(Бекежанды өзіміз өлтірдік пе?)
Өнер туындысы өмірді ұмыттырып, күнделікті тіршіліктен тыс, қиялдағыдай күн кешетін әлемге апаратын пойыздың билеттері сияқты. Әдетте өмір кинодағыдай емес, бірақ фильмнің бәрі өмірден алынған деп жатамыз. Шынайы өмірдің ақиқаты мен көркемдік шындық таразыға түскенде дұрысын ажырата алмай қалатынымыз, содан кейін бірнеше жүзжылдықтан соң шыны мен өтірігі қайсысы деп дауласатанымыз да бар.
«Қыз Жібек» кинокартинасын көрмеген қазақ жоқ шығар. Алайда арада қанша жыл көшкенімен, көңілден өшпей, қос ғашықтың махаббатына кедергі келтіріп, Төлегенді ажал құштырған кейіпкер Бекежан емес екенін біреу білсе, біреу білмес.
Бұл 1955 жылы көркем туындының сценарийін жазған Ғабит Мүсіреповтің қателігі ме, жоқ, сол кездегі саясаттың талабы ма? Мұны зерттеген Мұқадес Есламғалиұлы «Парасат» журналындағы «Төлегенді өлтірген кім?» деген мақаласында: «Киноның сценарийіне арқау болған «Қыз Жібек» жырының авторы Сегізсері 1834 жылы Шекті руының Қабақ тармағынан тараған батыр Арыстан Тіленұлының үйіне келіп түседі. Арыстан батыр оны қонақ етеді. Бұлармен бірге Жағалбайлы Жанқасқа жырау да болады. Бұл екеуі әуелі «Айман-Шолпан» жырының оқиғасын баян қылады. Жез көмей ақын сол жиында «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек» дастандарын жырлайды. Махамбет батыр өзінің «Сегізсеріге» деген өлеңінде:
«Айман-Шолпан», «Қыз Жібек»
Жырларың елге тарады.
Қашқын болып жүрсең де,
Аузыңа халық қарады, – дейді. Махамбет сол кезде осы жырдың туған топырағы Шалқар жеріндегі Шекті, Жағалбайлы руларының ең беделді адамдарымен аралас-құралас, сыйлас жағдайда жүргені – тарихи шындық.
«Бас болған елдің бұзық наданына,
Мәз болған айласы мен амалына.
Қожадан ел тонаушы сотқар шыққан
Бекежан Айбекұлы заманында.
Есімі тонаушының Кескентерек,
Тыңдамай ата-анасын, жүрген бөлек.
Ұрлыққа бала кезден болған әуес,
Қан төккіш, мейірімсіз, қара жүрек…», – жырдың келесі бөлімінде Кескентерек Тасымқожаұлының Хиуадан қашып келген қарақшы екендігі баяндалған. Ол әуелі өзінің туған нағашысы, Жағалбайлы руының елге аса сыйлы мырзасы Әбусағитты қалай өлтіргенін, оның тоқалын алып қашып кетіп, қалың құм ішінде қаңғыртып тастап кеткендігін сөз етеді. Сосын: «Менің айтқан кісіме шықпадың, өзің қалаған жігітің Қарабалаға тұрмысқа шығам дейсің» деп, туған қарындасы Қаламқастың төсін шауып өлтіріп, Ойыл бойына келіп, өзінің жетпіс екі сыбайласымен баспаналап жүрген нағыз қанішер екендігімен таныс боламыз. Содан кейін оның Жібекке ғашық қырық батырдың бірі болғандығы, бірақ Төлеген тұрғанда өзінің оған қолы жетпесін білген соң Қосаба көлінің жағасында жігіттің сұлтаны Төлегенді атып өлтіргенінен хабардар боламыз», – деп бұрмаланған шындықтың бетін ашады. Иә, бұған бейжай қарамай, жырдың мәтініне ары қарай үңілсек, Бекежанды тани түсеміз:
«Естек пен Әлімұлы қатар қонған,
Мекендеп Орал тауы мекен болған.
Бекежан Айбекұлы ордабасы,
Қол жинап, мұсылманға бопты қорған…».
Бұл жырдың оқиғасын айтушылар Шекті Арыстан Тіленұлы мен Жағалбайлы биі Жанқасқа екен. Арыстан Тіленұлы Шекті әрі Бекежанның әкесі Айбектің туған ағасы Қарабастан тараған боп шығады. Аталас болғасын Бекежанды ақтап алмаққа болған оқиғаны бұрмалап жеткізген шығар деуге де болар еді, бірақ Сегізсеріге әңгімелейтіннің бірі – Төлегеннің руласы Жанқасқа би екен.
Бекежан қалмақтармен соғысқанда Кескентерек өзінің жетпіс екі қарақшысымен қатысып, сеніміне кіріп алады. Ал Бекежан бірінші әйелі Салиха қайтыс болып, жылын өткізгеннен кейін түрікмен жұртындағы құда түсіріліп қойған қызын алып келуге кеткен уақытта Кескентерек Төлегенге қастандық жасап, жанын алады. Екі жылдан кейін барып, Төлегеннің бозжорғасын Бекежанға сыйламақ болады. Бірақ Бекежан Төлегеннің атын бір көргеннен-ақ танып қояды. Кескентерек «айдалада қаңғып жүрген жерінен тауып алдым» деп ақталады. Соған қарамастан батыр оны қуып жіберген.
Табын елінің мырзасы Нұрғожаның әйелі ұл тауып, соның шілдехана тойында қарамай қойғаны үшін Жібекке Кескентерек ауыр сөйлеп, тіл тигізеді. «Шекті көп пе, шегіртке көп пе» деген мәтел тарағанындай, Жібектің жеті ағасы сол жерде Кескентеректі дарға асып өлтірген екен. Ал аталған жайттардан кейін Жібек Төлегеннің туған інісі Сансызбайға ұзатылады. Кейін екеуінен Төсбатыр деген ұл дүниеге келген.
Киноның сценарийі бойынша көпшіліктің санасына жағымсыз кейіпкер боп сіңіп қалған Бекежан жасы қырыққа шамалас болған кезінде шайқас үстінде белінен қатты жараланып, мүгедек болған екен. Осыдан соң өмірінің соңына дейін қолма-қол ұрысқа жарамай қалады… 1730 жылы балалары Аңырақай соғысына аттанған уақытта түрікмендер Шекті жеріне шабуыл жасап, сол ұрыста батырға улы жебе тиіп, қаза тауыпты. Енді біреулер 63 жасында төсегінде жатып, бір кездегі жарақаты салдарынан қайтыс болды дейді. Яғни Бекежанның қайтыс болуы туралы нақты ақпарат жоқ.
Зерттеулерге сүйенсек, Бекежан шын мәнінде жауыз емес, Төлегеннiң жанашыр ағасы ретiнде сипатталған екен. Жазбаша нұсқада, зерттеулерде ол қазақ халқының тәуелсiздiгi үшiн күресiп, өзiнiң елiн қорғап жүрген қаһарман ретiнде аталады. Ел аузында оның ерлiгiн дәрiптейтiн бiраз жыр сақталыпты. Бекежанның алғашқы әйелi башқұрт мырзасы Құрамыстың қызы Салиқадан Қайрақ, Байрақ, Тайлақ деген үш ұл, Нұргүл есiмдi бiр қыз туған. Балаларының үшеуi де кезiнде танымал батыр болған. Тайлақ 1729 жылы Алматыдан Таразға апаратын үлкен жолдың шамамен жүз жетпiс шақырымындағы жерде қырық бiр күнге созылған, жоңғарларды аңыратқан, оларды Iле өзенiнiң бойындағы апанына дейiн тықсырған «Аңырақай шайқасы» деп аталған соғысқа Кiшi жүздiң жасағын басқарса, Байрақ пен Қайрақ мыңбасы екен.
Кiшi жүздiң құрамына кiретiн Шектi руынан шыққан Бекежан батырдың ұлы Тайлақ батыр туралы Батыс Қазақстан облыстық энциклопедиясында да мәлiмет бар. Онда Бекежанның ұлы Тайлақтың туған жылы мен қайтқан жылы көрсетiлмегенiмен, батыр әрi қолбасшы болғандығы айтылады. Ол туралы Жамбыл Жабаевтың «Саурық батыр» жырында Тайлақ батырдың Шапырашты Саурықпен бiрге қалмақтарға қарсы шайқасқаны жөнiнде айтқаны да бар.
Кей әдебиеттанушылар Жүсіпбекқожа Шайхислам жырдың бүкіл мазмұнын өзгертіп, Бекежанды да қарақшы етіп көрсетіп әрі оны Шектінің емес, Арғынның батыры етіп «түзетулер» жасағанын, сөйтіп, 1904 жылы сол нұсқаны Қазан баспасынан шығарғанын атап өткен. Жүсіпбекқожа 30 жылдардың соңына қарай жырды «өзімнің жазғаным» деп Әуезовке келіп көрсеткен екен. Жазушы: «Бұл жыр әуелден-ақ бар, сен мұның халықтық дүние екенін теріске шығара алмайсың, жай ғана жырды жинаушы ғанасың», – деп тоқтатқан екен.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Сәбит Жолдасов: «Бұл жөнiнде соңғы бес жыл iшiнде бiрнеше мақала мен кiтаптарда қозғап, дәлелдер айтып жүрмін. Шынына келсек, «Бекежан» десе, бүгiнгi күнi әсiресе, жастарымыздың көз алдына Жiбекке асыққан Төлеген дарияның жағасында жуынып тұрғанында ту сыртынан келiп, жебесiн қадап, өзiнiң мақсатына жеткенiне мейлiнше масаттанып, өлiм аузындағы қарсыласына мысқылдай қарап тұрған жауыз-қарақшының бейнесi келерi анық. Бұл ұрпақтың санасына лиро-эпостық «Қыз Жiбек» жыры нұсқасына сүйенiп түсiрiлген, бәрiмiздiң сүйiп көретiн «Қыз Жiбек» фильмiнiң әсерi арқылы қалыптасқаны белгiлi. Шешендi «сақау», көсемдi «мақау», батырды «сатқын» деп, ақылдыны «топас» етiп көрсеткеннен ауыр нәрсе бар ма?!», – дейді. Демек көркем шындық пен өмір шындығының таразыда тең түсе бермейтінін ескере жүрген жөн.
Дина БӨКЕБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!