Жұма, 17 мамыр, 08:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№38-2048
14.05.2024
PDF мұрағаты

«Қарызсыз қоғам»: Өз қаражатымызды тиімді пайдаланып жүрміз бе?

12.09.2023

424 0

«Қарыз күліп кіріп, жылап шығады» деген бар. Бірақ қазіргідей борышқа белшеден батып, оның тек пайызын ғана төлей алатын деңгейге түсіп, сыпайы тоналған жоқпыз. Әйелдер алтын бұйымдарын ломбардқа өткізіп, оның тек үстемесін төлейтіндей жағдайға жетпедік. Кеңес дәуірінде банктен несие алып ешкім той істемеді. Қазіргідей көлдей дастархан жаймады. Жастар отыратын орынды безендіріп, қыруар пайда тапқан мейрамхана ол кезде болмады.  Өзіміз сол заманда отау құрғанда бізден бұрын үйленген құрбымыздың той көйлегін, желегін киіп шықтық.  Жаңа түскен отауымызға салмақ салмай, көлік жалдап  қаржыны шашпай, мамыражай өмір сүрдік.  Біреудің қарыз алып, қиналып жүргенін естімедік. Ол кезде ажырасу да аз еді.  Бүгінде орасан қаржыны оңды-солды шашу  тойдан кейін отбасын құрған жастарға зиянын тигізіп жатқаны рас. Соның кесірінен отбасы ойран болып, шаңырақ шайқалып жатыр. Банктерден кезінде тойға деп алған қарыз кейін опа бермей, тығырыққа тірейтіні өтірік емес. Заманына қарай адамы дейді ғой. Бұл да заманның лебі болар.  «Кедей байға жетем…» дегеннің кері ме әлі жетпейтін шоқпарды беліне байлап тұңғиыққа батып, сабыры таусылып жүргендер қатары көбейіп барады. Бірақ бір күнгі қызықтың пәлен жыл зардабы барын кейде ойламай іші-сырты көз арбаған қымбат мейрамханаға маңдай тіреп, тапқан- таянғанымызды  тойға шашамыз. Маңдай термен тапқан-таянған болса жақсы ғой, артында сұрауы бар қарызға той жасау  тәуекелге бел байлайтын қадам емес.   Бір сәттік қуаныш үшін сан жыл қиналып, пайызы жоғары несиеге ұрынып, өзін-өзі өлтіріп жатқан замандастарымыз аз емес. 

Статистикалық мәліметке сүйенсек, елімізде бүгінде 8 миллионнан астам экономикалық белсенді, яғни жұмыс­қа жарамды адам бар. Олардың 6 мил­лионнан астамы борышкер екен. Қазіргі кезде қарызы жоқ отбасы кемде-кем. Қарыз халықтың ұлттық идеясына айналғандай.  Сондай-ақ қаржы, бизнес саласындағы мамандардың айтуынша,  қарыз алу бүгінгі өмірдің ажырамас заңдылығы. Досыңнан, танысыңнан, туысыңнан немесе банктен қарыз алу көпшілігімізде кездеседі. Бүгінгі адамдардың тыныс-тіршілігі де, эко­номика да осыған бейімделген. Яғни қазіргі адамдардың бір бөлігі «қарызға өмір сүріп жатыр». Тіпті дүкендерден тамақтарын да Каспии банктен несиеге алып жатқандар қатары көбейіп келе­ді. Онсыз болмайтын да сияқты. Жұрт қатарлы өмір сүру, баспана салу, балаларыңды аяқтандыру, оқыту молы­рақ қаржыны қажет етеді. Көп­шілігіміз солай етіп те жатырмыз. Психологтар несиеге құштарлық – ауру десе, эко­номистер банк халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігін пайдаланып пайдаға батып отыр  дегенді алға тартады.  Бұл да шындыққа жанасады. Банктер тек өзінің пайдасын ғана ойлайды. Маңдай терің малшынып жүріп тапқан ақшаны басын бұзбай несиеге төлейсің. Несиені несібе деп ойлап,  замандастарымыздың көпшілігі қиындықпен бетпе-бет келіп жүр. «Халықтың қасіретіне айналған қарыздан құтылудың жолы қандай? «Қарызсыз қоғам»  болу үшін қандай әрекет керек? Мойнымызға түскен қыл бұраудай қарызды қашанғы арқалап жүре береміз?» деген сауалдар қалың бұқараны алаңдатып отырғаны мәлім.

Рауан Аманова, қала тұрғыны«Қарыздың қайтарымын дәл сол уақытта ойлай қоймаймыз. Адамдардың бір бөлігі бүгінде сәл ақша қажет болса, өзінде жетпесе банкке жүгіретінді шығарды. Соңғы кездері қымбаттау киімнен және тұрмыстық заттардан бастап бәрін де несиеге алушылар саны көбейіп барады. Сауда үйлері мен банктер де бірігіп осындай жарнаманы көбейтіп, елді өзіне тартып жатыр.Солардың арзан сөзіне сеніп ақшаны немесе тауарды тегін беріп жатқандай ұмтыламыз. Бұл әрине, дұрыс емес», – дейді ол.

Көпбалалы ана, қала тұрғыны Анар Уақбаева:

«Қаржылық жағдайымды  жақсартам деп қарыз алуға болмайды. Адам өзіне сенбеген соң осындай қауіпті қадамға барады. Құр үміттенудің қажеті жоқ. Көпбалалы анамын. Бірақ қарыз алғанды қаламаймын. Бүгін қарыз алсам, оны бір амалын тауып қайтарармын» деген алдамшы сенімге бой алдыруға бол­майды. Бір қарызданып, оны өте­ген адамның бойы қарыз алуға дағ­ды­ланып кетеді. Үнемі қол жайып қарыз сұраған адамның өмірі өмір емес, ылғи кінәлі адамдай шегіншектеп жүре­ді. Біреудің ақшасына сеніп өмір сүр­генше, қанағатпен өмір сүргенге не жетсін. Біреуге кіріптар болып, бере­шекті  уайымдап жаныңды  жегідей жеп еркіндігіңді шектейсің. Қарыз алу арқылы біз өзімізді өзіміз уайымға саламыз. Отбасының да берекесі кетеді. Әсіресе тойға деп шашылып несие алмаған дұрыс. Мейрамханада той жасау деген меніңше дарақылық. Мына баға асқақтап тұрғанда бір жалақыға қарап отырған қарапайым халық үшін бұл  ауырлық етеді» дейді көпбалалы ана. 

Гүлнар Баймаханова, қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы:

«Қазіргі таңда кез келген ересек адамға қаржы саласында сауатты болу өте маңызды. Халықтың қаржылық сауаттылығы мәселесі соңғы жылдары әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да өзекті бола бастады. Халықаралық зерттеу көптеген дамыған және дамушы елдердегі халықтың қаржылық сауаттылық деңгейі қаржы нарығына сәйкес келмейтінін көрсетті. Қаржылық білімнің жеткі­ліксіздігінен көптеген адамдар дәстүрлі, сондай-ақ ақпараттық және цифрлық технологияның арқасында пайда болған қаржы нарығының өнімі мен қызметін тиімді пайдалана алмайды. Олар қаржылық шешім қабылдауға, өз бюджетін жоспарлауға, ұзақ мерзімді жинақты жүзеге асыруда қаржы дағдарысына ұшырайды.

Әркім өз бюджетін дұрыс жос­парлау және қаржылық алаяқтықтың құрығына түспеу  үшін қаржылық сауаттылықты игеруі керек. 2020 жылы 2020-2024 жылдарға арналған қар­жылық сауаттылықты арттыру тұжы­рымдамасы шеңберінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агент­тігі жүргізген әлеуметтік зерттеу қоры­тындысы бойынша қар­жылық сауат­тылық индексі 2021 жылы өткен жылмен салыстырғанда 0,45 тармаққа ұлғайып, 39,52%-ды құрады.

Бұл көрсеткіш қаржылық білім мен қаржылық қызметті пайдалану деңгейін, өз қаражатын басқара білуін және тұтынушының қаржы жүйесі туралы хабардар болуын бағалайды. Қаржылық сауаттылық – бұл адамның әл-ауқатын жақсартуға және өмір сүру сапасын түзеуге  әкелетін қаржылық  білімнің, дағдының және көзқарастың жиынтығы.

Қаржылық сауаттылық негізін мең­геру алға нақты мақсат қоюға және оған қол жеткізуге мүмкіндік береді. Тапқан ақшаңызды сақтау үшін өз біліміңізді үнемі жаңартып отыруыңыз керек. Табысты арттыру үшін үнемі табыс табудың жаңа құралын енгізу қажет.

Осылайша, халықтың қаржылық сауатының жоғарылығы азаматтардың өмір деңгейінің жақсаруына,  ел экономи­касының дамуына, бәсекелестіктің артуына, қаржылық тұрақтылықтың нығаюына және халықтың әл-ауқатының артуына ықпал етеді», – дейді қаланың бас экономисі.

Айгүл Мұсабаева, қалалық мәс­ли­хат депутаты:

«AMANAT» партиясы еліміздің барлық өңірлерінде халықтың қаржылық сауатын арттыратын «Қарызсыз қоғам» жобасын бастады. Бұл жоба қазақстандықтардың қаржылық мәде­ниеті мен кредиттік тәртібін арттыру үшін пәрменді құрал болады деп күтіліп отыр. Мемлекет басшысының Жолдауында да жаңа экономикалық саясатқа қолдау көрсетіп, оның сапалы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын қолдап, ерекше атап өтіп, оны әрі қарай толық, жүйелі, нәтижелі жүргізуді тапсырды.

«Қарызсыз қоғам» жобасы аясын­да қатысушылар өз қаржысын тиім­ді басқаруды әрі шығындарын оңтай­ландыруды үйренеді және қаржылық мәселелердің қалай туындайтынын, несиелік қарыздар санын азайтудың жолдарын, алаяқтық әрекеттерді қалай анықтауға болатынын үйренеді. Ал ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер компания бюджетін қалыптастыру тәртібі, са­лық есеп-қисабын ұсынуды және мемлекеттік қолдау бағдарламалары бойынша қаржыландыру шарты туралы құнды ақпарат алады. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін «AMANAT» пар­тиясы жергілікті атқарушы билікпен бірлесіп белсенді жұмыс жасап жатыр», – дейді депутат.

Роза Жүнісова, қалалық экономика және қаржы бөлімі басшысының орынбасары:

«Жолдауда қаржы жүйесінде банк ұйымымен нақты секторға берілетін несиенің азайып, тұтыну несиесінің көбеюі, азаматтардың шектен тыс қа­рызға батуына әкеп соқтырғаны ай­тылды. Ұлттық банктің 2023 жылғы маусым айындағы статистикалық мәлі­метіне сәйкес, банк секторы берген несиенің үштен екі бөлігін тұтыну мақсатындағы кредиттер құрайды. Ке­пілсіз тұтыну несиесіне сұраныстың артуының  себебі – тауарды сатып алу үшін банктердің бөліп төлеу бойынша акция ұсына отырып, тұтынушылық несиені белсенді ынталандыру  нәтижесі  болып отыр.

Осы ретте халықтың қарыздық жүк­темесін төмендету үшін Үкіметке «AMANAT» партиясының азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға бағыт­талған «Қарызсыз қоғам» жобасын әрі қарай жалғастырып, кең ауқымда жүргізуді тапсырды.

«Қарызсыз қоғам» жобасы аясында оқу бағдарламасымен қатар, түрлі ныса­налы аудитория үшін әлеуметтік желі арқылы әрбір азаматқа өзінің кірісі мен шығысын жоспарлай білуі, қаржыны үнемдеу, белгілі бір қажеттілікке ақша жинау, қаржылық алаяқтарды танып білу және  қаржылық міндеттемені орын­дау мүмкіндігін бағалай білуді кеңінен насихаттау, бейне роликтер шығару, қаржылық сарапшының кеңесін тыңдау жұмысын жүргізу мүмкіндігі бар.

2022 жылы 30 желтоқсанда қабыл­данған «ҚР азаматтарының төлем қабі­леттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңымен аза­маттар кредит пен микроқарызды төлеу міндеттемесін орындауда қиындыққа тап болған жағдайда қарызын төлеуді реттеуге бағытталған шаралар жүр­гізілуде.

Әлеуметтік-экономикалық саясаттың элементі ретінде халықтың қаржылық сауаттылықты меңгеруі азаматтардың тұрмыс деңгейін жоғарылатуға, жеке инвесторлар қаражатының ел эконо­микасына құйылуына, қаржылық тұрақ­тылықты нығайтуға және қоғамның әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Сондықтан «қарызсыз қоғам» жобасын насихаттау қарапайым халыққа қар­жысын тиімді пайдаланып тұрмысын жөндеуге көмектеседі деген тұжырым бар», – дейді қаржыгер.

Жазира Әбілдаева, банк қызмет­кері: «Amanat» партиясы ауыл тұрғын­дарының қаржылық сауаттылығын арт­­тыру мақсатында «Halyk Bankпен»  бірлесе отырып, «Қарызсыз қоғам» жоба­сын іске қосты. Оның негізгі мақсаты – жеке тұлғалар арасында проблемалық берешегі бар адамдардың қаржылық сауатын арттыру. Жобаға қатысуға өтінім 2 мамырдан бастап қабылданып, жыл соңына дейін жалғасады. Оқу бағдарламасы несие бойынша қарыз­дары бар және борышкерлер тізіміндегі адамдар, дәл қазіргі уақытта несиесі бар, бірақ мерзімі өтіп кеткен берешектері жоқтар, жеңілдікпен несие алып, мем­лекеттік бағдарлама бойынша қаржы­ландырылатын, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге арналған», – деді қаржыгер.

Шынында, «қарызсыз қоғам» жоба­сы қалың бұқараның қаржы жөнінде сауатын ашуға көмектеседі деп ой­лаймыз.  Бұл тұрғыда экономистер, қаржыгерлер өз  пікірін әлеуметтік желіден де, ақпарат құралдарынан да беріп, қоғамда орын алған  қаржылық қиындықтармен бірлесіп күреспек.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: