Жұма, 27 желтоқсан, 06:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Тарихи тұлғаға құрмет көрсетілді

06.05.2023

869 0

Отан қорғаушылар күні қарсаңында Қызылорда облысының Шиелі ауданында қазақ-жоңғар соғысы батырларының бірі, даңқты қолбасшы Тауасар батыр Тілекеұлын ұлықтау мақсатында бірнеше шара өтті. Алдымен Тауасар батыр көшесі ашылды. Сонан соң Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде жазушы-драматург С.Балғабаевтың «Бағаналы батыры – Тауасар!» атты пьесасының премьерасы сахналанды. Сонан соң аудан орталығындағы «Астана» мейрамханасында батыр баба рухына Құраннан дұға бағышталды.

Тауасар батыр көшесінің ашылу салтанатына Астана, Алматы, Қостанай, Ұлытау, Түркістан, Қызылорда, Шымкент сынды еліміздің бірнеше өңірінен делегация қатысты. Көшенің ашылуында аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов, жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаев, қоғам қайраткері Дайрабай Ысқақов сөз сөйлеп, Тауасар батырдың өнегелі өмірі мен ерлікке толы ғұмыры өскелең ұрпаққа үлгі екенін атап өтті.

Мұнан соң Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде жазушы-драматург, елге белгілі қаламгер С.Балғабаевтың «Бағаналы батыры – Тауасар!» атты пьесасының премьерасы өтті. Спектакльді Шиелі ауданының халық театры жоғары дәрежеде сахналады. Мәдениет майталманы Зүлфия Шалабаеваның режиссерлік етуімен қойылған қойылым жұрт көңілінен шықты. Рөлдерде ойнаған әртістер де кейіпкерлерді шебер сомдай білді. Премьерадан соң пьеса авторы С.Балғабаев мінсіз шеберліктері үшін аудандық халық театрының өнерпаздарына алғысын білдірді. Сондай-ақ «Бағаналы» ҚҚ төрағасы Серік Тұрдалыұлы Сұлтанәлі ағаға қазақы жолмен шапан жауып, қаржылай сый-сияпат жасады. Қостанай облысынан келген Асқар Қойгелдинов жылы лебіз білдіріп, спектакльге қатынасқан әртістерге сый жасаса, айтыскер ақын Кенжебай Жүсіп ыстық ықыласын білдірді.

Жалпы Тауасар батыр кім деген сұраққа келер болсақ… Тарихтың қатпар тұнығына сіңіп, есімі көмескіленіп, тіпті, бүгінгі ұрпаққа беймәлім болып кеткен батыр, би, ақын бабаларымыз баршылық. Бірақ олардың арасынан сәуле шашып, өзінің мына өмірде шын мәнінде болғандығын айғақтап тұратын тарихи жандар болады. Солардың бірі – ел есінде батырлығымен сақталған Бағаналыдан шыққан Тауасар Тілекеұлы.

Тауасар батыр туралы мәліметтер Қазақстан ұлттық энциклопедиясында, Ақселеу Сейдімбек пен Аппаз Қаражігітовтің және Сұлтан Сүтбаевтың, Қуаныш Сұлтановтың, Мәди Болатовтың зерттеулерінде жазылған. Бізге жеткен деректерде Тауасар батыр жайында он адамға дес бермес күштің иесі әрі Сығанақтың бегі болғандығы, башқұрт ханы Қарасақалдың қарындасы Гүлсімге үйленгені, Қабанбай батырмен иық тіресе жаумен шайқасқаны, ел ішінде батырлығымен дараланғаны, атақты Барлыбай ханның әкесі екендігі жайлы деректер бар.

Қолда бар айғақтарға сүйеніп, алдымен Тауасардың батыр болғандығын дәлелдеп шығайық. Қазақ ұлттық энциклопедиясының ІІ томында Барлыбай ханға қатысты айтылған деректерде оның әкесі Тауасар батыр жайлы мәліметтер келтіріледі. Онда: «Барлыбай Тауасарұлы Орталық Қазақстанда Ұлытау өңірінде дүниеге келген. Әкесі Тауасар қалмақтармен шайқаста аты шыққан батыр, анасы Гүлсім башқұрт батыры Қарасақалдың қарындасы болған» – деп көрсетілген. Мұндай мәліметтер жазушы Аппаз Қаражігітов пен Қазақстанның Құрметті геологі Сұлтан Сүтбаевтың еңбектерінде де кездеседі. Сондай-ақ Бұқар жыраудың:
– Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай.
Шапырашты Наурызбай,
Ту түбінде тұр еді.
Абылайхан осы күн,
Айбатты дағы, сұр еді.
Құрт пен малта ас болып,
Қалмақпенен қас болып,
Балғалы Барақ бас болып,
Жиылды Қаратөбеге.
Жасақ біткен жосылды,
Жеңіспенен бөленіп.
Һәмбесі дағы дос болып.
Тауға таман жақындап,
Қатарға Сасан қосылды.
Қалмақтың кетіп кенеуі,
Ойындары осылды.
Тауасар, Қара, Шоңайым,
Сеніменен шоңайдым, – деген өлеңінде де кездеседі.

