Бейсенбі, 10 қазан, 08:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80-2090
08.10.2024
PDF мұрағаты

Аурудың алдын алған маңызды

10.03.2021

1387 0

Елімізде 2020 жылы туберкулезбен аурушаңдық көрсеткіші әр 100 мың адамға шаққанда 35,7 процентті көрсеткен. Жалпы бұл ауа арқылы жұғатын ең бір қауіпті аурудың бірі болғандықтан оның алдын алған маңызды. Жақында «Белая ромашка» қоғамдық бірлестігі атқарған қызметі мен алдағы жоспарымен дөңгелек үстелде бөлісті.

Аталған ұйым өткен жылы елімізде тіркелген 335 адамның 31-ін анықтаған. Бірлестік көбіне әлеуметтік әлжуаз топ арасында «Ту­беркулездің алдын алу» және ем тәртібін бұзғандарды емге қайта қосумен айналысады. Сондай-ақ тұрғылықты мекен-жайы жоқ адамдардың жеке құжаттарын қайта рәсімдеуге, арнайы мемлекет тағайындаған жәрдемақы алуға көмектеседі.

– Туберкулез қауіпті ауру болғанымен одан емделіп шығуға болады. Десе де күн сайын әлем бойынша 4000-ға жуық адам осы ауруға деген шағыммен дәрігерге жүгінеді екен. Қазіргі кезде елімізде бұл ауруды емдеуге толық мүмкіндік жасалған. Сол себепті туберкулезбен тек меди­цина мамандары емес күллі қоғам болып күресу маңызды. Бұл орайда «Белая ромашка» қоғамдық бірлестігінің үлесі зор. Ұйым 2016, 2019 жылдары жергілікті бюджет есебінен грант ұтып алған болса, өткен жылы жаһандық қор есебінен грант иеленіп, арнайы бағдарлама бойынша жұмыс ат­қарды. Осылайша «Белая ромашка» туберкулезді анықтау мен емдеуге өз үлесін қосып келеді, – деді облыстық денсаулық сақтау бас­қармасының маманы Жалғасбек Тұрлыбекұлы.

«Белая ромашка» өткен жылы жаһандық қордың «Халықтың осал топтары ішінде туберкулез, көптеген дәріге төзімді туберкулез және ТБ/АИТВ-ны бақылауда азаматтық сектордың рөлін кү­шейту» атты бағдарламасының грантын жеңіп алып, жоба бойынша жұмыстар атқарды. Бағдарлама аясында қоғамдық қор координатор, әлеуметтік қызметкер, есепші мен 11 аутричтан тұратын топ құрды. Аутричтар қалалық емхана мен аудандарға бөлініп қызмет атқарған. Олар ай сайын 40 адамға сауалнама жүргізіп, ауру туралы ақпаратпен таныстырған. Ұйымның атқарған жұмысы нәтижесінде 185 науқас тексеруден өтіп, 35-і есепке алынды. Сондай-ақ 5 науқасқа жеке куәлікті рәсімдеуге көмектесіп, 7 науқасты бейімдеу орталығына орналастырды.

Биыл өз жұмысын жанданды­рып, індеттің алдын алуға үлес қосуды жоспарлап отыр. Биыл ДДСҰ бастамасымен «Тубер­кулезден әлемді жарықтандыр» атты күллі әлемдік науқанды бастады. Бұл науқанға Қазақстан да өз үлесін қосып, адамзатты туберкулезбен күресуге шақырмақ. «Белая ромашка» ұйымы да осы науқанға үлес қосып, 24 наурызда арнайы шара өткізбек. Одан бөлек, аймақтағы туберкулезді жұқтыру көрсеткішін азайту, оның алдын алу үшін тұрғындарды ақпараттандыру да ұйымның басты мақсаты болып қала бермек. Бұл мақсатқа жету үшін өңірдегі денсаулық сақтау басқармасы, бейімдеу орталығы және тұрғындармен тығыз бай­ланысты  күшейтпек.

Қысқасы «Белая ромашканың» көздеген мақсаты – туберкулезбен күрес тек дәрігердің ғана емес, барлық адамның ісі екенін түсіндіру. Ерте анықталған ауруды жеңу оңай болғандықтан, туберкулезден айығып шыққандар санын арттыру. Барлық адамға бірдей көмек беріп, ауруды жұқтыру қаупін азайту. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін қоғамды туберкулезге қарсы күрес ай­лығын нәтижелі жұмыспен өткі­зуге шақырады.

А.ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: