Құрылтай

Сенбі, 15 тамыз, 00:55

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№61 (2273)
15.08.2026
PDF мұрағаты

Мерейлі отбасы – ұлағат ұясы

15.08.2026

17 0

Отбасы – мемлекетіміздің іргетасы. Отбасы – адам баласының өсіп-өнер,  қанат жайып, түлеп ұшатын алтын ұясы. Адам бойындағы мейірімділік пен адалдық, адамгершілік пен тектілік  отбасындағы тәрбиеден бастау алады. Отбасы жеке құндылықты қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы, әр үйде адам санасына ұлттық құндылыққа деген көзқарасты, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты, даналық сөзді, тәрбиенің жоғарғы үлгісін сіңіретін де отбасы. Отбасы құндылықтарын жаңғыртуға, үлгілі отбасы иелерінің өнегелі өмірін насихаттауға, шығармашылығын шыңдауға бағытталған «Мерейлі отбасы» байқауы биыл да өз жалғасын тапты.

Отбасы институтын нығайту, ұлттық құндылықтарды ұлықтау мақсатында ұйымдастырылатын дәстүрлі «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының қорытындысымен Қызылөзек ауылдық округінің тұрғындары Бодановтар отбасы І орын иемденіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Бодановтар отбасы ұлттық құндылығымызды сақтап, дәстүрімізді дәріптеп, ата-ананы сыйлаудың озық үлгісін көрсетіп келе жатқан берекелі шаңырақ.  Қасиетті қарашаңырақтың отағасы Қалыбай Боданов 1947 жылы Қараөзек ауылында дүниеге келген. 1969 жылдан туған ауылында ұзақ жылдар механизатор болып, адал еңбектің жемісін көріп, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеген абыройлы жан. Ел арасында шешендігімен, даналығымен және батагөйлігімен құрметке бөленген. Зейнетке шықса да зеректік қасиетімен ерекшеленіп, облыстық, қалалық, аудандық бата беру сайыстарында жеңіс тұғырынан көрініп, ел ықыласына бөленген қария.

Берекелі шаңырақтың отанасы Патыма Сансызбаева 1954 жылы Асқар Тоқмағанбетов ауылында өмірге келген. Еңбекке ерте араласып, 1970 жылы Қараөзек ауылдық ауруханасында аспаз, тазалықшы  болып еңбек еткен. Өз ісіне ұқыпты, айналасына мейірім шуағын төгіп жүретін отанасының он саусағынан өнері тамған хас шебер екенін ауылдастары жиі айтады. Қыз жасауын әзірлеп, сырмақ сырып, көрпе тігіп, бесік жабдығын тігумен айналысады. Шебер ана жасаған қолөнер бұйымдары әр үйге береке, отауға сән береді.

Бодановтар отбасындағы берекелі шаңы­рақта жеті бала қанаттанып, түрлі салада еңбек етуде. Алтын діңгекті отбасынан атасы мен әжесінің  тәлім-тәрбиесінен нәр алып, 28 немере мен 17 шөбере  ер жетіп, әулеттің мерейін өсіріп келеді.

Г.АСҚАРҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: