Соңғы жылдары жол-көлік оқиғаларының жиілеуі қоғамды алаңдататын өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Автокөлік санының артуы, жол қозғалысы ережелерін сақтамау, көлік жүргізу мәдениетінің төмендігі және жүргізушілердің жауапсыздығы жолдағы қауіптің күшеюіне себеп болуда.
Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі – белгіленген жылдамдықты сақтамау. Кейбір жүргізушілер жол жағдайын, ауа райын және көлік қозғалысының қарқындылығын ескермей, жоғары жылдамдықпен жүреді. Мұндай жағдайда көлік құралын дер кезінде тоқтату немесе қауіпті жағдайдан айналып өту мүмкіндігі төмендейді.
Сонымен қатар, көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану, қарсы бағытқа шығу, бағдаршамның тыйым салатын белгісіне бағынбау, қауіпсіздік белдігін тақпау және мас күйінде көлік басқару да ауыр зардаптарға әкелетін факторлардың қатарында.
Жолдағы қауіп тек жүргізушілерге ғана қатысты емес. Жаяу жүргіншілердің де жол қозғалысы ережелерін сақтауы аса маңызды. Белгіленбеген жерден жолды кесіп өту, жолға кенеттен шығу немесе ұялы телефонға алаңдау адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Жол-көлік оқиғасының салдары бір ғана жүргізушінің немесе жаяу жүргіншінің мәселесі болып қалмайды. Оның артында адам өмірі, отбасының тағдыры, денсаулық пен материалдық шығын тұр. Бір сәттік немқұрайлылық орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін.
Сондықтан жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек полицияның немесе басқа да мемлекеттік органдардың міндеті емес. Бұл – әрбір жол қозғалысына қатысушының ортақ жауапкершілігі. Жүргізуші рөлге отырған сәттен бастап өз өмірімен қатар, жолаушылардың, жаяу жүргіншілердің және басқа да жүргізушілердің қауіпсіздігіне жауапты екенін түсінуі қажет.
Жолдағы тәртіп – қоғам мәдениетінің көрсеткіші. Әрбір азамат жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, өзгенің өміріне құрметпен қараса, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға елеулі үлес қосылады.
Адам өмірі – ең жоғары құндылық. Сондықтан жолға шыққан әрбір адам үшін басты қағида біреу болуы тиіс: жол ережесін сақтау – өз өміріңді және өзгенің өмірін қорғау.
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төраға міндетін атқарушы Д.Алиев
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!