Кәсіптік аурулар – адамның еңбек қызметі барысында жұмыс орнындағы зиянды және қауіпті өндірістік факторлардың ұзақ уақыт әсер етуінен туындайтын денсаулық бұзылыстары. Оларға өндірістік шаң, шу, діріл, химиялық заттар, қолайсыз температура, ауыр физикалық жүктеме және басқа да факторлар себеп болуы мүмкін.
Кәсіптік аурулар бірден байқалмауы мүмкін, сондықтан олардың алдын алу еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі болып саналады.
Аурудың нақты кәсіптік ауру болып табылатынын тек медициналық тексеру және тиісті зерттеу нәтижелері бойынша мамандар анықтайды.
Қандай белгілерге назар аудару керек?
Егер жұмыс кезінде немесе жұмыстан кейін:
- үнемі жөтелу, ентігу;
- тыныс алудың қиындауы;
- естудің төмендеуі немесе құлақтағы шу;
- қол-аяқтың ұюы, жансыздануы;
- буындар мен бұлшықеттердің тұрақты ауыруы;
- теріде бөртпе, қызару немесе қышу;
- бас айналу, әлсіздік;
- жиі бас ауруы;
- жұмысқа байланысты денсаулық жағдайының нашарлауы байқалса, бұл белгілерді елемеуге болмайды.
Маңызды: кез келген ауру кәсіптік ауру болып есептелмейді. Оның жұмыс жағдайымен байланысын дәрігерлер арнайы тәртіппен анықтайды.
Кәсіптік ауруды анықтау үшін адамның денсаулық жағдайы ғана емес, оның еңбек жағдайы да зерттеледі. Қажет болған жағдайда зертханалық және аспаптық зерттеулер жүргізіледі.
Мерзімдік медициналық тексерулер кәсіптік ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік береді. Медициналық тексеруден өту – жай ғана міндет емес, өз денсаулығыңызды бақылаудың маңызды жолы.
Соңғы 5 жылда Қызылорда облысы бойынша кәсіптік ауру бойынша болжалды жағдаймен диспансерлік есепте, 10 мың жұмыс жасайтын халық санына шаққанда, 0,6% адам тұрады. Оның ішінде, 0,06% – құлақ және емізік тәрізді өсінді аурулары, 0,3% – тыныс алу мүшелерінің аурулары, 0,2% – сүйек-бұлшықет жүйесі және дәнекер тін аурулары, 0,06% – созылмалы интоксикациялар құрайды. Соңғы 5 жылда Қызылорда облысы бойынша кәсіптік сырқаттанушылықтың (уланудың) нақтыланған жағдайлары тіркелген жоқ.
Кәсіптік аурудың алдын алуда ең тиімді жол – зиянды фактордың әсерін ерте анықтап, оны төмендету. Ол үшін жұмыс орындарындағы еңбек жағдайын тұрақты бағалау, қауіпсіз еңбек технологияларын енгізу, өндірістік процестерді жетілдіру және жеке қорғаныш құралдарын дұрыс пайдалану маңызды.
Сонымен қатар жұмыскердің өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы да үлкен рөл атқарады. Ол өз тарапынан еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтап, жеке қорғаныш құралдарын – арнайы киім, аяқ киім, қолғап, респиратор, қорғаныш көзілдірігі, құлақты қорғау құралдарын және т.б. дұрыс әрі тұрақты пайдалануы керек.
Есте сақтаңыз: қауіпсіз еңбек жағдайы – кәсіптік аурудың алдын алудың негізі.
Денсаулықты жұмыс орнында қорғау – ортақ жауапкершілік!
Г. Сыздыкова
Қызылорда облысының СЭБД басшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!