Дүйсенбі, 25 қараша, 13:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Әлихан Бөкейханов та Ақмешіттегі съезге қатысқан

01.12.2022

1096 0

Алаш – жан-жақты түгел қамтитын, кешегі мен бүгінді байланыстыратын, тіпті жақсы мен жаманды айыруға сеп болатын үлкен тақырып. Алаш – бұл кешегі ұлт қамын жеген, ел егемендігін көксеген Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабай, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұхтар Омарханұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Смағұл Сәдуақасұлы сынды қазақ оқығандарын біріктірген рух күші. Алаш – қазақтың жаны, ортақ мүддеге жұмылдыратын, ұйыстыратын ұраны.

Біз «Алаш» ұранын негіз етіп, қазақ баласының жарқын болашағы үшін еңбек еткен, сол жолда құрбан болған қайраткерлердің Қызылордамен байланысы жайлы сөз қозғағанды жөн көрдік. Нақтырақ айтқанда, Сырдың бас қаласы астана болған уақыттағы, яғни 1925-1929 жылдардағы Ақмешітте сайрап жатқан Алаш арыстарының ізі жайлы жазбақпыз. Бірден Алаш арыстарын толық қамту мүмкін емес. Сол себепті де Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанбек Қожанов, Смағұл Сәдуақасов, Мұхаметжан Тынышбаев, Қошке Кемеңгеров сынды қайраткерлерді алып, олардың Қызылордамен байланысын мақалаларымызға арқау етеміз. Бұл бағыттағы жұмысты Әлихан Бөкейхановтан бастағанды жөн санадық.

<strong>Әлихан Бөкейханов та Ақмешіттегі съезге қатысқан</strong>
Сурет: Ғаламтордан алынды

Қызылорда қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің журналистері Қызылорданың астана болған кезіндегі елдік мүддеге қатысты дүниелерді көптеп жазды. Газет тілшісі Ақмарал Олжабаева алаштанушы, әлихантанушы ғалым, Еуразия ұлттық университеті «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлымен сұхбаттасып, Әлихан Нұрмұхамедұлының Қызылордамен байланысы хақында әңгіме өрбіткен болатын. Сұлтекең «Әлиханның Қызылордаға келуіне екі маңызды себеп болды» деп бастады әңгімесін. – Алаш көсемінің Қызылордамен байланысы ұзақ болмады, бірақ өте маңызды еді. Тарихи мәліметтерге қарағанда, Әлихан Қызылордаға 2 рет – 1925 және 1926 жылдары аяқ басқан, – деген ғалым Бөкейхановтың Қызылордаға алғашқы сапары 1925 жылғы сәуір айында болғанын мәлім етті.

Сұлтан Хан Аққұлының айтуына қарағанда, Әлихан Бөкейханов  Ақмешітке алғаш рет халқымыздың «қырғыз» дегеннен «қазақ» деген төл этнонимін қайтарған 1925 жылдың сәуіріндегі 5-ші партия конференциясы кезінде ат басын тіреп, оған құрметті қонақ ретінде қатысқан сияқты. Конференцияға қатысқаны туралы ешбір ресми дерек жоқ.

Қазақтың көрнекті ғалымы, менің ұстазым Ақселеу Сейдімбек айтқан мына бір деректі осы жерге қосқанды жөн санадық. Астана қаласындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында Күлтегін ескерткішінің көшірмесі орнатылған. Тас кейіпті ескерткіштің жанында марқұм қазақтың аяулы ұлы, атақты ғалымы Ақселеу Сейдімбек отыр екен. Бұл 2007 жылдың көктемі болатын. Ұмытпасам сәуір айы. Ұстазбен амандасып, жағдай сұрастық. Алаш арыстарының Қызылорда кезеңі жайлы әңгіме айтыла қалса, менің ден қойып тыңдайтынымды жақсы біледі. Содан ағамыз: «Ақмешіт астана болған шақта оның атауын Сұлтанбек Қожановтың бастамасымен Қызылорда деп ауыстырғанын бәріміз жақсы білеміз. Бірақ кезінде көрнекті ғалым Әлкей Марғұлан Қызылорда атауын және ұлтты қазақ деп дұрыс атау туралы ұсынысты құжатпен бекіту мәселесін Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов көтергенін айтқан еді. Бұл кісілер 1925 жылғы Ақмешітте өткен съезге қатысқан. Бірақ мұны дәлелдейтін бір де бір құжат не дерек жоқ. Соған қарағанда ұлт тағдырына қатысты мәселелерде Қожанов Әлекең мен Ахаңнан кеңес алған сияқты» деп еді. Бұл әңгіме де шындыққа жанасады. Бірақ ешқандай дерек жоқ. Оның есесіне сол конференциядан бейнежазба сақталыпты. Алғаш рет белгілі деректі фильм түсіруші Қалиолла Омар ма, әлде тележурналист Болат Мүрсәлім тауып жариялаған әлгі бейне­жазбадан Әлиханның конференция төралқасының (президиумының) қақ алдында жеке орындықта отырғанын көреміз. Бұдан Әлкей Марғұлан айтқан Әлихан Нұрмұхамедұлының ұлт атауына қатысты шешімді құжатпен бекіту туралы кеңес бергені шындыққа жанасатынын көруге болады. Ал тарихи деректер бойынша, 1922 жылдың желтоқсанында Мәскеуге өз ықтиярынсыз кісендеп жеткізіліп, КСРО халықтарының орталық баспасында (кейін Орталық Күншығыс баспасы аталып та жүрді. – С.А.) Қазақ бөлімінің редакторы қызметінде жүрген Әлихан елге оралып, Қызылордада жер бойынша халық комиссариатына қызметке орналасуға көп күш салады. Оның Қызылордаға оралуына Нығмет Нұрмақұлы бастаған Қазақстан Халық комиссарлар кеңесі де (КазСНК), Қазақстанның Жалау Мыңбайұлы бастаған Жоғарғы атқарушы комитеті де (КазЦИК – кейін Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі) аса мүдделі болды. Алаш қайраткерлерін жаппай қудалауға алған НКВД құжаттарында Жоғарғы атқарушы комитет төрағасы Жалау Мыңбайұлы мен бір халық комиссарының егер үкімет басына Әлихан Бөкейхан отырса, Қазақстан бүкіл Орта Азия Республикаларына жетекшілік етер еді деген әңгімесі келтіріледі. Алайда Алты Алаш көсемінің Ұлы дала еліне қайта оралуына Кремльдің қожайыны И.Сталин мен Қазақстанға партия көсемі болып келген Ф.Голощекин үзілді-кесілді қарсы шығады.Өйткені Әлихан Бөкейханов көш бастаса бар қазақтың атқа қонары анық еді.

Алаштанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлы: «Әлиханның 1925 жылы Қызылордаға келуіне 2 маңызды себеп болды. Бірі – Қазақ елінде қазақ халқының жер пайдалану нормасын анықтап, оны Ресей Федерациясы үкіметінің жанындағы жер комиссиясында бекітіп алу, екіншісі – Смағұл Сәдуақасұлы мен Сұлтанбек Қожанұлын өзара татуластыру болғанға ұқсайды», – дейді. Бөкейхановтың тағы бір маңызды мақсаты – Қазақстанның жер нормасын  Ресейден орыстың жерсіз келімсек, қарашекпен шаруаларын жолатпайтындай деңгейде бекіту, қазақтың келімсектерге беретін «артық» жері жоқ ету болды. Міне сол норманы жасату үшін Әлихан өзінің ұзақ жылғы досы, үндітанушы ғалым, патшалық Ресей мен Кеңестік Ғылым академиясының ғылыми хатшысы академик Сергей Ольденбург арқылы 1926 жылы КСРО Ғылым академиясының экспедициясын ұйымдастырды. Экспедицияны ол мақсатты түрде Қазақстанның сол кездегі Адай оязына, анығырақ айтқанда қазіргі Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарына бағыттады. Оның бірнеше себебі бар еді. Біріншіден, Адай оязы қазақтары әлі де толығымен көшпелі болатын. Екіншіден, отырықшы шаруашылыққа қарағанда көшпелі мал шаруашылығына әлдеқайда көп жер берілетін. Мұндай норма тіпті патша заманында қарастырылған екен. Әлекеңнің КСРО Ғылым академиясының экспедициясын Адай оязына бағыттауының басты сыры осында жатты және Қазақстанның кеңестік жер нормасын Адай оязындағы жерді көп талап ететін көшпелі мал шаруашылығы негізінде жасатып, бекітпек болды. Сонымен 1926 жылдың жазы мен күзінде КСРО Ғылым академиясының одақтас және аутономиялық республикаларын зерттеу жөніндегі ерекше комитетінің антропологияық экспедицясының экономикалық зерттеулер партиясын бастаған Әлихан Бөкейхан болашақ академик, ол кезде Ленинградтағы мемлекеттік университеттің студенті Әлкей Марғұланды жанына алып, Адай оязында зерттеу жүргізеді. Сұлтан Хан Аққұлы айтқан бұл деректер Ақселеу Сейдімбек айтқан әңгімені тірілтіп отыр. Әлихан Бөкейханов 1925 жылдың сәуір айында Қызылордаға барғанын, съезге қатысқанын және ұлт атауына қатысты шешімді құжатпен бекіту жайлы кеңес бергенін жанына ерткен Әлкей Марғұланға айтуы әбден мүмкін ғой.

<strong>Әлихан Бөкейханов та Ақмешіттегі съезге қатысқан</strong>
КСРО Ғылым академиясының Адай оязындағы антропологиялық экспедициясы: 1-қатарда солдан оңға бірінші отырған Әлихан Бөкейхан; 2-қатарда солдан оңға қарай төртінші тұрған Әлкей Марғұлан. Ақтөбе, 1926 ж.
Бұл сурет алаштанушы, әлихантанушы ғалым, Еуразия ұлттық университеті «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлынан алынды.

Тарихи деректерге сүйенсек, экспедиция жұмысын мезгілінен бұрын аяқтаған Әлихан Нұрмұхамедұлы 1926 жылдың ерте күзінде Ақтөбеден Қызылордаға екінші рет ат басын бұрады. Сұлтан Хан Аққұлы келтірген деректерге қарағанда Бөкейхановты теміржол бекетінде Қазақстанның Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы бүгінгі тілмен айтқанда премьер-министр қызметін атқарған Нығмет Нұрмақұлының өзі қарсы алған. Қызылордада ол ең жақын үзеңгілестері Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұхаметжан Тынышбайұлымен сырласып, үкімет мүшелерімен кеңеседі. Бірақ өзін тосып отырған экспедиция мүшелеріне қосылып, Мәскеуге қайту үшін Қызылордадан Ақтөбеге жеткен сәтінде тұтқындалып, тағы да қолына кісен салынып, күзетпен Мәскеуге жеткізіліп, еш айып-қылмыссыз Бутырка түрмесіне жабылады. Оның ең басты «қылмысы» – Халықаралық Қызыл крест ұйымының Мәскеудегі өкілдігінің төрайымы, жазушы Максим Горькийдің жұбайы Екатерина Пешковаға 1933 жылы жазған хатында Әлиханның өзі атап көрсеткендей, НКВД өзінің сыртынан 1925 жылдан бері қатаң бақылау орнатқан екен. Алаш көсемі НКВД-ның ол бақылауын елемей, КСРО ғылым академиясының экспедициясын емін-еркін ұйымдастырып, өзі ешкімнен рұқсат сұрамай-ақ Қазақстанға жүріп кеткен екен. 15 тәуліктен кейін И.Сталинді әлі де «Коба» деп атайтын Василий Шелгунов деген бір қарт бәлшебек түрмеден босатып алған. Алайда бұл Қызылордаға сапары Әлиханның туған даласына ең соңғы аяқ басуы болды. Ол аздай 1927 жылдың қазан айында Әлихан Бөкейханов Мәскеудегі Орталық күншығыс баспасындағы Қазақ бөлімінің редактор қызметінен «штат қысқарту» деген желеумен босатылып, мезгілінен бұрын зейнетақысыз зейнетке жіберіледі. Нәтижесінде көрнекті Алаш қайраткері Қошқе Кемеңгерұлы 1924 жылғы «Қазақ тарихынан» атты еңбегінде жазғанындай, қазіргі қазақ ұлты мен ұлттық мемлекетінің атасы, ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейхан – 1927 жылдан 1937 жылдың шілдесіне дейін Мәскеудегі 2 бөлмелі коммуналды пәтерінде НКВД-ның қатаң бақылауында жүруге мәжбүр болды.

Иә, Бөкейхановтың Сыр еліне сапары туған жеріне, атамекеніне, қасиетті Қазақстанына ең соңғы сапары болды. Түрлі құйтұрқы әрекеттерге барған большевиктер оны Қазақстанға жолатпады. Онда он жыл үй қамауында отырған Әлиханды 1937 жылдың тамызында қайта тұтқындап, бір айдан кейін жалған жаламен 71 жасында Мәскеуде ату жазасына кеседі. Осылайша қазақтың өз алдына ел болғанын көруді армандап кеткен Әлихандай алаш азаматының өмірі күреспен өтеді. 1989 жылғы 14 мамырда  КСРО Жоғарғы сотының қаулысы бойынша әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов ақталды.

<strong>Әлихан Бөкейханов та Ақмешіттегі съезге қатысқан</strong>
Сурет: Ғаламтордан алынды

Большевиктер Әлиханды өлтіргенмен оны жеңе алмады. Қандай қиындық көрсе де жігері жасымады. Кәрі тарих тарихшылар арқылы ақиқатты айтып, жалған жаланың құрбаны болған Әлихандай тұлғалар ақталды. Олардың арманы қазақпен бірге өмір сүрді. Уақыт өткен сайын алаш баласының егемендікке, елдікке деген ұмтылысы арта түсті. Ақыры, 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақ Елі төрткүл дүниеге тәуезсіздігін жариялады. Бұл алаштықтардың да мақсат-мұраты еді.

«Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген Әлихандай тау тұлғаның өнегеге толы ғұмыр жолы кешегіні былай қойғанда, бүгінгі тұрмақ ертеңгі қазаққа да үлгі болып қалары сөзсіз. Саналы ғұмырын Алаш мұрасына арнап келе жатқан ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, бүгінде «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» ЖШС бас директоры,  менің ұстазым Дихан Қамзабекұлы өзінің «Алаш арқауы» деп аталатын кітабында Әлихан Бөкейханның өмірі мен шығармашылығына кеңінен тоқталады. Бұл еңбекте ғалым: «Бүгінгі саналы ұрпақ Әлихан Бөкейхан десе, ойланып һәм тебіреніп қалады. Өйткені қазір бізде білтенің жануға шығарылған бөлігіндей зиялылық болса, соның негізін Әлихан мен Ахметтер қалағанын іштей сезінеді. Сондықтан да шығар Алаштың аты естілсе, сергек қазаққа бағзы замандағы ұран емес, Әлиханның аты мен заты естілгендей болады», – дейді. Шынында да, Алаш десе Әлихан Бөкейхановтың есімі естілгендей болады. Мұны мен орда бұзар отыздың орта тұсынан асып, қырыққа қарай қадам басып бара жатқан буынның өкілі ретінде де айта аламын. Тіпті қазақтың маңдайына біткен зиялы қауым өкілдерін санамалап атайтын болсақ, олардың арасында міндетті түрде Әлихандай алып тұрады.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: