Бүгін Қазалы ауданында 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай «Жастар – елдің ертеңі» атты мерекелік шара өтті.
Әйтеке би кентіндегі Орталық алаңда ұйымдастырылған мерекелік кешке аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, аудан жастарын айтулы мерекемен құттықтады.

– Жастық шақ – адамның арманға қанат қағып, биік мақсаттарға ұмтылатын, білім алып, ізденіп, өз мүмкіндігін барынша танытатын ең ерекше кезеңі. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев – «Жастар қашанда және қай кезде де өзгерістің басы-қасында жүреді. Бүгінде жастардың өздерін танытуына мүмкіндік мол. Озық ойлы жастардың қоғам өміріне белсене араласуы, білімпаздығы, еңбек етуге және өзін-өзі дамытуға құштарлығы қуантады. Өйткені еліміздің бүгіні де, ертеңі де – сіздер», – деп, жастарға үлкен сенім артқан болатын. Бүгінде Қазалы ауданында 23 554 жас бар. Бұл аудан халқының 29,7 пайызын құрайды. Жыл басынан бері жастардың қатысуымен 80-нен астам іс-шара ұйымдастырылып, оған 3 700-ге жуық жас қамтылды. Ауданда жастардың білім алып, кәсіби дамуына, спортпен және шығармашылықпен айналысуына қолайлы жағдай қалыптастыруға ерекше мән берілуде. Президентіміздің, Үкіметтің, облыс әкімінің қолдауымен аудан орталығында жастардың сүйікті орындарының біріне айналған Қазалы мәдени-демалыс кешені пайдалануға берілді. Ал өткен жылы ашылған «Руханият» орталығы жастардың интеллектуалдық, мәдени және рухани дамуына жаңа мүмкіндік сыйлады. Бұдан бөлек биыл Әйтеке би кентінде, Бекарыстан би және Қожабақы ауылдарында заманауи спорт кешендері ел игілігіне берілді. Елдің дамуына үлес қосатын үлкен істердің бастауында жастардың тың идеялары мен батыл бастамалары тұр. Туған жердің абыройын асқақтатып, ел сенімін ақтап, ата-баба аманатына адал болыңыздар! Әрбір бастамаларыңыз берекелі болып, білім жолындағы ізденістеріңіз бен еңбектеріңіз жемісті болсын! Мерекелеріңіз құтты болсын, – деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.

Мерекелік шара барысында ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, жастар саясатын дамытуға, тың бастамалар мен игі жобаларды жүзеге асыруға үлес қосып жүрген бірқатар белсенді жастар облыс және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Сондай-ақ Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылған апталық іс-шаралар қорытындысы бойынша жоғары жетістіктерге жеткен жастарға арнайы марапаттар мен сыйлықтар табысталды.
Мерекелік кеш аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Кештің арнайы қонағы, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Ернар Амандық ән шырқап, қазалылықтарға керемет көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Жастардың жалынды энергиясы мен жарқын көңіл-күйіне толы мерекелік кеш отшашумен қорытындыланды.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
