Жексенбі, 30 маусым, 20:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№51-2061
29.06.2024
PDF мұрағаты

НАТО: Айбат пен секем

11.06.2023

456 0

Ресей әскері Украинаға басып кіргелі жылдан асты. Әрі-бері ойысқан қақтығыста нәтиже жоқ. Ал батыс елдері болса, әлі де алашапқын. Тоқтаусыз көмек, мәнсіз келісім, дүдәмал доқ, айғай-сүрең… Әйтеуір, саяси таразыда есе жібергісі жоқ, кемі – қос тараптың күшін тең қылу әрекеті. Енді, міне, апта ішінде бағдары белгісіз тағы бір қадам жасалды. Жуырда НАТО бірлестігі тарихтағы ең ауқымды әскери жаттығу өткізіп, «білек күшін» көрсетпек. Бұл туралы «The Wall Street Journal» басылымында Боян Панчевскидің мақаласы жарық көрді. Тақырыбы – «НАТО әскери жаттығуға дайындық үстінде».

Автор алдымен оқу-жаттығуға қатысатын жасақ саны мен әскери техника жайына тоқталған. Сөзінше, іс-шарада соңғы үлгідегі әскери көліктер, замануи қорғаныс құрылғылары қамтылған. Тіпті, альянс құрылымын көздің қаршығындай қорғайтын жойғыш ұшақтар да бой көрсетпек.

«Келер аптада одақтас елдер тарихтағы ең ауқымды оқу-жаттығу өткізбекші. Бұл – Ресей агрессиясын тежеу мен күш әлеуетін көрсетудің төте жолы. «Air Defender 23» деп аталатын шараға 25 мемлекет қатысып, 250 ұшақ пен 10 мың әскер бой көрсетеді. Ең маңыздысы, B-1 стратегиялық бомбалаушы техникасы, алыс қашықтыққа негізделген ұшқызсыз қондырғы және заманауи реактивті F-35 жойғыш ұшағы сынға түспек. АҚШ ұлттық әуе қорғаныс гвардиясынан 100 ұшақ пен 2600 әскер бөледі. Іс-шара ауқымы Еуропадан Жапонияға дейінгі аралықты қамтиды деп жоспарланған. Мұндай шешім әуе-қорғаныс күштерін тек батыс елдерін емес, қауіп аясындағы Оңтүстік Корея мен Жапонияға да дер кезінде көмек беруге баулиды», – дейді Боян Панчевски.

Бір қарасаң, автор сөзінің жаны бар. Мәселе жаттығудың географиялық ауқымына қатысты. Кеңірек тарқатайық.

Ашығын айтқанда, Ресей мен Украина соғысы басталғалы НАТО-да екі сұрақ басымдыққа ие болғанын байқаймыз. Біріншісі, әрине, агрессор Ресейдің айылын жидыру болса, кейінгісі жаңа қақтығыс ошағын бағамдау еді. Себебі, шығыста да дәл Украиндағы ахуалға жуықтас «онсыз да шығайын деп тұрған көз» көп. Қытай маңындағы Тайвань, Жапониядағы Курил аралдары, Солтүстік Кореядағы долы басшы. Мысалдың бәрі «Кезекті майдан осында ойыспай ма?» деген секем ойға жетелері анық. Әскери оқу-жаттығудың альянс аумағын түгел қамтуының бір сыры осы. Оқу-жаттығуды үйлестіруші, Германия әуе күштерінің генерал-лейтенанты Инго Герхарц та аталған пікірді үстей түскен болатын. Ол «бақталастарға НАТО-ның шекарасын көзге шұқып көрсетіп, әрбір сантиметр үшін күш сынайтынын» айтқан еді.

«Әскери одақтастардың күшін көрсету мүмкіндік әлеуетін көрсетіп, сенім мен күш-жігерді бағамдауға жол ашады. Сондай-ақ, қорғаныс жүйесін сынап көруге де таптырмас мүмкіндік. Мысалы, оқу-жаттығу кезінде әуе соққысына қарсы жойғыш құрылғылар қолданылады, АҚШ-тан Еуропаға заманауи қорғаныс техникалары жеткізіледі. «Air Defender 23» шарасында Альянс аумағына арнайы әскер шоғырландырып, Ресейдің НАТО-ға мүше мемлекеттерге шабуылдауы ықтимал нұсқалар бойынша қорғаныс шарасы өтеді. Қарсыластың тұтқиылдан соққы беруі мүмкін порттардың қауіпсіздігі күшейтілсе, бірлескен жаттығу кезінде қарсы шабуыл жоспаоы түзіледі. Яғни, жау аумағындағы инфраструктураны, қорғаныс қалалары мен бекіністерді басып алу жолы екшелмек.

Жаттығу кезінде Германияның кей бөлігінде азаматтық әуе қатынасы уақытша тоқтатылып, жеке ұшақтардың да әуеге көтерілуіне тосқауыл қойылатын болады. НАТО-ның шығыс қанаты – Литва, Румыния, Польша, Чех мемлекетінде де жүйелі қорғаныс амалдары тексеріледі. Жалпы, «Air Defender 23» барысында Еуропа қорғанысының қалтарыстағы олқылығы сараланып, техникалық базаның жарамдылығы тексеріледі деп жоспарлануда. Оқу-жаттығудың барынша шынайы кейіпте болуы үшін жасанды қарсылас мемлекеттер тұсынан жасанды соққы ұйымдастырылатын болаты», – дейді мақала авторы.

Айбатқа айғаймен жауап қайтара қоятын Ресей ме, ол да өзінше амалға көшкен. НАТО-ның оқу-жаттығуына жауап ретінде Ресей де әскери жаттығу ұйымдастырып, бірлестіктің күшіне пысқырмайтынын көрсетті. Тіпті, НАТО-мен бір мезетте, ол аз десеңіз, бір теңізде – Балтық теңізінде қатар күш байқатуда. Көршіміз бұл шараға 4 мыңға жуық әскер, 40 кеме, 25 ұшақ қосқан. Олардың міндеті – теңіз қауіпсіздік коммуникациясын қамтамасыз ету, флот амандығы мен қорғаныс нысандарын қадағалау.

Ресми мәліметке сенсек, НАТО аталған теңізде жай жүрген жоқ. «Балтық операциясы» деп аталатын жаттығуға кірісіп, альянсқа мүше 19 ел мен үміткер Швеция әскері белсенді әрекет етуде. 6 мыңға жық әскер, 50 кеме, 45 ұшақ күн-түні қырағы қызметте. Теңіз қорғанысында ерекше маңызға ие әуе, мина қатеріне қарсы жүйе тексеруге түскен.

Міне, қос тараптың текетіресі әлем назарын тағы да өзіне аударды. Ендігі бағдар қалай құбылары уақыт еншісінде.

CNN

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: