Құрылтай

Сенбі, 15 тамыз, 00:55

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№61 (2273)
15.08.2026
PDF мұрағаты

Әлеуметтік желінің әдебін сақта!

15.08.2026

18 0

«Tik Тok»-қа телінген тәрбие

Бала тәрбиесі жөнінде Абай: «Адамның жақсы болуы тегін­де емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер, білімінде. Адамға адамнан үш алуан мінез жұғады: ата-ана­дан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұға­ды», – деп, осы үшеуінен бала­ның болашағы шешілетінін ескерткен. Ал біздің балаларды теле­фондағы TikТok тәрбиелеуде. Ұрпағымыз телефонға телміріп өсіп келеді. Бүгінде телефонға байланғандардың көбісі  TikТok әлеуметтік желісін қарайды екен.

Еуропалық одақтың алдын ала жүргізген зерттеуі TikТok платформасының балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ЕО талаптарына сәйкес келмейтінін көрсеткен. Осыған байланысты әлеуметтік желіге жыл­дық табысының 6 пайызына дейін айыппұл салынуы мүмкін.

Еуропалық комиссияның мә­лім­деуінше, TikТok-тағы бала­лардың аккаунттары ашық күйде болады. Соның салдары­нан TikТok-та тіркелмеген пайда­ланушылардың өзі кәмелетке тол­мағандардың жариялаған контентін көре алады. Комиссия мұндай мүмкіндік балалардың бейтаныс адамдармен қажетсіз байланыс орнатуына жол аша­тынын атап көрсетті. Бұдан бөлек, Еурокомиссия TikТok ал­горитмінің 16 және 17 жастағы жасөспірімдердің жарияланым­да­рын басқа қолданушыларға белсенді ұсынатынын, сондай-ақ жеке аккаунт­тардың оңай табылуына мүмкіндік беретінін сынға алды.

Қазіргі уақытта барлық мемлекет интернеттегі жү­ген­­сіздікпен күресіп келеді. Бір ел қатаң жазаға басым­дық береді, екін­шісі плат­формалардың жауапкер­­шілігін арт­ты­ра­ды, үш­ін­­шісі ба­лалардың қауіпсіз­дігі мен медиа­сауатқа көбірек көңіл бөле­ді. Зерттеулерге сүйенсек, Авст­ралия  – 16 жасқа дейінгі балалардың  TikTok, Instagram, Facebook, Snapchat және басқа да танымал әлеуметтік желі­лерде аккаунт ашуына және пайдалануына тыйым салған ал­ғашқы ел. Заң 2025 жылдың желтоқсанында күшіне енген. Ұлыбританияның билігі де 16 жас­қа толмаған балаларға әлеу­меттік желілерді пайдалануға тыйым салу туралы шешім қабылдаған. Сонымен қатар 16-17 жастағы жасөспірімдер үшін түнгі уақытта әлеуметтік желілерге қолжетімділікті шектеу жоспар­ланып жатыр екен. Сондай-ақ Франция 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайда­лануға тыйым енгізу бағы­тында жұмыс жүргізіп, қазір тиісті заң жобасын қарастырып жатыр. Осындай зерттеулерден кейін  біздің елде де TikTok-қа телінген тәрбиені тоқтататын кез келген секілді.

Хайптың соңы –

жаза

Бүгінде Ішкі істер министрлігі «Заң мен Тәртіп» қағидатын басшылыққа ала отырып, интер­нет пен әлеуметтік желілерде құқыққа қайшы контенттің та­ралуын анықтау және жолын кесу жұмыстарын жалғастыруда. Қазіргі таңда республика бойын­ша заң талаптарын бұзған 20-дан астам стример жауапкершілік­ке тартылған. Бұл заң талаптары шынайы өмірде де интернет кеңістігінде де бәріне бірдей міндетті екендігінің дәлелі. «Заң мен Тәртіп» – жай ғана ұран емес, әрбір азамат ұстануға тиіс қағи­дат. Ішкі істер министрлігі осы қағидаттың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуді жалғастыруда. Осы мақсатта Қызылорда облыс­тық Полиция департаменті әлеу­меттік желілерге мониторинг жүргізген. Нәтижесінде TikТok-тағы тікелей эфирде бейәдеп сөз айтқан қызылордалық бойжеткен жазаланды. Әлеуметтік желі қол­данушыларының бірі бірнеше мәрте бейәдеп сөздер айтып, қоғамдық тәртіп пен әдеп нор­маларын бұзғанын анықтады. Тексеру нәтижесінде құқық бұзу­шы Қызылорда қаласының 25 жастағы тұрғыны Айғаным Артықбек екені белгілі болған Заң талаптарын бұзғаны үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілік көзделген. Сот шешімімен әкімшілік жауапкер­шілікке тартылып, айыппұл са­лынады. Айта кетейік, полиция интернет кеңістігіндегі құқық­бұзушылықтарды анық­тау жұ­мысы тұрақты түрде жүргі­зіле­тінін еске салды.

Пікірді ойланып жаз

Ауыздан шыққан сөз – адамның ішкі әлемінің айнасы. Яғни, желідегі жүгенсіздіктің артында адамдардың жеке жауап­кершілігі, мәдениеті, тәртібі тұр. Қоғамдағы сөз мәдениеті адамның тәрбиесімен ғана емес, қоғамдық ортадағы мінез-құлық қалыптастырумен де байланысты. Әсіресе, жасөспірімдер TikТok–ты белсенді қолданатындықтан ересектердің бейәдеп жазған пікірлері, айтқан сөздері оларға үлгі болуы мүмкін.

Жақында ғана ақтөбелік емші Бағдагүл Лепесова әкімшілік жауапқа тартылды. Ол продюсер Баян Алагөзова мен журналист Динара Сәтжанға тіл тигізіп 1 милллион 557 мың теңге айыппұл арқалады.

Қазақстандық заң консуль­танттарының палатасы заң кон­­суль­танты Бауыржан Аманбаев­тың айтуынша, әлеумет­тік желідегі сөз еркіндігі жауапкершіліктен босатпайды.

– Қазіргі таңда әлеуметтік желі қолданушыларының ара­сында сөзге жауапкершілікпен қарамау, пікір білдіру барысында бейәдеп және балағат сөздерді қолдану жиі кездеседі. Алайда «TikTok» немесе басқа да онлайн-платформа заңнан тыс кеңістік емес. Егер бейәдеп сөз нақты бір адамға бағытталып, оның абыройы мен қадір-қасиетін әдепсіз түрде кемсіту сипатында болса, мұндай әрекет қорлау ретінде бағалануы мүм­кін. Заңда қорлаудың онлайн-платформалар арқылы жасалған түріне де жауапкершілік көз­делген. Ал сөз нақты бір адамды қорлауға бағытталмай, қоғамдық тәртіпті бұзатын си­патта болса, істің мән-жайына қарай әкімшілік жауапкершілік мәселесі туындауы мүмкін. Енді қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларды қорлау және қоғамдық тәртіп пен тыныштықты бұзатын басқа да әрекеттер ұсақ бұзақылық ретінде қарастырылған. Сон­дық­тан әлеуметтік желі қолда­нушылары «пікір жаздым», «экранның ар жағында отырмын» деп өз әрекетін жеңіл бағаламауы керек. Пікірдің нақты кімге бағытталғаны, оның мазмұны және қандай жағдайда жазылға­ны құқықтық баға беру кезінде маңызды. Сөз еркіндігі – адамның өз ойын білдіру құқығы. Бірақ ол басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға құқық бермейді. Сондықтан «TikTok-та» пікір қалдырғанда да заң талаптарын сақтап, сөз мәдениетіне мән берген жөн, – дейді заңгер Бауыржан Аманбаев.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: