Гүлмира Абызбекова, химия ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі Толыбек Қуанышбаев атындағы химия-биологиялық зерттеулер ғылыми-білім беру орталығының бас ғылыми қызметкері:
Жақында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ғалымдарының жаңа ғылыми жобасы көпті елең еткізді. Ғалымдар қойдың құйрық майынан крем жасапты. Кәдімгі қойдың құйрық майы. Бала кезімізден әлі күнге дейін өмір салтымыздан ажырамаған май. Ауырсақ та, тіпті бала ауырса да емге шипа, әр қазақтың үйінен табылатын май десек артық айтқандық емес. Енді қойдың құйрық майынан жасалған кремді қолданбақпыз. Бұл – университеттің Толыбек Қуанышбаев атындағы химия-биологиялық зерттеу ғылыми-білім беру орталығының қолданбалы ғылыми зерттеуі нәтижесінде жасалған алғашқы табиғи органикалық өнім. Ғалымдардың жаңалығын оқырманға жеткізуге асықтық. Осы орайда, химия ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі Т.Қуанышбаев атындағы химия-биологиялық зерттеулер ғылыми-білім беру орталығының бас ғылыми қызметкері Гүлмира Абызбековамен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Гүлмира Мыңбайқызы, қойдың құйрық майынан ылғалдандырғыш крем жасау идеясы қалай туды, зерттеуге қанша уақыт кетті?
– Бұл – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі Т.Қуанышбаев атындағы химия-биологиялық зерттеулер ғылыми-білім беру орталығының аға ғылыми қызметкерлері – химия ғылымдарының кандидаты Гүлжан Балықбаева мен биология ғылымдарының кандидаты Райхан Жандаулетованың жетекшілігімен жүзеге асқан зерттеу жұмыстарының нәтижесі. Бұл идеяның тууына екі негізгі фактор әсер етті. Біріншісі – өңіріміздің қатал климаттық ерекшелігі. Сыр өңірінде қыс аязды әрі желді, жаз ыстық әрі құрғақ. Мұндай ауа райы теріні қатты құрғатып, жарылу мен тітіркенуге әкеледі. Екіншісі, біздің ғылыми-білім беру орталығымыздың зерттеу бағыттарының бірі – қазақ халқының этнохимиялық тәжірибелерін білім беру процесіне интеграциялау және этнохимиялық өнімдер жасау. Біз қазақ халқының этнохимиялық тәжірибесін, яғни ата-бабамыздың тұрмыста қолданған табиғи шикізаттарды өңдеу, сақтау және пайдалану тәсілдерін ғылыми тұрғыдан жүйелі зерттеумен айналысамыз. Халқымыз ежелден қойдың құйрық майын тері күтімінде, үсікке, жарыққа қарсы кеңінен қолданған. Бірақ бұл білім ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткенімен, ғылыми негіздемесі жасалмаған еді.
Осы екі бағыттың тоғысқан тұсы – біздің жобамыз. Яғни, біз бір жағынан өңір тұрғындарының мәселесін шешуді, екінші жағынан қазақ халқының этнохимиялық тәжірибесін заманауи ғылыми деңгейде дәлелдеп, білім беру процесіне енгізуді және нақты өнімге айналдыруды мақсат еттік. Бұл крем сол үлкен ғылыми-зерттеу бағыттың алғашқы тәжірибелік нәтижесі деуге болады.
Зерттеу жұмыстарына шамамен 2-3 жыл уақыт кетті. Бұл уақыт ішінде біз шикізатты өңдеуден бастап, оның биологиялық белсенділігін дәлелдеуге, оңтайлы құрам табуға және өнімді қауіпсіздік сынағынан өткізуге дейінгі барлық кезеңді жүргіздік.
– Біз крем таңдағанда өңірдің климатына сай келетін, ылғалдандырғыш кремге назар аударатынымыз белгілі. Бұл кремнің ерекшелігі неде?
– Дәл солай, климатқа бейімделу – ең басты ерекшелік. Біз шетелдік жеңіл лосьондар емес, Сыр өңірінің ауа райына төтеп беретін өнім жасадық. Бұл кремнің басты айырмашылығы – ылғалдандырып ғана қоймай, тері бетінде жұқа, бірақ «тыныс алатын» қорғаныш қабатын құрайды. Яғни, терідегі ылғалды сыртқа шығармай, ішінде бекітеді. Аязды жел мен құрғақ ауа теріге тікелей әсер ете алмайды. Бұл – әсіресе ашық далада, шаң мен желде жұмыс істейтін адамдарға өте қажет.
– Сонда қойдың құйрық майының пайдасы көп болып тұр ғой?
– Иә, қойдың құйрық майы – нағыз табиғи қазына. Оның құрамы адам терісінің май қабатына өте ұқсас, сондықтан тері оны «өзінікі» ретінде қабылдап, жақсы сіңіреді. Құрамында А, Д, Е, К дәрумендері бар. Әсіресе, конъюгацияланған линол қышқылы (CLA) деген зат бар, оның қабынуға қарсы және теріні қалпына келтіретін қасиеті өте күшті. Сондықтан бұл май тек ылғалдандырып қана қоймай, жарылған, тітіркенген теріні де емдеуге, қалпына келтіруге көмектеседі.
– Қойдың құйрық майы тез тоңданып қалатыны белгілі…
– Өте орынды сұрақ. Иә, таза қой майы бөлме температурасында қатып қалады, оны күнделікті қолдануға ыңғайсыз. Біз бұл мәселені шешу үшін құрамына жүзім тұқымының және аз мөлшерде эфир майын қостық. Жүзім майы – өте жеңіл, сұйық. Ол қой майының балқу температурасын төмендетіп, кремнің бөлме температурасында жұмсақ әрі жағуға оңай болуына әсер етеді. Нәтижесінде кремді тоңазытқышта сақтамай-ақ, кез келген уақытта пайдалануға болады.
– Өнімнің пайдасы мен қауіпсіздігі туралы айтсаңыз…
– Біз үшін қауіпсіздік – ең бірінші талап. Өнімнің қауіпсіздігі Алматы қаласындағы «Текс» ЖШС сынақ орталығының аккредиттелген зертханасында арнайы сараптамадан өтті (№009ПК/170323/1 хаттамасы). Зерттеу нәтижесінде:
– Мышьяк, сынап, қорғасын сияқты улы заттар табылмады;
– Микроорганизмдер мен бактериялар анықталған жоқ;
– Теріні тітіркендірмейді, аллергия тудырмайды, pH көрсеткіші (6,1) терінің табиғи қалпына толық сәйкес келеді.
– Ғылыми жобаға патент алдыңыз. Әрі қарай қандай жұмыс күтіп тұр?
– Патент – бұл біздің зияткерлік еңбегіміздің қорғалғанын білдіреді, бірақ бұл соңғы нүкте емес. Қазір біз осы өнімнің құрамын жетілдіру, өнімді коммерцияландыру кезеңіне дайындық үстіндеміз. Алдағы уақытта шағын тәжірибелік партияны шығару, өндірістік серіктес табу, қажетті сертификаттарды алу және маркетингтік стратегия әзірлеу жоспары бар. Ең бастысы, зертханадағы формуланы үлкен көлемде тұрақты қайталай алатын технологиялық регламентті бекіту. Бұл – үлкен жауапкершілік әрі уақыт қажет ететін кезең.

– Бір өкініштісі, кейде ғылыми жаңалықтар жоба күйінде өндіріске енбей, қалып қойып жатады. Соңына дейін жеткізу үшін не істеу керек?
– Бұл – өте өзекті мәселе. Ғылыми жаңалықтың өндіріске енбей қалуының басты себебі – ғылым мен бизнес арасындағы байланыстың жоқтығы. Ғалым зерттеу жасайды, бірақ оны нарыққа шығару – бөлек бір жауапты кезең. Соңына дейін жеткізу үшін, біріншіден, ғалымның өзі кәсіпкерлік саласын үйренуі қажет немесе қасында бизнесті түсінетін серіктес болуы керек. Екіншіден, мемлекет тарапынан инновациялық жобаларды қолдайтын нақты қаржылық тетіктер, яғни гранттар мен жеңілдетілген несиелер көбірек болуы қажет. Үшіншіден, ғылыми нәтижені тәжірибелік өндірісте сынап көруге мүмкіндік беретін шағын инновациялық алаңдар керек. Біздің жоба да осындай қолдауды қажет етіп отыр. Егер осы үш буын дұрыс жұмыс істесе, ғылыми жаңалықтар қағаз жүзінде қалмай, халыққа қызмет ететініне сенеміз.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан Гүлмира МАҒЛҰМҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!