Қызылорда облысының Шиелі ауданына қарасты Ақмая деген ауыл бар. Сол ауылда Әбілқас Дәрібайұлы деген ақсақал өмір сүрді. Өзі шежіреші, ескі де есті әңгімелерді көп білетін жан болатын. Сол кісі Тауасар батыр жайлы мынадай дерек айтқан болатын. «Жоңғарлармен болған бір шайқаста Қабанбай батырдың атына жебе тиіп, батыр тұлпарсыз қалған екен. Оны көрген жау жағы Қабанбай жаққа тұра ұмтылыпты. Сонда Тауасар батыр «Қабанбай, менің атымды ал да шайқасты жалғастыра бер» депті. Қабанбай болса: «Жасыңыз үлкен ағасыз. Қазақтың сіздей батырын атсыз қалдырған маған жарамас» деп жауап қайырады. «Аға тұтсаң, артыма мінгес. Менің атым екеуімізге де жетеді» деп хан батыры атанған Қабанбайды жау қоршауынан алып шыққан екен». Бұл – Әбілқас ақсақалдың айтқаны.

Қарағанды мемлекеттік университетінің ғалымдары «Арқа батырлары» деп аталатын кітап шығарды. Осы еңбекте Тауасар батыр жайлы айтылады. Біз мысалға алған «Арқа батырлары» деп аталатын еңбекте: «Сарысу өзенінің бойы (Бұлантының Сарысуға құяр тұсы). Бас қолбасшының белгілеуі бойынша ұрыс бірден төрт жерде өтті. Өйткені бұл соғысқа қазақ-қалмақтың қолын қосқанда» шамамен тоқсан мыңға жуық адам қатысқан сияқты. Жолбарыс басқарған Ұлы жүз қолында он жеті мың. Сәмеке хан басқарған Орта жүзде жиырма мың. Әбілқайырдың өзі басқарған Кіші жүз қолында жеті мың адам болды. Жолбарыс ханның шатыры Бұланты дейтін Сарысудың батысындағы кішкентай өзеннің бойына тігілді.

Осы соғысқа Қабанбай батыр түмен (он мың қол) басқарып қатысты. Ал мың сан қолдың алдына түскен Тауасар батыр алпамсадай көрінді. Алғашқы күні жекпе-жекке шыққан Тауасар айтарлықтай жеңіске жетті. Келесі күндерде Қабанбай, Тауасар Жаулыбай, Жәнібек, тағы басқа қазақ батырлары соғыста жеңіске жеткізген әскери тәсіл «Толғамаға» кірісті. Жаудың бір шетінен шабуыл жасап, қаша жүріп соғыс салу арқылы шоғырланған күшті бөлшектеп, майдан алаңынан ұзатып әкетіп әлсірету екен. Жайшылықта ақ жар¬қын Тауасар батыр қабағын қарс жауып ашуланғанда қарсы қарауға адам шыдамай, сескенетін. Қасына өңшең жау түсіргіш жігіттерді іріктеп алып, қалмақтарға қарсы «Сары! Сарғалдақ!» деп сүрен салып шаба жөнелді. Жаудың қалың қолын жарып өтіп, батысқа қарай бет алғанда соңынан қаптал қара тобыр қалмақтар соғыс алаңынан ұзап шыққанын білмей қалды. Қоршауға алынған қалмақтар Қабанбай жасақтарының қолынан қойша қырылды. Осы әдісті қолдану жақсы нәтиже берді. Бірнеше күнге созылған Айрантөгілгендегі соғыста қалмақтар қырғынға ұшырады. Жер аты «Қалмаққырылған» деп аталды. Бұланты шайқасы қазақ елінің жеңіске жетуінің бастамасы болды» деп жазылған.

Бұл туындыда Тауасар батырдың жауға «Сары! Сарғалдақ!» деп шапқаны анық көрсетілген. Бұл Бұқар жырау толғауында есімі аталатын Тауасардың дәл осы Бағаналы Найман Тауасар екенін айғақтай түседі. Өйткені Сары Тауасардың бабасы да Сарғалдақ Сары атаның туған інісі. Бұл туралы Ақселеу Сейдімбектің «Балталы, Бағаналы ел аман бол» атты еңбегінде жазылған. Алматы қаласында орналасқан Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институ¬тының қолжазба бөлімінде зерттеуші Мәди Болатовтың жазбалары сақталған. Ақселеу Сейдімбектің «Балталы-Бағаналы ел аман бол» деп аталатын еңбегінде де, Мәди Болатовтың жазбаларында да келтірілетін шежірелік деректерде Сары Тауасардың тікелей бабасы екені айтылады. Тәптіштеп айтар болсақ, Сарыдан Жауағашты, одан Тілеке, Тілекеден Тауасар болып өрбиді. Ал Тауасар сардардың Барлыбай батырдың әкесі екені әмбеге аян. Бұл жайында Қазақстандағы ең мықты ғалымдар дайындаған ұлттық энциклопедияда айтылған. Таусардың найман және оның Барлыбай батырдың әкесі екенін Ақселеу Сейдімбектің «Балталы-Бағаналы ел аман бол» деген кітабында да жазылған. Осындай алып тұлғалы ғалымдардан артық білемін деушілер жоқ шығар. Бұл батырлардың найман соның ішінде Бағаналы екені дау тудырмайды деген сенімдеміз.

Қазақтың атақты шежірешілерінің бірі саналатын Тайғара Ермағанбетұлы деген ақсақалдың жазбаларында: «Тауасар батырды Сығанақтың бегі болған. Жаумен шайқасып, Сығанақтың түбіндегі соғыста шейіт болған» – деген дәйекті деректер бар. Жоғарыда Тауасардың башқұрт батыры Қарасақалдың қарындасы Гүлсімге үйленгендігі жайлы, ол екеуінен Барлыбай батырдың туғандығы туралы деректер келтіріп өттік. Негізі осы Қарсақалдың ұлты башқұрт емес екен. Тарихи деректерде Қарасақал деген оның лақап аты, ал шын есімі Байболат деп көрсетіледі. Ататегіне үңілсек Шыңғысхан әулетінен шыққан, Сібірдің ханы Көшімнің ұрпағы. Башқұрттарға, қарақалпақтарға және наймандарға хан болған. Қажылыққа барған, арабша оқыған, қазақ, орыс, ойрат тілдерін еркін меңгерген. Қазақтың хандары мен сұлтандары онымен өте тығыз қарым-қатынаста болған. Ол жайында тарихшы, шығыстанушы, философия докторы, профессор Ахмет Заки Валиди былай дейдi: «Сын Давлет-Гирея «Ишим-Чувек султан» в Ургенче был каракалпакским ханом, его сын Хасан султан оставался у калмыцких ханов, а его сын Байбулат султан ездил в Крым и Стамбул и одновременно был султаном башкир, восставших против России. Чтобы не попасть в руки русских, ездил тайно под различными именами. Одно из этих имен – Карасакал. Его брат Ишим султан и сыновья Ишим султана Шайбак и Убейд (Убейдуллах) султаны были султанами каракалпаков. Байбулат султан был известен своей ученостью и красотой. Убейд султан был султаном племени карат (или карай). В то время, когда Байбулат (Бейбулат) воевал против русских в Башкурдистане, Шайбак хан был ханом у каракалпаков. Во всех отношениях был помощником Байбулата. Его мать Айше хатун была молочной матерью и воспитательницей Байбулата», – деген айғақтарды алға тартады. (Ахмет заки Валиди Тоган. История башкир, Уфа, 2010, с.37-39,61,62.)

Көшімханның ұрпағы Қарасақал башқұрттардың ханы болып, Ресеймен соғысқанын білдік. Дегенмен ойсырай жеңілгеннен кейін қазақ жеріне қарай қашуға мәжбүр болады. Қазақ арасында оған қолдау көрсетіледі. Тіпті бірнеше руға хан болған деген де мәліметтер бар. Осындай адамның қарындасын жайдан-жай біреуге ұзата салмайтыны бесенеден белгілі. Не есімі елге белгілі атақты батыр, иә болмаса бектік дәрежесі бар лауазымды адам болуы керек. Соған қарағанда Тайғара ақсақалдың Тауасарды Сығанақтың бегі болған деуі тегін болмай тұр. Ол заманда мұндай әулеттің қызына сұлтандардың өзі әрең қол жеткізген. Бұдан Тауасардың әрі батыр әрі бек болғанын аңғаруға болады.

Тауасар батыр хақындағы деректер мұнымен бітпейді. Тарихты ашқан сайын тұлғалар мен мұндалап тұратыны скілді Тауасар батыр есімі де айналасына жарық шашып тұрары кәміл. Жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың пьесасында да тарихи тұлғаның болмыс-бітімі айқын көрініс тапты.Мұнан соң батыр рухына арналып, Құраннан дұға бағышталды.

Әзиз БАТЫРБЕКОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: