Бүгін орталық алаңда аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай мерекелік іс-шара өтті.

Шара барысында аудан басшысы жастар саясатының маңызына тоқталып, жас буынға жасалып жатқан қолдау мен мүмкіндіктерді атап өтті.

– Жастық – адамның арманын ақиқатқа айналдырып, алға ұмтылып, биік белестерді бағындыратын ең жалынды шағы. Ал ел жастарының жігері мен талабы – мемлекеттің қуаты, қоғамның жаңаруы мен ел болашағының берік негізі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Тәуелсіздігімізді нығайтып, елімізді одан әрі өркендету – қазіргі ұрпақтың қасиетті борышы. Сондықтан біз Сіздерге зор үміт артамыз» деп атап өткен болатын. Бүгінде аудан халқының 31 пайызын жастар құрайды. Бұл жастар саясатына артылатын жауапкершіліктің де, жас буынға деген сенімнің де айқын көрсеткіші. Ауданымызда «Руханият» орталығы ашылып, жастардың рухани және мәдени дамуына жаңа мүмкіндік берілді. Орталықта ардагерлер ұйымы, кітапхана, архив және музей орналасқан. Бұл нысан жастардың аға буынмен байланысын нығайтып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға, тарихи-мәдени құндылықтарды танып, білімін жетілдіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жастарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке тарту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Сырдариялық жастар ауданның қоғамдық-әлеуметтік өміріне белсенді араласып, мемлекеттік қызмет, білім мен ғылым, мәдениет пен спорт, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы салаларында өздерінің білім-білігі мен қабілеттерін көрсетіп келеді. Баршаңызды Халықаралық жастар күнімен құттықтай отырып, зор денсаулық, қажымас қайрат, шығармашылық шабыт және толағай табыс тілеймін. Жастар – елдің ертеңі, қоғамның қозғаушы күші. Сіздердің білімдеріңіз бен біліктеріңіз, бастамаларыңыз бен еңбекқорлықтарыңыз ауданымыздың одан әрі дамуына серпін береді, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Мерекелік шара аясында қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан, түрлі салаларда жетістіктерге жеткен бірқатар жас облыс, облыс әкімі орынбасары және аудан әкімінің, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының «Алғыс хатымен» марапатталды.

Мерекелік іс-шара жастар құрметіне мерекелік концертке ұласты.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
