Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аумақтық басқармалар бақылауында 9 балаларды сауықтыру ұйымы бар. Балалардың жазғы демалысы 26 мамырда мектеп жанындағы 264 күндізгі лагерьдің жұмысымен басталды. Аталған лагерьлерде 159 097 бала демалыспен қамтылды.
Бұдан бөлек, 6 маусымдық және жыл бойы жұмыс жасайтын 2 балаларды сауықтыру ұйымдары 1 маусымнан бастап балаларды қабылдап, жұмыс жасауда. Бүгінгі күні 5-ауысым аяқталды. Бұл кезеңде 4 391 оқушы демалыспен қамтылды. Демалыс кезеңінде оқушылар арасында жұқпалы аурулар мен топтасқан тағамнан улану жағдайлары орын алған жоқ.
Тағам қауіпсіздігін қамтамасыз ету, балалар арасында тағамнан уланудың алдын алуда лагерь басшылары, жеке кәсіпкерлер сауықтыру кезеңі ішінде өндірістік бақылау жасауға аккредиттелген зертханалармен өз-өзіне бақылау жүргізуге келісім шартқа отырып, 5 ауысым бойы зертханалық бақылаумен қамтылды. Нәтижесінде микробиологиялық көрсеткіштер бойынша 127 тағам үлгісі, 520 шайынды және 36 ауыз су сынамасы зерттеліп, сәйкессіздіктер анықталған жоқ. Шомылу маусымында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін микробиологиялық, паразитологиялық және санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша 22 су үлгісі, тағамдардың ас құнарлылығына 73 сынама және 17 залалсыздандыру ерітіндісі тексерілді. Барлық зертханалық зерттеулердің қорытындысы талаптарға толық сәйкес келіп, ешқандай сәйкессіздік тіркелген жоқ.
Азық-түлік тағамдарын олардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарымен қабылдануы, ас блогы қызметкерлерінің медициналық тексеруден және гигиеналық оқытудан өткеннен кейін ғана жұмысқа қосылуы, жеке медициналық кітапшаларының жұмыс орнында сақталуы бойынша қатаң талаптар қойылуда.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің 2026 жылғы 8 мамырдағы №60-НҚ бұйрығымен балаларды сауықтыру ұйымдарына арналған үлгілік перспективалық мәзірдің екі нұсқасы бекітілді. Осыған сәйкес Департамент өңірде өндірілетін отандық өнімдердің ассортиментін ескере отырып, тағамдардың құнарлылығын сақтайтын өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Ұсынылған 10 күндік перспективалық мәзір барлық лагерь басшыларымен бекітіліп, бүгінде қолданысқа енгізілген.
Балаларды сауықтыру ұйымдарына тынығушыларды қабылдаудан бұрын облыстағы барлық лагерь аумағына профилактикалық дезинфекция, дезинсекция, дератизация жұмыстары толық жүргізілді және бұл жұмыс әр ауысым сайын жүргізіледі.
Балаларды сауықтыру ұйымдарының қызметкерлері үшін ішек инфекциялары, ботулизм және жаппай тамақтан уланудың алдын алу бойынша санитариялық-ағарту жұмыстары тұрақты жүргізілуде.
Облыстағы қала сыртындағы лагерьлердің санитариялық-эпидемиологиялық жағдайы мен жазғы сауықтыру ұйымдарындағы балалардың жұқпалы аурумен сырқаттанушылығы бойынша апта сайынғы мониторинг жалғасуда.
Е. Ұзақбаев
Қызылорда облысының СЭБД басшы орынбасары
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!