Дүйсенбі, 22 шiлде, 23:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
#57 – 2067
20.07.2024
PDF мұрағаты

Қосшыңырауға газ қажет

06.02.2021

6421 0

Жыл басында жылдағы дәстүрмен облыс және қала әкімдері халық алдында есеп береді. Билік атқарылған жұмыс барысына тоқталып, алдағы міндеттерді атап өтеді. Тұрғындар да көкейде жүрген сұрағын қояды. Бірақ биылғы есепті кездесу мүлдем басқаша өтуде. Індетке байланысты сақтық шараларын ескере отырып, қала әкімдігі есепті жиынды онлайн түрінде ұйымдастырды. Сонымен қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың есеп беруі Қосшыңырау ауылы тұрғындарының алдында жалғасты.

Қаладағы қарқынды тірлік

Шаһар басшысы Қызылорда қаласын­дағы атқарылған жұмыс барысын баян етті. Алдымен қала әкімі Н.Нәлібаев қала экономикасынан бастады.

Жыл басында қала бюджеті 69 млрд теңге болып бекітілсе, жыл соңында қаржы 94 млрд теңгеге жетті. Нәтижесінде облыс орталығының барлық саласында жоғары нәтижелі өсім байқалды, – деді қала әкімі. Ал өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 480 млрд теңгеге жетіп, негізі капиталға салынған инвестиция көлемі 105 процентке артығымен орындалғандығы айтылды. Ауыл шаруашылығы саласында да өсім баршылық. 2019 жылмен салыстырғанда 102 процентке жеткен.

– «Индустриалдық-инновациялық дамы­ту­дың 2020-2025 жылдарға» арналған мем­­лекеттік бағдарламасына сай қалада өңір­­лік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгі­зілген жалпы құны 67 млрд 500 млн теңгені құрайтын 9 жоба жүзеге асырылуда. Жоба­лар толық іске қосылғанда 1000-нан аса қызылордалық жұмыспен қамтылатын болады, – деді шаһар басшысы.

Есепті кездесу барысында ауылдық ок­ругтердегі атқарылған жұмыстар назардан тыс қалмады. Айталық, өткен жылы Бірқазан елді мекені, Ақсуат, Ақжарма, Қосшыңырау ауылдық округтерінде спорт алаңдарын салуға қалалық бюджеттен 30 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмысы жүргізіліп, ел игілігіне пайдалануға берілді.

Былтыр Қосшыңырауда 2 көше орташа жөндеуден өтіп, 5 көшеге тас төселді. Абай ауылындағы мәдениет үйі жөнделіп, Досан ауылының 2 көшесі жарықтандырылды. Сонымен қатар Қосшыңыраудың өткен жылғы қарқынды жұмыстарына тоқталған қала басшысы алдағы жылы ауылдың аяқ су мәселесі шешілетіндігін және ауылды дамытуға бағытталған жобалардың бір­қатарын да атап өтті.

Тұрғындар не сұрады?

Қала әкімі онлайн түрінде есебін аяқтаған соң кезек тұрғындарға берілді. Алғашқы сұрақты ауыл ақсақалы Қыдырбай Байкенов бастады.

– Жылдық есепті тыңдадық. Ақсақалдар атынан жақсы деген баға береміз. Біздің ауылда да әр жыл сайын жұмыс қолға алынуда. Бірақ біздегі арман – «көгілдір отын». Қалаға жақын ауыл болған соң біз де соның игілігін көрсек дейміз, – деген ұсынысын білдірді. – Ұсынысыңыз өте орынды. Газ қажет екенін білемін. «Көгілдір отынмен» қамтамасыз ету жобасына 11 млн теңге керек. Мұны қарастырамыз. Өйткені осы уақытқа дейін қалаға қарасты 5 елді мекенге газ келді. Енді қалған 4 ауылды газбен қамтамасыз етуді қолға аламыз, – деп жауап берді қала әкімі.

Досандықтар жарықты…

Досан ауылының тұрғыны Жұмабек Әбдірасилов:

– Бұрындары Досан ауылында 50 шақты үй болатын. Қазір оның саны өсті. 23 көшеміз бар. Ауыл көлемі артқан сайын жарық мәселесі қиындап тұр, – деп подстанция орнату керектігін жеткізді. Бұл сұрақ бойынша қала басшысы тиісті сала мамандарына тапсырды. Жарық мәселесі шешімін табатын болды. Осы ауылдың тұрғыны Мұратбек Дүйсенбаев та көшені жарықтандыруды айтты. «Таңертең және кешкілік мектеп оқушыларына қараңғы көшемен жүру қиын» дейді ауыл тұрғыны. Ауыл әкімі Дулат Таубайдың айтуынша, осы күні 2 көшеге жарық орнатуға қаржы қаралған. Жалпы барлығына 7 млн-нан астам теңге қажет. Құжаты тапсырылған. Демек алдағы уақытта бұл мәселе де оң шешімін табады деген сөз.

Келесі тұрғын да жарыққа тоқталды. Ол жұрт «Сталин каналы» атап кеткен арнаның жиегіне жарық шамдарын орнату қажеттігін баса айтты. Себебі сол төңіректе жол-көлік апаты жиі кездесетін көрінеді.

Осы сауалға қатысты қала басшысы тиісті мамандарға нақты тапсырма берді:

– Мәселеңіз бір аптаның ішінде орын­далатын болады. Уәде бердік, ұят болмасын. Біздің қорытынды есебіміз ақпанның 10-ы күні аяқталады. Соған дейін осы мәселе шешілетін болсын. Өзім бақылап отырамын, – деді қала әкімі.

Тілші түйіні:

Қаланың батыс беткейінен орын тепкен Қосшыңырау ауылының тірлігін түлетіп, ахуалын әлдендіруге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде қаржы қаралуда. Қаралған қаржыға елді мекеннің көшелері жөндеуден өтіп, инфрақұрылымы одан әрі дами түспек.

Жалпы кездесу онлайн түрінде өтсе де тұрғындар өз сұрағын, ұсынысын емін-еркін жеткізе алды. Тіпті ауыл халқы қала әкіміне ризашылығын білдірді. Өйткені шаһар басшысы әр сауалға нақты жауап беріп, тиісті мамандарға нықтап тапсырма берді. Нәтижесін елмен бірге күтеміз…

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: