Дүйсенбі, 22 шiлде, 19:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
#57 – 2067
20.07.2024
PDF мұрағаты

Бұл жолдауда айтылған: Суды да тиімді пайдалану керек

19.09.2023

450 0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда алдағы міндеттер мен өзекті мәселелерге тоқталды. Өзекті мәселенің бірі – судың ташылығы.  «Судың да сұрауы бар» демекші, суды барынша үнемдеуіміз керек. Су дегеніміз–үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс, сусыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті су саласында заңсыздыққа жол берілмейтіндігін және талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылатынын ескертті.  Сонымен қатар су үнемдейтін технологияларды енгізу маңызды міндеттің бірі екенін жеткізді.

Жолдауда айтылғандай, Қазақстандағы су ре­сурс­тарының басқару бағдарламасы қалай жүзеге асатынын және суды үнемдеуде не істеу керектігін  су саласының маманы, қалалық мәслихат депутаты Жорабек Нұрымбетов   айтты.

– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында республикадағы сушы мамандардың көп жылғы арманына айналған «Су ресурстары және ирригация» министрлігін құру жөнінде тапсырма беріліп, ол құрылды. Бұл кезеңге дейін су шаруашылығы саласының өзекті мәселелері басқа да экология, табиғи ресурстар, геология сынды салалармен бірге бір ғана министрліктің жауапкершілігінде болды.

Ендігі кезекте жаңа министрліктің құрылуы әсерінен су шаруашылығы саласына ерекше көңіл бөлінеді деп күтілуде.

Сондай-ақ жаңа министрліктің құрылуы негізінде өңірлерден ұсынылатын жобаларды жеделдетіп қарауға, тиісті қаражатты уақытылы алуға үлкен мүмкіндік береді.

Жалпы республика бойынша суды көп тұтынатын күріш дақылы Қызылорда облысында егілетіндіктен, судың 40 пайыз шығынының үлесі бізде болып отыр. Су шығынының көп болуының тағы бір себебі, өңіріміздегі суармалы арналардың және гидротехникалық құ­рылымдардың тозығы әбден жетіп отыр. Жыл сайын арналарды тазарт­қанымызбен, 2-3 жылдан соң қайта топырақ басып қалып отыр.

Суды үнемдеу үшін бірінші кезекте су шаруашылығы нысандарының тех­никалық жағдайын жақсарту қажет. Сонымен қатар суды есеп­теуді цифрландыру арқылы су пайдалану­шыларға беру керек, – деді Жорабек Нұрымбетов.

Одан бөлек Сырдария өзені транс­шекаралық өзен болғандықтан облысы­мызға келетін су көлемі Нарын-Сырдария каскадында орналасқан су қоймаларындағы жинақталатын су көлеміне тікелей тәуелді. Жыл сайын вегетациялық кезеңде Елімізге келетін су көлемі мемлекет аралық су шаруашылығын үйлестіру комис­сия отырысының хаттамасымен нақты­ланады. Алайда өзге мемлекеттер тарапынан хаттамалық болжамды кесте орындалмай келеді. Нәтижесінде Түркістан және Қызылорда облыстары су тапшылығын көруде. Су тапшылығын болдырмау үшін тиісті министрлік тарапынан хаттамалық болжамды кесте­нің орындалуын қатаң бақылауда ұстау керектігін атады.

Аталған су мәселесінің тапшылығы  жылдан-жылға сезілуде. Осыған сәйкес мамандар судың тапшылығын бол­дырмау мақсатында тазалаумен қатар құбырларды жаңарту бойынша тиісті жұмыстар атқаруда.

Биыл елді мекендегі 79,3 шақы­рымды құрайтын 10 су арнасына су шаруа­шылығы жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен 340,5 млн теңге қаржы қарастырылған. Ал 333 млн теңге қаражатқа 23 дана насос қондырғылары жеткізілген. Одан бөлек 26 арнаға жобалық-сметалық құжаттамасы әзір­ленген. Оған 56,2 млн теңге қаржы бөлінген.

Сондай-ақ облыстағы суармалы жер­лерді қалпына келтіру мен айналымға қосу бойынша 3 жоба әзірленген. Оған 161 млрд теңге қарастырылған. 

Жобаның мақсаты – 158 мың гектар суармалы егістіктегі ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру мен қатар пайдаланылмай тұрған 29 мың гектар суармалы жерлерде суды үнемдеу технологияларын пайдалану арқылы айналымға қосу.

Айта кетейік, суды үнемдеуге ар­налған технология баяу енгізілуде. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Жолдауын­да айтқан болатын. Осыған сәйкес «Сушар» өндірістік учаскесінің бастығы Жорабек Нұрымбетов суды үнемдейтін  технологияны түсіндіріп, оның қандай тиімділігі бар екенін мәлім етті.

– Жаһандық су тапшылығы жағдайы жыл сайын күрделенуде.  Суды үнемдеу мақсатында әр өңірде егілетін дақыл түріне қарай су үнемдеу технологиялары қажет. Мәселен, Қызылорда облысында күріш дақылы егілетіндіктен арналардың техникалық жағдайын жақсартып, цифрландыру керек.

2021 жылы Мемлекет басшысының қыркүйек айындағы Жолдауында рес­публика бойынша 9 су қоймасын салу және 120 арнаны 2025 жылға дейін жаңғырту қажеттігі жөнінде тапсырма берді. Тапсырмаға сәйкес Қызылорда облысынан Қараөзек су қоймасын салу және 26 арна жаңғыртуға ұсынылды. Алайда бүгінгі күнге дейін су қоймасын салу жұмыстарының құжат­тамалық жұмыстары аяқталмаса, 26 арнаны жаңғырту жұмыстары еш­қандай республикалық жобаларда қа­растырылмаған, – деді «Сушар» өн­дірістік учаскесінің бастығы.

Жалпы су шаруашылығының  суды үнемдеуде атқарған жұмыстарын айта­тын болсақ, биыл 20 тамыздан бастап шамамен 1,067 млрд теңге қаржы  игерілген. Яғни облыстық коммуналдық меншікке 225 су шаруашылығы ны­сандары алынған. Бүгінде комму­налдық меншікке қабылданған су шаруа­шылығының нысандарын тазалау мен жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.

Ашып айтсақ, су жүйесінің 758218 метріне тамыз айында 38,3 млн теңге  қаржы бөлінген. Оның ішінде 858204 метрді құрайтын қашыртқы жүйелерінің жұмыстары 90,4% тазаланған. Сонымен қатар 12108 дана су құбырының құры­лысы мен  151 дана  бақылау ұңғымалары салынған. Атқарылған жұмыстар суар­малы жерлердің 80 пайызын инженерлік жүйеге келтірген. Сондықтан  өңірдегі ауыл шаруашылығының дамуына өз септігін тигізеді дейді мамандар.

Нәзира МҰҚАТАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: