Жексенбі, 22 желтоқсан, 20:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Тайлақ батыр

17.05.2022

2449 0

Отан тарихында елі мен жерін жаудан қорғаған батырлар аз бол­маған. Олардың бірқатарының өмірі мен қызметі ғылыми тұрғы­да  жазылып, лайықты бағасын алды. Соның нәтижесінде есімде­рі ұлықталып, ауылдар мен қала­лардың көшелеріне, мәдени-әлеу­меттік нысандарға берілуде. Бұл тарихи жадты жаңғыртуға қызмет ете­тін игілікті іс.

Дегенмен тарихымызда Отан соғысы деп аталатын ХVІІ-ХҮІІІ ғасырлардағы қазақ-жоңғар соғы­сында жанқиярлық ер­ліктің үлгі­сін көрсеткен, жауға қарсы қол бастаған, елшілік-бітімгершілік қызмет атқарған көптеген батырла­рымыз бен би­леріміз жеткілікті насихатталмай келеді. Сондай тұл­ғамыздың бірі – Тайлақ батыр.

Тарихи деректерде Тайлақ батыр Мәтіұлы ХVІІ ғасырдың соңғы ширегінде дүниеге келіп, ХVІІІ ғасырдың қырқыншы жылда­рында қайтыс болғандығы айты­лады. Әкесі Мәті би болып, ел басқарса, оның екі ұлы Тайлақ пен Дербіс Еділ бойындағы құба қалмақтармен шайқастарда ерлі­гімен көзге түскен батырлар болып қалыптасады.

Тайлақтың батырлығы «Ақта­бан шұбы­рынды, Алқакөл сұлама» қасіретінен соң үш жүздің басы қосылып, жоңғар шапқыншы­ларынан елді азат ету үшін болған шешуші шайқасқа шыққан кезде танылады. Әсіресе, Тайлақтың батыр болып үш жүзге танылатыны 1729 жыл­ғы Бұланты мен Білеуті өзендерінің қиылысындағы Қара­сүйір деген жердегі шайқаста ошақты Саңырық батырмен тізе қосып, жоңғар әскерін тас-талқан етіп жеңуі еді. Осы деректер аталған кезеңнің архивтік құжат­тарын тірнектеп жинаған қазақ­стандық ғалым Я.В.Басиннің (Басин Я.В. Россия и Казахское ханства в ХVІ-ХVІІІ вв. –А., 1971 –С.126) құжаттар жинағында орын алған. ХХ ғасырдың бас кезінде М.Тынышпаевтың «История ка­захского народа» деген зерт­теуінде де Тайлақ батыр қатыс­қан осы шайқас суреттеледі. Демек, Тайлақ батыр тура­лы өз заманындағы жазба деректер ғылыми айналымда кездеседі. Ал тарихи тұлғаларды тұлғаландыруда дәстүрлі деректер – аңыздар, шежірелік деректердің де маңызы ерекше. Телеу тайпасы, оның шежірелік аңыздарында да Тайлақ батырға қатысты дерек­тер жетерлік. Осы деректерді пай­даланған Ә.Кекілбаев «Үркер» ро­манында, Ә.Әлімжанов «Жаушы» ро­манында Тайлақ батырдың ерлік істерін көркемдік тұрғыда көрсетті.

Бұл дәстүр кейінгі кездегі «Алаш» ғылыми зерттеу орталы­ғы дайындаған «Қазақ ру-тайпалары­ның тарихы» серия­сымен жарыққа шыққан «Телеу» атты ғылыми еңбекте, профессор Берікбай Сағындықұлының («Әлімсақ» жур­налы 2019 ж. №10) зерттеуінде, С.Кішенұлы мен С.Пірманұлының «Қармақшы таңы» газетіндегі «Тайлақ батыр» атты ғы­лыми-танымдық мақаласында және басқа да зерттеулерде жалғасын тапты. Осы бағытта С.Байдәулетовтің «Алтын киімді қарт қазақтар немесе көне заманның көк бөрісінен жаңа заманның барысына дейін» және С.Қойшыбаевтың «Тұлпар» атты тарихи-этнографиялық зерттеу кі­тап­тарында да Тайлақ батыр ту­ралы жазылған.

Тарихи деректерге сүйеніп, Аңырақай шайқасындағы ерлігін есте қалдыру үшін Ұлытауға жақын Бұланты-Білеутідегі ашық аспан астындағы мұражайға Тайлақ ба­тырдың есімі жазылған ескерткіш белгі қойылған. Батырдың есімін ұлықтаудағы бұл алғашқы қадам одан әрі жалғасын табуы керек.

Аңыздарда, деректерде Тайлақ батыр­дың есім сойы – Телеу Тайлақ батыр немесе Тайлақ мерген деген атпен орныққан. Бұл жерде батырларымыздың ең алдымен өз ру-тайпасынан құралған қол­ды басқаратыны, содан соң ерлігімен танылып жүздің, бүкіл қазақтың қолын басқаратын әскери иерархиялық жолдан өте­тіндігі есте болуы керек. Оның мысалын Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбайлардың мысалдарынан көреміз. Осы жолдан өтіп, Телеудің қолын бастаған Тайлақ берісі Жетірудың, әрісі Кіші жүздің қолын басқарған батырлардың біріне айналған. Біз сөз еткен Тайлақ батыр жайлы айтқанда «Телеу Тайлақ батыр» деген тұрақты тіркеспен қолданған орынды. Өйт­кені қазақ батырларының ара­сында аттастар көп кездеседі, бір-бірінен ажырату үшін олардың есіміне ру-тайпасын тіркеп атаудан үркудің керегі жоқ. Бұл жағдайды орныққан дәстүрлі құндылық деп қабылдауымыз керек.

Тұрсын Хазретәлі,

Тарих ғылымдарының докторы, Қожа Ахмет Ясауи

атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің тарих кафедрасының профессоры

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: