Сейсенбі, 23 шiлде, 00:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
#57 – 2067
20.07.2024
PDF мұрағаты

«Тағдыр тақтасы» – Сыр сахнасында

04.05.2022

1058 0

Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында Қазақстан және КСРО Халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтің

85 жылдығына орай «Тағдыр тақтасы» спектаклі сахналанды. Мерекелік шараға облыс әкімі

Нұрлыбек Нәлібаев, өнер саласының ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Өнер қайраткерінің өмір жолына құ­ралған «Тағдыр тақтасы» қойылымын Алматы қалалық «Жаңа ғасыр» театры­ның актерлері сомдап, көрермен көз­айымына айналды. 

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аңыз адам, біртуар өнер қайраткері Асанәлі Әшімовке Сыр жұртшылығы атынан құттықтауын жеткізіп, мерей­той иесінің иығына шапан жауып, Қызылорда облы­сының Құрмет гра­мотасын табыстады.

– Әлемге танылған дарабоз өнер иесін Сыр елі әрқашан құрмет тұтады. Өңірімізге өзіңіздің келуіңіз барша сырбойылықтарға үлкен қуаныш. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Сізді аса көрнекті актер ретінде КСРО ғана емес, бүкіл әлемдік кинематография қауымдастығы мойын­­дады», – деген болатын. Сізді Сыр жұртшылығы атынан мерейлі жа­сыңызбен шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, отбасыңызға бақ-береке, амандық ті­леймін, – деді Н.Нәлібаев.

– Бұл «Жаңа ғасыр» театры» 2018 жылы М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театр жанынан ашылған. Сол кезден бері көптеген қойылымдар көрер­менге жол тартып келеді. Соның бірі – «Тағдыр тақтасы» спектаклі. Спектакль екі айға жуық әзірленді. Аңыз адамды сомдап шығу, және оны өзінің алдында ойнау, әрине, өте қиын. Әлі де болса өзімнің кейіп­керді сомдауыма көңілім толмайды. Бұл қойылған сайын толыға түседі деп есеп­теймін, – дейді Асанәлі Әшімовтің рөлін сомдаған актер Қуаныш Құдайберген біз­бен әңгімесінде.

Салтанатты кеште Асанәлі Әшімов Ж.Ерманның сөзіне жазылған А.Қоразбаев­тың «Жан балам» әнін орын­дап, Сыр жұртшылығына ризашылығын жеткізді.

Өнер иесінің мерейтойына орай өткі­зілген спектакльге қызылордалықтар алғаусыз алғысын айтып, тілектес­тіктерін білдіріп жатты.

– Асанәлі ағаны 1968 жылдан бері білемін. Ол өтірік пен сатқындықты  кешірмейді. Биыл осы дарабоз өнер иесі 85 жылдық көктемін қасиетті Сыр топырағында да атап өтіп жатыр. Бұл өнерлі өңірге деген құрметі болса керек. Мұндағы көрермендерге деген ризашылық сезімінің көрінісі деуге болады. Қазақ театрының сахнасы алғаш рет 1926 жылы Сыр өңірінде ашылған болатын. Сондықтан жастарды да осында өнерлеріңді көрсетіңдер, шыңдалыңдар, жетіліңдер деп арнайы әкелді. Жастардың кейіпкерді сомдап шығуы өте әсерлі болды. Спектакль барысында Асанәлі ағаның аяулы анасы Тәжіхан анамыз, жұбайы Майра, балалары Мәди мен Сағидың бірінен соң бірі бақилық болуы актер шеберлігімен көркем бейнеленді. Спектакльде қайраткер жолы шебер суреттелген. Бұл боямасыз өмір шындығы еді, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Бақытбек Алпысбаев.

Айта кетейік, театрға келгендер Асанәлі Әшімовтің шығармашылығына арналған көрмені тамашалады.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: