Жұма, 05 шiлде, 15:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№52-2062
02.07.2024
PDF мұрағаты

Сәнге айналған тақия

23.04.2022

3145 0

Қазір әлеуметтік желіні ашып қалсаң, сәнге айналған тақияларға тапсырыс алатындар көбейген. Қарасаң көз тоймайды. Қазақы  бас киімнің сәнге айналғаны көпшілікті қуантады, әрине. Соңғы 1-2 айдың ішінде қыздар арасында тақия кию сәнге айналды.

«Адам көркі шүберек» деген ғой. Оның ішінде бас киімнің орны бөлек. Ұмыт бола бастаған қазақтың ұлттық нақыштағы киімдері брендке айналғандай. Қалай десек те бүгінде тақия трендтен түспей тұр. 

Қазақ қызының сәнін кел­тірген бас киімге менің де қызығушылығым арта түскендей. Асығыс тап­сырыс қабылдау­шы­ға хабарластым. Ұлттық құндылықты жаңғыртуға үлес қосып жүрген жанның бірі – Мархаббат Кеңесбаева.

– Соңғы 1-2 айда тақия сәнге айналды. Сұраныс көп екенін байқадым. Тақия тігуді үйрендім. Ал­ғашында таныста­ры­ма тіктім. Содан кейін тап­сырыс қа­былдай баста­дым. Жас қыздар ара­сында қызығу­шы­лық көп. Қазақ қызына сән берген тақияның брендке айналуына  сеп­ті­гімді тигізсем қуа­намын. Бағасы қол­жетімді. 4000 тең­геден тап­сы­рыс қабыл­­дап жатырмын. Тек ме­рекеде емес, күнделікті киіп жүруге ың­­ғайлы. Кәсіпті бастамас бұрын оның қалай ті­гі­­ле­­тінін әбден зерт­тедім.

Тақия бұрын қазақ қыздарының ерекше ұнатып киетін бас киімі болған. Оны кестелеп, сырып тіккен. Ұлттық өрнек мәнеріне қарай әр түрлі болып тігілген. Қазіргі уақытта темір сыл­дырмақтармен, әдемі моншақтармен әше­кейлеу сәнге айналған. Мен де осы түрде тігіп жатырмын. Қызыл, күлгін, жасыл, ақ қызыл секілді әдемі түстерді қолданудамын. Бұл түстер қыздарға көрік берері сөзсіз. Қолданысқа енген тақияны тігіп тәжірибе жасадым. Қолымнан шықты. Қыздарға ұнаған болар, тапсырыс бере бастады. Бұл ұлттық өнер болғандықтан үлкен жауапкершілігі бар жұмыс. Маталардан түркиялық сапалы велюр мен бархатты қолданамын. Жұмыстың сапалы болғанын жақсы көремін. Сондықтан маталардың да сапасына мән беремін, – дейді Мархаббат Кеңесбаева. 

Рас, ұлттық киімді тек наурыз айында киеміз. Оған көбісі ыңғайсыз деген сылтау айтады. Ал мына тақия өте ыңғайлы екені көрініп тұр.

Мархаббат Берікболқызы пандемия кезінде тігін тігуді қолға алған. Иә, ол кезде үйден жұмыс істеу арқылы көпшілік қаражат тапты. Мархаббат та босқа отырғысы келмеді. Өзі бұрыннан тігін тігуді жақсы көретін. Сүйікті ісі арқылы табыс тауып жүр. Бос уақытта құрақ көрпеше, қамзол, бесіктің жасауын, перде тігіп, тапсырыс алады. Түрлі қазақы оюлар салынған құрақ көрпешелерге сұраныс көп. Бір ғана бағытта тоқтап қалмай, міне, тақия тігуді де қолға алған.

Мархаббаттан «тақияға қыздар мен келін­шектердің қызығушылығы жоғары» дегенді естіп қуандық. Себебі  ұлттық киімдер замануи үлгіде сәнге айналып, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып қалғаны жақсы емес-пе. Қазір әлеуметтік желі арқылы тапсырыс беріп, кез-келген қала­дан алуға болады. Мархаббат та тақия тігу ісін әлеуметтік парақша арқылы дамытуды қолға алған.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: