мұрат арқалаған жанға қолдау білдіру – әрбір зиялының ар-намысы. Мағжан секілді еркіндік пен бостандық, ізгілік пен жақсылықты арман еткен азаматтың ажал аузынан бірнеше рет құтылуының себебі де осында болса керек. Бір мысал, Мағжан абақтыға қамалып, ажал аузында жатқан шақта М.Горький мен әйелі Екатерина Пешкова ақынға араша сұрағаны мәлім. Себебі Мағжан орыс жазушысы Горькийдің шығармашылығына тәнті болып, жоғары бағалайтын. Оған қоса 1924 жылы М.Жұмабаев Горькийге арнап «Сұңқар жыры» аударма кітап шығарған.

1929 жылы Мағжан «Алқа» ұйымын құрғаны үшін 10 жылға сотталып, Карелия лагеріне айдалғанда оған Максим Горький мен оның әйелі Екатерина Пешкова араласып, жаза мерзімін 7 жылға дейін азайтуға күш салған. Нәтижесінде қаламгер 1936 жылы бостандыққа шығады. Бұл жолы қамқор көңіл дос-жаранның ықыласын қимай, оның үстіне Мәскеуде қалуды ойластырған шайыр жаңа мақсат қояды. Алайда Мәскеудегі Мағжанға С.Мұқанов хат жолдап, елге оралуға үндеп, қызмет етуге үгіттейді. Әрине, мұнымен зиялы қауымның қалт кеткен тұсын қаралаудан аулақпыз. Бұл да құбылмалы саясаттың қыспағымен болғанға ұқсайды. Осылайша жыл өтпей, елге келген Мағжанды 1937 жылы желтоқсанда «жапон тыңшысы» деген жаламен қайта тұтқындап, артынша ату жазасына кеседі.

Мағжанның тағдыры Қызылордамен біте қайнасты десек артық емес. Алайда Сыр бойындағы шақар адуынды ақынға тек жақсылық әкелді деген болмас. Қаламгердің өміршең өлеңдері осы шаһардан қазақ даласына жайылғаны рас. Алайда ақынның Қызылордада екі мәрте қолға түсіп, абақтыға қамалғанын, тіпті соңғы сапары ажал құштырғанын ескерсек, Қызылорда ақын үшін тәуекел бекеті болғандай.

Б.ШАҒЫРОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: