«Кешіріңіз, егер Kaspi Red-пен төлесеңіз, тауар бағасына тағы 10-15% қосылады». Күнделікті сауда жасау барысында бұл сөзді бір рет естімеген қазақстандық кемде-кем шығар. Тұтынушы ретінде сіз тауардың баға жапсырмасында жазылған құнды көріп, кассаға жақындайсыз. Бірақ бөліп төлеу картасын шығарған сәтте баға көз алдыңызда өсіп шыға келеді.
Мұндай жағдай тұтынушының қалтасын қағатыны жасырын емес. Тауардың төлем әдісіне байланысты бағасын жасырын өзгертуге жол берілмейді. Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңының 24-бабына сәйкес, сатушы тауардың бағасын теңгемен көрсетуге және оны көрсетілген құн бойынша сатуға міндетті. Ал «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңның 40-бабы 3-тармағында тауарды төлем тәсіліне қарамастан бір бағамен сату қажеттігі көрсетілген. Яғни сатып алушы тауар ақысын қолма-қол ақшамен, банк картасымен, QR-төлем арқылы немесе бөліп төлеу құралының көмегімен төлесе де, сатушы бағаны негізсіз өсірмеуге тиіс.

Мәселен, баға белгісінде тауар құны 100 мың теңге деп көрсетілсе, тұтынушы кассада дәл осы соманы төлеуі керек. Дегенмен бұл мәселенің бір ерекшелігі бар. Егер бөліп төлеуді сатушы өз қаражаты есебінен ұсынса, ол бір реттік төлем мен бөліп төлеу бағасын бөлек көрсетуі мүмкін. Бұл жағдайда екі баға да сатып алушыға алдын ала және анық хабарлануға тиіс. Тұтынушы шарттармен танысып, өз еркімен келіскен жағдайда ғана сатып алады. Ал Kaspi Red+ бойынша талап өзгеше. Kaspi-дің ресми түсіндірмесінде: «Kaspi Red+ арқылы комиссиясыз, пайызсыз және артық төлемсіз 0% бөліп төлеумен сатып ала аласыз. Сондай-ақ тауардың бағасы төлем әдісіне қарамастан бірдей болуы тиіс. Kaspi Red+, Kaspi Kredit арқылы төлеген кезде және акция уақытында бағаны өсіру – Kaspi.kz-пен серіктестік ережелерін бұзу», – деп көрсетілген. Демек, дүкен иесі Kaspi Red+ немесе Kaspi Kredit арқылы төлем қабылдағаны үшін тауардың бағасын көтермеуге тиіс. Сауда санатына және жасалған келісімшартқа байланысты Kaspi серіктесінен алынатын комиссия тауар құнының 3-15 пайызына дейін жетуі мүмкін. Алайда бұл комиссияны тұтынушыдан жасырын түрде қосымша ақы ретінде өндіріп алуға немесе Kaspi арқылы төлегені үшін тауар бағасын қымбаттатуға болмайды. Аты-жөнін жасыруды өтінген дүкен иесі де тұтынушы бөліп төлегені үшін кететін шығынды өз қалтасынан жабуға мәжбүр екенін айтты.
– Біз – ірі супермаркет емеспіз, маржамыз өте аз. Тауардың үстіне қосатын таза пайдамыз 15-20%-дан аспайды. Ал банк Kaspi Red немесе 0-0-12 бөліп төлеу акциялары кезінде бізден 8%-дан 15%-ға дейін комиссия ұстап қалады. Ойлап қараңызшы, мен тапқан пайданың тең жартысын банкке беруім керек пе? Егер мен үстіне пайыз қоспасам, бизнесім шығынға батады. Иә, келісімшарт бойынша пайыз қосуға болмайтынын білеміз, бірақ банктердің комиссиясы тым жоғары. Біз не бөліп төлеуден бас тартуымыз керек, не шығынды амалдап сатып алушыға жүктеуіміз керек. Мәселен, сіз 100 000 теңгенің тауарын Red-пен алсаңыз, егер комиссия 8% болса банк дүкеннің есепшотына 92000 теңге ғана аударуы мүмкін, – дейді кәсіпкер.
Қоғамда «бөліп төлеу жүйесі тауарды қолжетімді етіп, сұранысты арттырады, соның салдарынан инфляцияны шарықтатып жібереді» деген пікір жоқ емес. Алайда экономист Айбар Олжай бұл пікірді жоққа шығарады. Оның айтуынша, бөліп төлеу жүйесі мен инфляция арасындағы байланыс дәлелденбеген.
– Арнайы зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, елдегі жалпы сауда айналымындағы тауарды бөліп төлеудің жылдық үлесі соншалықты жоғары емес. Сауданың жалпы көлемімен салыстырғанда бұл көрсеткіш төмен болғандықтан, бұл қаржылық құралды инфляцияның өсуіне жауапты басты фактор немесе негізгі қозғаушы күш ретінде қарастыру негізсіз, – дейді экономист.

Дегенмен, маман нарықта әлі де шешілмеген түйткілдің бар екенін жасырмайды. Бөліп төлеу жүйесіндегі «жасырын комиссия» немесе жасырын пайыздарға қатысты мәселе әлі де ашық күйінде қалып отыр. Сарапшының пікірінше, дәл қазір бұл нарықтағы ойын ережелері толық нақтыланып, реттелмеген.
Кәсіпкер бөліп төлеу үшін пайыз қосса, не істеу керек?
Сатушы «пайыз қосылады» деген сәтте, баға жапсырмасын суретке түсіріп алыңыз. Сатушының сөзін аудиоға немесе видеоға жазып алу да дәлел болады.
Картадағы банктің қолдау қызметіне хабарласыңыз. Дүкеннің нақты атауын, мекенжайын және жинаған дәлелдеріңізді жолдаңыз.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне e-Otinish порталы арқылы ресми арыз жолдаңыз. Заң бұзған сауда нүктелеріне Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі аясында айыппұл қарастырылған. Қаржылық мәдениет пен құқықтық сауаттылық – сапалы қоғамның негізі.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!