Әсілінде адамзат баласы туған жерімен тығыз байланыста болады. Саф ауасымен тыныстап, әсем табиғатынан жанына рухани қуат алып өседі. Бұл әрбір азаматтың тұлға болып жетілуіне зор септігін тигізеді.
Біз бүгін сөз еткелі отырған кейіпкеріміз Жақсыбай Жәкеев еңбегімен ер атанып, туған жерін түлетуде өшпес еңбек сіңірген арда азамат. Оның бастамасымен талай туымды дүниелер іске қосылды. Қасиетті Қармақшы топырағында туып өскен ағамыз өзі өсіп өнген өлкенің ыстығына күйіп, суығына тоңып келешек ұрпақ жолында көптеген тағылымды дүниелер қалдырды. Ол әлі де қазақ қоғамына зор пайдасын тигізе бермек.
Жақсыбай ағаны қашан көрсеңде қоғамдық істердің ұйытқысы болып жүреді. Жасым келді деп жайбарақат, қол қусырып отырған ол жоқ. Жосалы кентінің әкімі болған тұстарда да кент ішінде орын алған кез келген түйіткілді мәселенің басы қасында өзі жүретінін жергілікті тұрғындар әлі күнге ризашылық айтып жүр. Одан кейін кент ардагерлер кеңесінің төрағасы болған кезеңдері де қазыналы қарттардың мұң мұқтажын жоғары билік орындарына жеткізіп, оңтайлы шешілуіне өз ықпалын тигізгенін мұқым ел мойындайды. Бұл – қоғамды алға сүйреген тұлғаның боямасыз болмысы болатын.
Жақсыбай Малбағарұлы жасаған игілікті істердің бір парасына тоқталып өтсек. Қасиетті өлкенің ажарына сән қосып тұрған 600 орындық аудандық мәдениет үйі, 165 орындық орталық аудандық аурухана, 18 пәтерлі 4 үй, 1164 орындық №30 Омар Шораяқұлы атындағы және №27 орта мектеп құрылыстарына қолтаңбасы қалған құрылысшы. Сонымен қатар «ПМК-1062», мұнай «Терминал» саласының мекемесінде бас инженер болған кезде «Жаңақала» кеңшарындағы 20 орындық монша, Ақжар ауылындағы мүйізді іріқара кешені, «Қармақшы» кеңшарындағы 50 орындық балабақша, Жосалы механикалық зауытының жылу қазандығы сияқты ірі-ірі ғимараттар пайдалануға берілген. Мұның барлығы үлкен еңбектің нәтижесі болатын.
Тағы бір атап өтерлігі, ауданда қызмет жасаған жылдары көркейту-көгалдандыру жұмыстарының сапалы орындалғаны үшін үш мәрте облыстық, екі мәрте республиканың туын жеңіп алған жарқын сәттері Жәкеңнің тынымсыз атқарған жұмысының жеңісі еді. Осындай еселі еңбегі ел тарапынан жоғары бағаланып, 1970 жылы құрылыс прорабы болып жоғарылады. 1971 жылы аудандық партия комитеті оны аудандық сәулет бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындады. Бұл жұмыстарда да Жақсыбай Жәкеев жауапкершілік жүгін сезініп, күрделі құрылыс саласының жұмыстарына да зор үлесін қоса білді. 1973 жылы аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесінің бастығы болып, халықты ауыз сумен қамтамасыз ету үшін көшелерге жалпы ұзындығы 18 шақырым болатын су құбырларын жүргізуге бастамашы болды. Кенттің орталық көшелері асфальтталып, көпшілігіне тас төселді. 3 скважина қазылып, су соратын станса салынды. Көптеген көшелерге жарық жүргізілді. Бұл бір қарағанда жеңіл болып көрінгенімен оның артында қаншама еңбек жатыр.
