Дүйсенбі, 22 шiлде, 19:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
#57 – 2067
20.07.2024
PDF мұрағаты

Бала саулығына қызмет ететін мекеме

06.04.2021

1631 0

Денсаулық – зор байлық. Адамның дені сау болса өмірдің бар жақсылығына жете алады. Ал өмірдің бақыты саналатын балалардың дені сау болуы – аса маңызды. Аймақта осы мақсатта қызмет ететін – облыстық көпбейінді балалар ауруханасы. Бұл денсаулық сақтау мекемесінде 350 стационарлық төсек орны бар. Сонымен қоса бір ауысымда 300 бала қабылдайтын кеңес беру диагностикалық емхана жұмыс істейді. Негізінен мекеме «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында 2016 жылғы қарашада қолданысқа берілген. Өткен жылғы есеп бойынша 0-18 жас аралығында 286 033 бала тіркелген. Мекемеде барлығы 94 дәрігер қызмет етеді. Мекеменің дәрігермен қамтылу көрсеткіші 86 процентті құрайды. 2018-2020 жылдары мұнда 30 дәрігер қабылданған. Ауруханада көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жақсарту мақсатында жыл сайын 160 қызметкер өз біліктілігін арттырып отырады.

Аурухана әкімшілігі берген мәліметке сүйенсек, бұл мекеме медициналық құрал-жабдықпен 92 процент қамтамасыз етілген. Оның ішінде фиброколоноскоп, авторефкератометр, уретроскоп, ӨЖЖ секілді маңызды құралдар бар. Өткен жылы аталған мекеме аймақтағы 9947 баланы қабылдаған. 2017 жылы бейімдендірілген «Неонатальды хирургия» бөлімшесі іске қосылып, туа біткен ақаулардан болатын сәби өлімін 4 есе төмендету мүмкіндігін көбейткен. Одан бөлек, балаларды динамикалық бақылауға арналған «катамнез» кабинеті қызмет етеді. Мұнда 1931 бала тексеріліп, 839 баладан туа біткен ақау анықталған. Олардың барлығы мамандар қарауында болып, уақытылы стационарлы ем қабылдайды және диспансерлік бақылауда болады. Жалпы есеп бойынша ауруханада 53 357 бала емделіп шыққан.

– Медицина саласы әрдайым білімді жетілдіру, тәжірибе алмасуды талап ететіндіктен мекемеде мамандардың біліктілігін арттыру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Ауруханада 2017 жылы осы мақсатта «Балалық шақ ауруларын ықпалдастыра емдеу» оқу орталығы ашылып, бүгінде 2945 медицина қызметкері дипломнан кейінгі үздіксіз білімін жетілдірген. Оның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан мен Абхазиядан келген дәрігерлер 2 апта бойы тәжірибелерімен бөліскен. Одан бөлек, тәжірибе алмасу мақсатында Украина, Ұлыбритания, Германия, Жапониядан арнайы мамандар келіп тұрады. Ал мекеме дәрігерлері Қазақстанның түрлі қалаларында арнайы оқу-тәжірибеден өтіп отырады. Биыл да 50 дәрігер мен 73 мейірбикенің кәсіби біліктілігін жоғарылату жоспарланып отыр, – дейді балалар ауруханасының бас дәрігері Рая Көшекова.

Аурухананың материалдық базасы жыл сайын толықтырып келеді. Оларды жаңартып тұру жұмыстарын жыл сайын жүргізу жоспарға енгізілген. Мәселен, биыл республикалық бюджет есебінен эксперт классты УЗИ аппараты мен лапороскопиялық стенд алу жоспарланған.

Көпбейінді балалар ауруханасында 2018 жылдан бастап «тұз шахтасы» қолданысқа беріліп, онда 570 бала ем қабылдаған. Сонымен қатар инклюзивті оқыту мен ЛФК залында 11705 балаға оңалту бойынша ем-дом жасалған. 2018 жылы телемедицина жұмысы қолданысқа енгізіліп, барлығы 351 телемедицина жұмысы жасалған.

Ауруханада нефрологиялық аурулар бойынша диспансерлік есепте «гломерулонефрит» диагнозымен 121 бала есепте тұрады. Ал созылмалы бүйрек ауруының ІІІ деңгейі бойынша 48 бала «Д» есепке алынған. Аймақта жалпы саны 31 эндокринолог болса, оның 10-ы балалар эндокринологы. Көпбейінді ауруханада 2 эндокринолог дәрігер қызмет етеді. Бұл мақсатта «Қант диабеті» мектебі жұмыс істеп, онда 169 ата-ана оқытудан өткен.

Мекемеде онко-гематология бойынша балаларға эндолюмбалды химиотерапия енгізілген. Сондайақ гемофилия ауруларында VII-IX факторларын, ингибтиорлы формаларды анықтау енгізілген. Балалар хирургиясын жетілдіру және емді нақтылау үшін ауруханада бактерологиялық зертхана қызмет етеді. Пульмонологиялық науқастардың күрделенуіне байланысты вибромассаж аппараты алынып, бүгінде емдік мақсатта қолданысқа енген. Ота жасау аясы да кеңейтіліп, денсаулық сақтау мекемесінде бірнеше жаңа ота түрі жасалған. Оның ішінде алғаш рет нәрестеге гастрошизис отасы, ішек өткізбеушілігі кезінде лапароскопиялық адгезиолизис, бүйрек кисталарын лапороскопиялық жолмен емдеу оталары жасалған.

Балалар ауруханасының алға қойған жоспары да аз емес. Бас дәрігердің айтуынша, жоспарда эпидеруальды анестезияға, реабилитологияға мамандар дайындау бар. Хирургиялық күрделі ота жасау санын көбейтіп, реанимация мен анестезиология бөлімшелерін ӨЖЖ аппаратымен қамтамасыз ету, алдағы 3 жылға қажетті құралдарды жабдықтау мен облыс көлемінде балалар гепатологын дайындау аурухананың жоспарына енгізілген. Сонымен қатар, Елбасы қолдауымен балалар ауруханасында «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылмақ.

Қысқасы, мекеме сапалы қызмет көрсету мен қызметтік әлеуетін арттыру мақсатында жыл сайын даму мен өзгерістер енгізіп отыр. Басты мақсат – аймақтағы сәбилердің денсаулығын жақсарту, түрлі деңгейдегі аурудың алдын алу. Бұл жұмыстар өз нәтижесін беріп, мекеме жақсы көрсеткішке жетеріне сенім мол. Бастысы, балалардың ауырмай шаттанып жүргені керек. Ал балалар ауруханасындағы мамандар ол үшін аянбай қызмет етуге дайын.

А.НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: