Облыс көлемінде 2026 жылдың І жартыжылдығы қорытындысымен жұқпалы аурулар бойынша тұрақты эпидемиологиялық ахуалы қалыптасты.
Есепті кезеңде жалпы бақылаудағы 94 нозологияның 55 түрі бойынша ауру деректері тіркелген жоқ. 2025 жылмен салыстырғанда 23 нозология бойынша сырқаттанушылықтың төмендеуіне қол жеткізілді, атап айтқанда, көкжөтел – 4 жағдайға, «А» вирусты гепатиті – 5,6 есеге, тұмау – 35 жағдайға, т.б. Бұл ретте профилактикалық екпелердің айрықша маңызын атап өту керек. Соның кезекті дәлелі ретінде жылдың алғашқы айларында қызылшаға шалдығу деректерінің жиі тіркелуіне байланысты іске қосылған қосымша егу науқанының нәтижесінде 5450 адам екпемен қамтылып, қызылша аурушаңдығында төмендеу тенденциясы байқалды. 2026 жылдың алғашқы 2 айында 25 дерек есепке алынған болса, наурыз, сәуір айларында қызылша ауруының бірде-бір дерегі есепке алынған жоқ. Дегенмен иммундаудан бас тартушылар қатары да сиреп жатқан жоқ. Бұл өз кезегінде вакцинамен басқарылатын инфекциялардың әрі қарай жалғасуына өз кері әсерін тигізіп отыр. Облыс бойынша жұқпалы ауруларға қарсы жоспарлы егулерден бас тартқандар саны 2025 жылмен салыстырғанда 1,7% жоғарылады. Вакцинамен басқарылатын жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық екпелермен қамту көрсеткіші облыс бойынша 2026 жылдың 6 айында 32,5% құрап, оптимальды көрсеткіштен төмен болып қалыптасты. Бұл ретте денсаулық сақтау басқармасымен бірге тиісті жұмыстар күшейтіліп отыр. Жыл басынан бері 27 ата-ана екпе туралы көзқарастарын өзгертіп, балалар тиісті екпелермен қамтылды.
Қазақстан Республикасында адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау 11 жастағы қыздарға жоспарлы түрде және 12-13 жастағы қыздар үшін толықтыра иммундау 2024 жылдан бастап жүргізіліп келеді. Бұған қосымша биылдан бастап ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2026 жылғы 13 мамырдағы №7 Қаулысына сәйкес АПВ-ға қарсы вакцинация 14 жастан 17 жас аралығындағы қыздарға ерікті негізде жүргізіле бастады. Есепті мерзімде АПВ қарсы вакцинаны 3771 қыз бала алды.
Аса қауіпті инфекциялық аурулар бойынша айтар болсақ, Қызылорда облысы тұрғындары арасында оба, құтырма, тырысқақ, сібір жарасы аурулары тіркелген жоқ. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының зертханалық жолмен расталған 11 жағдайы анықталды. 1403 тұрғын кене шағу дерегімен медициналық көмекке жүгініп, 14 күн дәрігердің бақылауында болды. Кенелерге қарсы дезинфекциялау шарасының көктемгі маусымы екі кезеңмен сәуір-маусым аралығында қолайсыз деп есепке алынған 74 елді мекенде жүргізілді. Тиімділік көрсеткіші 90-97% құрады.
Бруцеллездің 21 жағдайы есепке алынып, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 6 дерек тіркелді. Науқастардың 42,9 пайызы – ауылдық елді мекен тұрғындары. Барлығы бруцеллез ауруынан қолайлы аймақта тұрады. Бруцеллез жұқтырған науқастармен қатынаста болған 73 адам есепке алынып, лабораториялық жолмен зерттелді, нәтижесі теріс. Ауру ошақтарында қоршаған ортадан 73 сынама алынып, 8-нен (22,9%) «оң» нәтиже анықталды.
Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етудің бір бағыты өнімдер қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу. Есепті мерзімде 58 нысаннан 810 сынама сатып алынып, санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізілді.
Іріктеп алынған өнімдердің басым үлесін, яғни 74,3% тағам өнімдері құрады және 25,7% – тамақ емес өнімдердің үлесінде. Оның ішінде отандық өнімдер – 19,7%, Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше елдерде өндірілген өнімдер – 46,6% және өзге елдерде өндірілгендері – 33,6% .
«Ұлттық сараптама орталығы» Қызылорда облысы бойынша филиалымен жүргізілген сараптамалар нәтижесімен 133 сынама Техникалық регламент талаптарына сай болмай шықты, басым көпшілігі өнімнің таңбалануына қатысты орын алды – 128 сынама.
Техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмеген өнімдер бойынша 35 сауда объектісіне өнімді кері қайтарып алу түрінде жедел ден қою шараларын қолдану туралы қаулылар беріліп, 7,56 кг өнім сатылымнан алынып тасталды.
Өнімді бақылау мақсатында сатып алу қорытындылары бойынша 22 тергеп-тексеру жүргізілді. Тергеп-тексерулер нәтижесімен өнімдерін тауарлық ілеспе құжаттарынсыз сатқан 6 жеке кәсіпкерлік субъектісіне жалпы сомасы 529 812,5 теңге айыппұл салынып, өндірілді.
Ауыз су сапасы да тұрақты бақылауда. Санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг шеңберінде облыс бойынша 2026 жылдың І жартыжылдығында орталықтандырылған сумен жабдықтау объектілерінен микробиологиялық көрсеткіштерге 577 су сынамасы алынып, оның 21-і талаптарға сәйкес келмеді, сай келмейтін сынамалардың үлес салмағы 3,64 пайызды құрады. Ауыз судың санитариялық-химиялық көрсеткіштеріне 581 сынама алынып, оның 40-да сәйкессіздік анықталды, сай келмейтін сынамалардың үлес салмағы 6,88% құрады. Санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздік көбіне құрғақ қалдық, хлоридтер, сульфаттар бойынша нормадан жоғары анықталды.
Бүгінде балалардың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету мақсатында бірқатар кешенді шаралар атқарылуда. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы 2025 жылдың 04 желтоқсанында мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын және балаларды тамақтандыру, орналастыру, медициналық көмек көрстеу, білім беру, тәрбиелеу және сауықтыру салаларында қызмет көрсететін субъектілерге (объектілер) қатысты мелекеттік бақылау мен қадағалаудың ерекше тәртібін енгізетін Заңға қол қойды.
Аталған Заң аясында 2026 жылдың бірінші ақпанынан бастап балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауды күшейтуге бағытталған мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау жүйесінде маңызды өзгерістер күшіне еніп, сәуір айынан бастап медициналық ұйымдарда туберкузедің алдын алу шаралары мен иммунопрофилактика жұмыстарының барысына 529 медициналық мекемеге ерекше бақылау және қадағалау объектісіне бару арқылы мониторинг жүргізілді. Мониторинг қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жою және профилактикалық шараларды жақсарту туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен білім бөліміне ақпарат ұсынылды. Сондай-ақ иммунопрофилактика бағыты бойынша 533 объект мониторингпен қамтылды. Нәтижесінде 441 объектіде иммунопрофилактика мәселелері бойынша кемшіліктер анықталып, 3 объектіге жедел ден қою шаралары қабылданды, 441 обьектіге бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді, бүгінгі күні оның 91% орындалды. Бұдан бөлек, 281 жалпы білім беретін мектеп, 13 мектеп-интернаты мен 279 мектеп асханасына да ерекше бақылау және қадағалау объектілеріне бару арқылы мониторинг жүргізілді. Мониторинг барысында объектілерде орын алған бұзушылықтар бойынша 249 мектепке, 8 мектеп-интернатына және 165 мектеп асханасын жалға алушы жеке кәсіпкерлерге бұзушылықты жою туралы нұсқама берілді. Санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыларының болмауына байланысты 3 мектепке және 27 мектеп асханасына тыйым салу туралы жедел ден қою шаралары қабылданды. 2026 жылдың ІІ жартыжылдығында жүргізілетін жоспарлы тексерулер барысында аталған кемшіліктердің орындалуы қайта қаралатын болады.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аумақтық басқармалар бақылауында 9 балаларды сауықтыру ұйымы бар. Балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі сапалы ұйымдастыру мақсатында Қызылорда облыс әкімдігімен арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, жазғы кезеңде балалардың демалысын, сауықтырылуын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру бойынша өңіраралық штаб құрылды. Осыған сәйкес сәуір айынан бастап облыстық білім басқармасымен бірлесіп, лагерьлердің дайындығына мониторинг жүргізілді. Әсіресе, санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алу, нысандардың талаптарға сәйкестігі және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда.
Зертханалық бақылау аясында лагерьлерден микробиологиялық және санитариялық-химиялық көрсеткіштерге 22 ауыз су сынамасы алынып, сәйкессіздік анықталған жоқ. Шомылу маусымында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында су айдындары мен жабық бассейндерден микробиологиялық, паразитологиялық, вирусологиялық және санитариялық-химиялық көрсеткіштерге 22 су сынамасы, топырақтан 10 сынама зерттеуге алынып, талаптарға толық сәйкес екені анықталды. Маусым бойы су нысандары мен бассейндердің жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізіледі. Барлық лагерь аумағына профилактикалық дезинфекция, дезинсекция, дератизация жұмыстары ауысым сайын жүргізілуде. ҚР ДСМ СЭБК 2026 жылғы 8 мамырдағы бұйрығымен балаларды сауықты орындарына арналған үлгілік перспективалық мәзір бекітіліп, 2 нұсқасы ұсынылған болатын. Департамент тарапынан өңірде өндірілетін отандық өнім ассортименті ескеріліп, тағамдық құндылығын сақтай отырып, үлгілік мәзірге өзгерістер мен толықтырулар ұсынылды. Бұл 10 күндік перспективалық мәзір барлық лагерь басшылығымен бекітіліп, сол бойынша жұмыс жасалуда.
Есепті мерзімде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы бағытында мемлекеттік қызметтің 6 түрі бойынша барлығы 616 өтініш түсті, оның 381-і қанағаттандырылып, рұқсат құжаттары берілді, 235 өтінішке дәлелді бас тартулар ұсынылды, 2 қызмет тоқтатылды, 3 құжат қайта рәсімделді, 29 құжатқа түзетулер енгізілді. Өткен жылдың дәл осы мерзімімен салыстырғанда мемлекеттік қызмет алушылар саны 2 есе артқан.
2026 жылдың 6 айында «E-Otinish» ақпараттық жүйесі арқылы жеке және заңды тұлғалардан 693 өтініш келіп түсті. Түскен барлық жолданымдардың ішінде өтініштер саны – 515 (74,3%), шағымдар – 86 (12,4%), ұсыныстар, хабарлама, сұрау, үн қосу – 92 (13,3%). Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда арыздар саны 38%-ға артқан. Барлық түскен өтініштердің 385-і Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және аумақтық басқармалармен қаралса, басқа органдарға қайта бағытталғандары – 313. Келіп түскен өтініштердің басым көпшілігі, яғни 33,3% – коммуналдық нысандардағы, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласындағы, жеке тұрғын-үйлердегі және т.б. заңбұзушылықтарға қатысты, бөлшек сауда, қоғамдық тамақтану және тағам өнеркәсібі нысандарындағы бұзушылықтарға қатысты – 29,1%, білім беру және тәрбиелеу нысандадардағы заңбұзушылықтарға қатысты – 10,1%, басқа бағыттар – 27,5%. Келіп түскен арыз-шағымдардың барлығы уақытылы қаралып, қолданыстағы заңнамаларға сәйкес жауаптар берілді.
2026 жылдың І жартыжылдығында облыс бойынша барлығы 314 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің: 203-бабының 1-бөлігі бойынша – 10 хаттама, 425-бабының 1-бөлігі бойынша – 293 хаттама, 433-бабының 1-бөлігі бойынша – 11 хаттама.
Сала бойынша 309 айыппұл салынып, олардың жалпы сомасы – 21 160 060,6 теңгені құрады. Салынған 309 айыппұлдың 299 айыппұлы өндірілді.
Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар әрі қарай жалғасады.
Халықтың инфекциялық ауруларға қарсы екпемен қамтылу белсенділігін одан әрі арттыру, облысымыз табиғи ошақ болғандықтан Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы алдын алу шараларын қарқындату, білім беру мен тәрбиелеу объектілерін, қоғамдық тамақтану орындарын санитариялық-гигиеналық талаптарға сәйкестендіру жұмыстарын күшейту, инфекциялық аурулардың алдын алу бағытында халықты иммундауды белсендендіру, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін өнімге қатысты бақылауды күшейту басым бағыттар болып қала береді.
Г. Сыздыкова
Қызылорда облысының СЭБД басшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!