Халқымызда «Болар жігіт он бесінде баспын дер, болмас жігіт қырық бесінде жаспын дер» деген даналық сөзі бар. Жәкеңнің тұлға болып қалыптасуы сонау жастық шағында айқын аңғарылған еді. Оған өзі оқыған оқу ордасы тарапынан жұмысқа қалу жөніндегі ұсынысынан аңғарылады. Шымкент қаласындағы химия-технологиялық институттын құрылысшы мамандығы бойынша тәмамдаған жас жігітті сол кездегі институт басшылығы оқу орнына мұғалім етіп қалдыруға шешім қабылдайды. Тіптен темір бетонды конструкциялау, материалдар кедергісі (сопромат), Теориялық механика (теормех) деп аталатын пәндерден сабақ беруді жас маманға беріп қойған болатын. Алайда «Ер туған жеріне» деп байырғы бабаларымыз атап өткендей Жақсыбай Малбағарұлы өзі туған Жосалы кентіне келіп, туған ауылын түлетуді мақсат етеді. Сол ізгі арманына жеткеніне өзі де іштей қанаттанып отырады.
Жәкеңнің саналы ғұмырында ерекше орын алатын сәттерінің бірі де, бірегейі түркі әлемінің абызы саналған Қорқыт ата ескерткішінің орнын белгілеуі болатын. Сол бір тарихи сәт туралы Жәкең былайша сөз өрбітті.
– Жасыратыны жоқ, ол менің өмірімде ең бір елеулі тұс десем артық айтқандық емес. Бірде Нағымет Егізбаев, Әбдіраш Мұғалов, Әуелбек Қоңыратбаев, облыстық мемлекеттік ескерткіштерді қорғау бөлімінің басшысы Жақсыбай Құлымбетов және мен Қорқыт атаның басына бардық. Сол жерде дария жағасына, осы жерге дейін Жосалыдан жол салу керек, Қорқытқа ескерткіш қою қажет деген әңгіме басталды. Содан үлкен жолдың бойынан өткен жолаушылар бабаға зиярат етіп, басына құран оқып өтеді. Керемет іс болғалы тұр. Ескерткішті теміржол мен тас жолдың арасына, ана бір төбелердің бірінің үстіне неге қоймаймыз, – дегенім сол еді.
– Мына баланың айтып тұрғаны дұрыс, барып көрейік, – деді профессор Әуелбек Қоңыратбаев. Содан көлікке отырып, арғы бетке өттік. Қазіргі Қорқыт бабаның кесенесі тұрған жерге қазық қағылды. Артынша аудандық атқару комитетінің төрағасы Нажмаддин Ысқақов шешім шығарды. Алматыдан арнайы архитекторлар Бек Ыбыраев пен елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков шақырылды. Кесенеге қаралған арнайы қаржы жоқ. Аупарткомның бірінші хатшысы Елеу Көшербаев ағамыздың тапсырмасымен ПМК-30, ПМК-83, ПМК-1602, құрылыс мекемелерінің асарлату әдісімен кесене салынды, –дейді Жақсыбай Малбағарұлы өз сөзінде.
Міне, сол Жәкең биыл 75 жасқа толғалы отыр. Жұбайы Рауабану медицина саласының ардагері. Екеуі 3 баладан тараған немерелердің қызығына бөленіп отырған қазыналы қариялар. Балаларының барлығы өз салаларының майталман мамандары. Қос қарияның ендігі арманы егемен еліміздің берекелі тыныштығы.
Туған елінің өркендеуі мен көркеюіне орасан зор үлес қосқан қайраткер тұлғаның ғұмырнамалық өмірі кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Халыққа қажетті шаруашылықтардың кез келген түрін ұршықша үйіріп әкету Жәкең сынды тұлғаның ғана қолынан келетін іс. Осындай белсенділігімен әлі күнге дейін Сыр өңірінің кемел келешегі жолында жүйелі жұмыстар жасап келеді. Оған қандай марапат ұсынса да жарасар еді. Бұл өз биігін қалыптастырған қайраткердің қайталанбас қолтаңбасы.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!